Қарағандылық суретші, мүсінші Игорь Баграмов Костенко шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің құрметіне қойылатын мемориалдың жобасын былтыр бастаған еді. Жоба дайын болғанда әзірлемені қаза тапқандардың отбасыларына көрсеткен.
Орталық саябақтағы еңселі ескерткішті Игорь Баграмов өзінің мүсінші әріптесі Тарас Кишкаревпен бірге жақында ғана аяқтады. Биіктігі – 3 метр 20 сантиметр. Ескерткішті 2006 жылы қаза тапқан кеншілердің құрметіне орнатылған гранит ескерткішінің жанына қойған.
«Ескерткішке апаратын шағын жол бар. Тұғыры қара граниттен жасалған және мұнда бірінші ескерткіш сияқты, қаза тапқан барлық 46 кеншінің аты-жөні ойылып жазылған. Бетоннан жасалған мүсін – алысқа көз тастап тұрған қарапайым кеншінің бейнесі», дейді И.Баграмов.
Костенко шахтасының жанында орналасқан үш метрлік мемориалдың қаңқасы металдан. Ескерткіштің негізгі материалы – габбро тегістелген қара гранит. Гранитке қаза тапқан кеншілердің есімдері мен апат күні қашалып жазылған. Ескерткіштен кенжарға кіреберісті көрсететін жартылай дөңгелек доғасы бар қабырғаны көруге болады. Шахтаға кіріп бара жатқан кеншілер бейнелері бірте-бірте бұлтқа сіңгендей.
Мемориал қабырғасында жарықшақ қайғы мен шерді сезіндіреді. Ескерткіштің екінші жағында кеншінің баскиімі қашалып салынған. Айналасына гүлдер егіліп, жан-жағы абаттандырылған. Жарық шамдары мен тағзым жасаушыларға орындық қойылған. Бұған қоса ескірткішті айналдыра қаза тапқан кеншілер санына сәйкес 46 жас қайың егілді.
«Ескерткіш алаңына тастөсем төселді. Шағын қоршаумен қоршалды. 340 шаршы метр аумақ жауын-шашын суы жиналмайтындай, көлбеу жерде орналасқан. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар, яғни арбадағы адамдар да келе алатындай ыңғайлы етіп жасалған. Қазір жарықтандыру тіректері үшін электр қуатын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы атқарылар жұмыс – көгалдандыру. Алдағы бірнеше күнде аумақты абаттандыру аяқталады», дейді мүсінші.
Өткен жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Бұл екі бірдей ескерткіш – солардың рухына жасалған тағзым.
Қарағанды облысы