Еңбек • 20 Шілде, 2024

Атадан қалған жақсы жол

266 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың алғашқы металлургтері ұлт өндірісінің қара ­ша­ңырағы – Қарсақбайда өсіп, жетілді. Солардың бірі Қойшы­бек Доспанов еді. Ол кісі туралы «еді» деп сөйлеуге мәж­бүр­міз. Өйт­кені ол 2017 жылы 89 жасында бақилық болды. Бірақ со­ңына жақсы жол, өшпес із қалдырып кетті. «Адам ұрпа­ғы­­мен мың жасайды» депті Лұқпан хакім. Әрине, саналы ұр­па­ғы болса...

Атадан қалған жақсы жол

Соғыс басталғанда Қойшыбек 13 жас­та еді. Сол жылы әкесі Әлмағанбет қайтыс болды. Анасы Әлиманың бар сүйенері өзі болып қалды. Қарсақбай мыс зауытының теміржол цехына жұмыскер болып қабылданды. Таңертең ерте тұратын да, мектепке інісін арқалап апарып, жұмысына асығатын. Сонда күнұзақ титың­дап жүргенде табатын табысы – 400 грамм қара нан. Дегенмен еткен еңбегі ескерусіз қалмады. 1946 жылғы 15 желтоқсанда Жез­қазған аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Маслюковтың қолынан «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін» медалін алды. Бұл оның ең алғашқы марапаты болатын.

Еңбек оны осылайша ерте есейтті. 1952 жылы ол зауыттың металлургия цехына ауыс­ты. Шихта тиеуші, горновой, балқытушы болды. Жұмысты жанын салып, беріле істеді. 1975 жылы Жезқазған мыс зауытына келіп, зейнет демалысына шыққанша 8-санаттағы аға балқытушы болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен, тағы басқа бірнеше медальмен марапатталды. КСРО-ның Құрметті, ал ҚазКСР-інің еңбек сіңірген металлургі атанды. Мұның бәрі де ештеңе емес. Ол соңына атына кір келтірмейтін, нанын адалынан жегенді бәрінен артық санайтын ұрпақ тәрбиелеп өсіргенін өзіне өмірлік мақтаныш тұтып кетті. Бәйбішесі Бәтима екеуі оннан аса бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де әкенің сөзін жерге тастамады, ананың алдын кесіп өтпеді.

Қазір Қойшыбек ақсақал да, Бәтима ана да өмірде жоқ. Бірақ олардың өнегелі ғұмырлары ұрпағы арқылы жалғасын тауып жатыр. Доспановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 400 жылға жуықтап қалыпты. Және бір ғажабы олардың басым көпшілігі – қарапайым еңбек адамдары. Солардың ішінде төрт бірдей ұлы еңбектегі бақытын әкелерінің ізі­мен металлургия саласынан тауып­ты. Олар – Әбдірашит, Нұрлан, Рамазан, Рахымжан. Бұлардан бөлек, Қойшыбек ақсақалдың інісінің ұлы Талғат та, тіпті күйеу баласы Серік те, нағашысына тартып туған Ескендір де мыс зауытынан табылды. Өкінішке қарай, Талғат өткен жылы өмірден өтіп кетті.

Әбдірашит металлург болу­дың жеңіл соқпайтынын жақсы білді. Өйткені әкесінің кезекті ауысымнан келген сәтіне сан рет куә болып өсті ғой. «Әкем көтерген ауырлықтан бойымды аулақ салсам кім болғаным?». Мамандық таңдауға келгенде осындай ойға табан тіреген ол әскерден келісімен мыс зауытына барды. Бұл 1985 жылдың 1 ақпаны болатын. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өте шығыпты. Қазіргі кезде ол – балқытушылар бригадирі. Бұл цехта температура кейде 1 400 градусқа дейін жетеді. Оттың ортасында жүріп, ел байлығын еселеуге үлес қосу – нағыз ерлік. Ол – Жезқазған мыс зауытынан «Еңбек даңқы» медалінің толық иегері атанған алғашқы металлург.

Өмірінің жартысын осындай оттың ортасында өткізіп келе жатқан Әбдірашит – отбасында адал жар, өнегелі әке. Зайыбы Бибігүл – Жезқазған қаласындағы №10 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Олардың Дина, Әлия, Салтанат есімді қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, отбасын құрып, бір-бір үй болып отыр. 2023 жылы Әбдірашит пен Бибігүл бас болып Доспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауына қатысты, сөйтіп респуб­ликалық деңгейде лауреат атанды.

Әбдірашиттің қос інісі Рамазан мен Рахымжан да – өзі іспетті балқытушылар. Ал тағы бір інісі Нұрлан анод бөлімшесінде 30 жылдан аса кран машинисі болып келе жатыр. Олар да еңбекте әрқашан тындырымды істерімен жүрген ортасында абыройлы, беделді азаматтар. Айталық, Рахымжан – III дәрежелі «Еңбек даңқы» медалінің иегері. Ол жұмыстан тыс уақытта жүзу спортымен айналысқанды ұнатады. Қалалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Доспановтар әулетінен білім, кәсіп­керлік, т.б. салаларда жүр­гендері қаншама? Тек «Қазақ­­мыс» корпорациясына қарас­­ты өндіріс саласында ғана осы әулет­тің 10-нан аса өкілі бар екен.

Қазақ баланың санын айт­қанды ұната қой­майды. Қой­шы­бек ақсақал мен Бәтима ана­ның онның үстіндегі ұл-қыздарынан бүгінде 40-тан аса немере, 30-ға жуық шөбере бар екен. Тіпті шөпшектер де өмірге келе бас­тап­ты. Құдайдың бергені деген осы. Атадан қал­ған жақсы жолды ертеңге жалғайтын солар ғой.

Жезқазған