Экономика • 20 Шілде, 2024

Қазандық жайынан хабардар болыңыз!

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Электр энергетикасы инфрақұрылымының тозуы елімізді талайдан толғандырып келеді. Ескірген электр стансалары толық қуатта жұмыс істей алмай, жиі істен шығып жатады. Апатты жағдайдағы электр мен жылу желілері тасымалданатын энергияның шамадан тыс жоғалуына да себеп. Проблеманың бір шешімі «Тарифті инвестицияға ­айырбастау» тетігін тиімді жүзеге асыру болуға тиіс.

Қазандық жайынан  хабардар болыңыз!

Жылу энергетикасы нысан­­дарындағы бірнеше апат елдегі коммуналдық инфра­құрылымды жаңартудың өзектілігін алақан­дағыдай көр­сетіп берді. Электр станса­ларының орташа ескіруі 56 пайызға жетсе, жылу электр орталықтарының жай-күйі одан да нашар. Жылу желілерінің ішкі бөлігі 70-80 пайызға тозған. Сол секілді электр желілерінің 65 пайызға тозуы еліміз бо­йынша электр энергиясының едәуір шығынына орта есеппен 12 пайыз жоғалуына әкеледі. Мамандар бұл тұста мән беретін бір фактор реактивті қуаттың бақылаусыз ағыны екенін айтады. Реактивтің өзі нақты бір жерде бірден пайдалануға жататын энергия жүйесіне қажетті құрам. Тұтынушы болмаған жағдайда реактив жалпы энергия жүйесіне бейберекет тарап кетпей, өзі өндіріліп шыққан торапта өтелуі қажет. Халыққа сапалы қызмет көрсету осы түйткілді бір жағына шығарумен, оның ішінде иесіз желілерді ретке келтірумен, салаға жоғары білікті мамандар тартумен тікелей байланысты. Сондықтан елде жүзеге асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» бағдарламасы 2029 жылға дейін электр, жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру инженерлік желілерін жаңғыртуға ауқым­ды инвес­тициялар тартуды көздейді. Коммуналдық кәсіпорындарға қызмет құнын арттыруға рұқсат беріледі, ал олар алынған қосым­ша кірісті инфра­құ­ры­лымды жаңартуға инвестициялайды.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған осындай ауқымды үдерісті бақылауға азаматтар да мүдделі болатыны заңдылық. Осы орайда сарап­шылар бағдарлама халық­қа ашық, тариф түзілімі әділ, тү­сі­нікті болуы керек деген пікірде.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, тарифтердің көте­рілуіне байланысты электр стансалары мен электр желілері компаниялары алатын қара­жат жаңа энергетикалық қазан­дықтар, желілер салуға, басқа да қажеттіліктерге жұмсалып жатқанына көз жеткізу қажет.

«Соңғы 1-1,5 жыл ішінде тариф қарқынды өсе бастады. Бұл энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифінен және 1 кВт/сағ үшін 10-12 теңге деңгейіне жеткен электржелілік компаниялардың тарифінен байқалады. Бір жарым жыл ішінде электр энергиясын беру тарифтері жекелеген жағдайларда 2 есе өсті. Энергия өндіруші ұйымдардың тарифін алсақ, осы уақытқа дейін біз олардың шығындарының дұрыстығын растайтын бірде-бір сметаны көрген жоқпыз. Барлық энергия өндіруші ұйымдардың тарифін Энергетика министрлігі бекітеді. Бұл ретте бекітіл­ген тарифтер бойынша жария талқылау мен пікірталас жүргізілмейді. Энергия беруші ұйымдардың тарифі қоғамдық тыңдауды қарастырса да, бізде бұл тарифтердің қаншалықты ашық игерілетіні туралы ақпарат жоқ. Желілерді жаңартуға, инфрақұрылым нысандарына қанша қаражат салынып жатқаны белгісіз», дейді ол.

Сарапшының мәлімдеуінше, сол жөндеулерде өнімсіз шығын­дар, жосықсыз үстемелер өте көп. Мысал ретінде 2 жыл бұрын құлаған Петропавл ЖЭО құбырын келтіруге болады. Оның орнына тұрғызыла бастаған жаңа құбыр белгілі бір биіктікке көтерілді де, осьтен ауытқып кетті. Сөйтіп, құбырды бұзуға тура келді. Енді құбырды қайта салу үшін жаңа мердігер іздестіріліп жатыр. Яғни нарықта тиісті құзыреті бар компаниялар жоқтың қасы деген сөз. Олардың тапшылығы жобаларды іске асыру барысында көлденең шығып, жөндеу мерзімдерін кешіктіруге әкеледі. Сайып келгенде, бұл энергетикалық инфрақұрылымның тозу мәсе­ле­сін шешуге арналған жалпы іс-қимылды тежейді.

Осы мәселелерге байла­ныс­ты жуырда ресми портал­да жа­­рияланған петиция­да энер­ге­тика саласын бәсе­кеге қабі­летті ету және тариф­терді қа­лып­тастырудың ашық­тығын арттыру талап етілді. Авторлар энергиямен жабдықтау тариф­те­рін халық бақылауға тиіс екенін, өңірлерде азаматтардың өздері тарифтерді қалып­тастыру үдерісіне қатысуы және тұтынушылардан алынатын қаражаттың игерілуін қадағалауы үшін тарифтер бойынша кеңестер құру қажеттігін атап көрсеткен. Сонымен қатар олар энергиямен қамтамасыз ету нарығында бәсекелестікті қалпына келтіруді, барлық өңірлік ЖЭО-ларды мемлекетке қайтаруды ұсынып отыр.