Экономика • 20 Шілде, 2024

Жеке тұлға банкроттығы заңы қалай өзгереді?

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырдан бері қолданысқа енгізілген жеке тұлғаның банкрот атануына мүмкіндік беретін заң нәтижесінде елімізде 12 мыңнан астам адам банкрот мәртебесін алған. Дегенмен бұл – бүкіл өтініш берушінің 15 пайызынан да аз көрсеткіш. Қазіргі уақытта жалпы қарыз көлемі 25 млрд теңгеден асады.

Жеке тұлға банкроттығы заңы қалай өзгереді?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекеттік кірістер коми­тетінің хабарлауынша, банкрот атануға қатысты үдеріс кезінде мақұлдау алмаудың бір себебі – қарызды реттеу бойынша жүргізілген шаралар туралы құжаттың жоқтығы. Енді аталған талап алынып тасталуы мүмкін. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, қазір банкроттық үдері­сін қиындататын талаптарды жою мәселесі қарас­тырылып жатыр.

«Жеке тұлға ешқандай ар­тық әре­­к­етсіз өтінім бере алады. Со­лай оңтайлы болмақ. Соны­мен қатар заңнамалық деңгейд­­е­ тұ­ты­нушылық несие түсінігін ен­гі­зу ұсынылып отыр. Сондай-ақ банктер үшін сома 5 млн теңгеден ас­са, микроқар­жы ұйымдары үшін сома 3 млн теңгеден асса, он­дай несиелерді берілмейтін ете­тін тетік енгізіл­мек. Өзгертулер тө­лем қабілетін қалпына келтіру про­це­ду­расына да қатысты», дейді министр.

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сейсембаева да банкроттық мәселесінде ыңғайлы өзгерістердің болатынын айтады.

«Егер қазіргі күнде төлем қабі­летін қалпына келтіру үдерісі қарыз берешегінің төленбегеніне бір жылдан асқан азаматтарға ғана қолданылса, ендігі өзгерістер бұл норманы біраз жақсартпақ. Несие төлемдері бойынша проблема туындаған жағдайда олар 12 айды күтпей-ақ, осы үдеріске жүгіне алады. Яғни кредитормен реттеу үдерісі төлем қабілетін қалпына келтіру үдерісі аясында жүргізіледі. Сондай-ақ бұған дейін азаматтың шетелге шығуына ты­йым салынса, енді бұл шектеу де алынып тасталады», дейді.

Маманның айтуынша, бұл шара­­лардың бәрі несие­леу кезін­­­дегі тәуекелдерді айтар­лық­тай төмендетеді деп күтіледі. Деген­мен азаматтар банкрот атану мүм­кіндігін «айрықша қам­қорлық» деп ұғынуға тиісті емес. Өйткені банкрот атанған адам 5 жыл бойы ешқандай қаржы ұйы­мынан қарыз ала алмайды және 3 жыл бойы тұрақты бақы­лауда болады.

«Әрине, барлық банк бірдей банкроттық туралы заңды қабыл ала қоймайды. Өйткені қарызды кешіру банктердің мойнына жүк болып түседі. Олар өздерінің резервтік провизиясы есебінен азаматтардың қарызын кешіреді. Бір жағынан олар қаншама жыл бойы борышкерлердің осы про­­бле­масын шеше алмаса, онда неге банкрот деп танымасқа?

Жыл басынан бері 3 600 адам банкрот деп танылған. Олардың жалпы берешегі – 9 млрд теңге.