Заң • 20 Шілде, 2024

Жаңа заң: Тәртіп пен талап қандай?

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Журналистерді аккредиттеу тәртібі өзгереді. БАҚ өкілдерін іс-шараларға тіркеу қағидалары «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа тәртіпке қатысты түсініктеме берді.

Жаңа заң:  Тәртіп пен талап қандай?

фото: ortcom.kz

Қаулы жобасы биылдың 1 тамызына дейін қоғам тал­қысына ұсынылып отыр. Құ­жатқа сәйкес журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі бірың­ғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ медиа платформада қазақ және орыс тілдерінде аккредиттеуді жүр­гізуге өтініштерді қабыл­дауды бастау туралы хабарландыру жүктеледі. БАҚ өкіл­деріне уәкілетті орган айқын­дайтын тәртіппен аккредиттеу карталары бе­ріледі.

– Жалпы аталған құжат жобасы қол­даныстағы ережелермен салыстыр­ған­да аса көп өзгермеген. Мысалы, аккре­диттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүл­дем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағ­дайда іске аса­ды, – деп жазды Аида Балаева Facebook парақ­шасында.

Министр журналистердің арасында ең көп сауал тудыр­ған БАҚ өкілдері қандай талаптарды сақтауы керек деген Ереженің 10-тармағына тоқталды.

– Біріншіден, кез келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпарат­ты жинап, жариялай алады. Алайда журналиске бірден бір­неше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды.

Екіншіден, бұл талап бел­гілі бір оқиғаға/іс-шараға қа­тысты журна­листердің жеке пікірлері мен ұстаным­дарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қа­тысы жоқ.

Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелер­де қазірдің өзінде іс-шара­ға қатысу­шылардың тақы­рып­ты, уақыт тәртібін, қо­ғам­дық тәртіпті сақтауын жүр­гізуші (яғни іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған, деді ол.

Айта кетерлігі, АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың тәжірибесі көрсеткендей, бел­гіленген ережелерді, сон­­дай-ақ заңнаманы бұз­ған жағдайда журналист іс-ша­раларға қатысу құқы­ғынан және аккредитациядан айырылады. Мысалы, Еу­ропарламенттегі БАҚ қыз­метін реттейтін Ережеде түсі­рілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленген.

– Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекет­тік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте Министрлік уәкілет­ті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидатын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламент­ті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады.

Бесіншіден, ерекше маңыз­ды мем­лекеттік объектілерге кіру және сол меке­мелердегі режімдерді ұстану да қолда­ныстағы заңнаманы сақтау мен қауіп­сіздіктің айнымас бөлігі болып есепте­леді. Қо­рытындылай келе, ақпа­рат­қа қол­же­тімділікті қам­тама­сыз ету мен журна­лис­тер­дің мәртебесін арттыру – әрқа­шан Министрлік қызме­ті­нің басты басымдығы екенін тағы да жеткізгім келеді, деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 маусымда «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған еді. Жаңа құжат 20 тамыз­да, кейбір нормалары 2025 жылдың 1 қаңтар айынан бастап күшіне енеді.