22 Қаңтар, 2015

Мүгедек деп мүсіркеме...

601 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақ жетімін жылатпаған, кемтарын кемсітпеген текті жұрт еді. Уақыт озды, ұрпақ тозды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі ғаріп жандардың тағдыр талқысына тасталып, мейірімсіздіктің қатыгез шеңгелінде шырылдауын жан-жүрегімен түйсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауының тұтастай бір бөлімін «Кедергісіз келешек» деп атап, мемлекетіміздегі атқарушы билігі бар, жекеменшік иелері бар, акционерлік қоғамы барбарлығына бірдей тапсырма берді: мүгедек жандарды мүсіркеп, оның әмиянына тиын-тебен тастама, тұрақты жұмыспен қамты, сонда ғана олардың күңгірт те күрсінулі күндері жарық әрі шуақты болады дегенді айтты. Осы шаруаға басшылық жасауды, бас-көз болуды идеологиялық көшбасшы – «Нұр Отан» партиясына міндеттеді. Екі аяқты пенденің Жасаған иемізден кемтарлық пен мүгедектікті сұрап алмайтыны шындық. Десек те, жер бетіндегі адамдар қауымының барлығының бірдей он екі мүшесі сыңғырлап, төрт аяғынан тең басып тұруы мүмкін де емес. Туабітті кемтарлықтың өзі аз емес десек, тосыннан соғар ауру мен дерт атаулары әртүрлі соғыстар мен запыранды зауалдар адамзатты тіптен де бүтін қалдырмайды. «Тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың» жоқ болатындығы сондықтан. Сонымен бірге, кемтарлық пен мүгедектік ұлт пен ұлысты, мемлекет пен қоғамды таңдамайтыны тағы бар. Мынау бай, мынау кедей деп те жіліктемейді. Әлемде он екі мүшесі түгел жұрты бар мемлекетті күндіз шаммен іздеп таба алмайтынымыз рас. Алайда, мемлекет те, қоғам да жоғарыдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ұпайларын түгендеуге, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға міндетті. Әйтпесе, адамдығымыз қайсы! Малдан айырмамыз қане! Елбасының қаузап отырғаны да осы адамшылық пен мейірімділік, ізгілік пен имандылық. Бұрыннан да мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырып көрмеген «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстандағы облыстық филиалы бұл ізгілікті шараны әрі қарай жалғастыруда. Ағза кемістігі бар жандар дегеннен шығады, күні кешеге дейін партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған, бүгінде облыс әкімінің кеңесшісі Түсіпхан Түсіпбековпен Өскеменнің Защита атты теліміндегі «Қазақ зағиптар қоғамы» бөлімшесіне барғаным бар. Зағип жандар партияға арызданыпты. Өздіктерінен қарға адым жер жүрудің өзіне зар болып отырған жандар бірнеше мәрте жоғарыдағы биліктен, үлкен мекемелерден дат сұраған. – Басты проблема – біздерге тапсы­рыс­тың мүлдем жоқтығы. Мемлекеттік сатып алу жүйесімен жұмыс істейміз. Тен­дерлерде үнемі ұтыламыз, себебі, мәселе тағы да қаржыға тіреледі. Материалдар қымбат. Оларды сатып алуға біздер дәрменсізбіз. Қалталылар қағып кетеді, тендерді. Мүмкіндік берсе, біздер қағаз конверттер, төсек-орынның ақжаймаларын, қолғаптар, желеңдер мен алжапқыштар және арнаулы киімдер тігуге толық қабілеттіміз. Өз күнімізді өздеріміз көруге толық мүмкіндігіміз бар, тек біздерге кәсіпорындар мен мекемелерден біраз тапсырыс алып берсеңіздер екен, – деп басқарма төрайымы Г. Күзекпаева күрсінді. Күрсінді дегенім жай сөз, өксік пен қоламталы өкініш бар төрайымда. Әлеу­меттік қамту ма, тамақ өнеркәсібі ме, тіпті, ауыл шаруашылығының кез келген саласы ма, біздерге бәрібір, бәрінде істей аламыз, тек жұмыс тауып берсеңіздер болды, деп шу-шу етіседі ғаріптер. Біздерге мелжемді әлеуметтік өтемақы төлеңдер, тұяғымыз бен қанатымыз кетілген мүгедек жандармыз, шаңырағымызға аспандағы айды, көктегі күнді қондырыңдар, қазанымызға қазы-қарта, жал-жая салып беріңдер деп өрекпіп, көкке шапшып, айға қарап түкіріп отырған бір жанды кездестірмедік. Әрине, одан бері біршама уақыт өтті. Қоғам мүшелерінің арыз-өтініштері де ішінара орындалды. Елбасы Жолдауының талыстай бір бөлімін алып жатқан «Ке­дер­гісіз келешек» тапсырмасының Шығыс Қазақстандағы бүгінгі жүрісі көңіл тұщы­тар­лықтай. Жобаның табысты жүзеге асуына облыстағы партия филиалдары тікелей бақылау жасап қана қоймай, оның қазанында бірге қайнап жүр. Мәселен, облыстағы партия филиал­дарының қоғамдық қабылдау бөліміне былтыр 265 мүгедек жан бас сұққан көрінеді. Өтініштерді жіліктер болсақ, олар­дың басым бөлігі – 38,1 пайызы жұмыс­қа орналастыруды сұраса, жалпы арыз бе­ру­шілердің 32 пайызын әлеуметтік мәселелер толғандыратын көрінеді. Несие алып, өз бизнестерін ашқысы, жеке кәсіппен шұғылданғылары келетіндері қаншама. Сонымен бірге, мүгедек жандар денсаулық сақтау мекемелерінің қызметтеріне, қызмет көрсету сапасына көңілдері толмайтындарына да ашынады.     – Біздер бұл мәселеде жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Алайда, барлық мұраттарымыздың айдарынан жел есіп тұр деуге ерте. Проблемалар баршылық. Соларды бірсін-бірсін болдырмау әрекеттерін жасау үстіндеміз. Мәселен, түйіні түйіншекке айналған, алайда, шешуі аса қиыншылық тудырмайтын, тек шұғылдануды қажет ететін мәселелер жүйелі жұмысты, мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста болуымызды талап етеді. Жалпы, облыс бойынша былтыр 247 мүгедек жан жұмысқа орналастырылды. Олардың 150-і жекеменшік кәсіпорындарда, 97-сі мемлекеттік мекемелерде істейді. Мекемелер мейлі жекеменшік, мейлі мемлекеттік болсын, олардың басшыларының бәрі бірдей мүгедектерді саналы түрде жұмысқа алып отыр деу де күпіршілік. Ішінара «аш пәледен қаш пәле» қағидасымен тірлік ететіндері де бар. Уақытша орналастырады да, айғай-шу басылған соң әртүрлі себептермен қош айтысады. Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмау жолдарын да алдын ала ойластыру қажет, – дейді облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәлім Бақтияров. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі кез келген шаруаны шырқ үйіріп әкетеді деу де әбестік. Сондықтан да болар, жаңағы жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі күзетші, тігінші, іс жүргізуші болып істейтін көрінеді. Қалада тұратындарының жалақысы орта есеппен 35-40 мың теңгені, ауылдағылардікі 28-32 мыңды құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әйтеуір жұмысқа орналастыру керек екен деп сан мен пайыз қуалап кетудің түбі жақсылыққа апармайды. Оларға жұмыс тауып берген екенбіз, онда мәселеге кешенді түрде қарау керек. Жұмыс орны мен әлгі азаматтың тұрғылықты жерінің арақашықтығы, тасымалдайтын көлік түрі, алатын жалақысы, шығатын шығыны, барлығын шығарып тастағаннан кейінгі отбасылық бюджетке кіретін кірісі, міне, осылардың барлығын есептеу қажет. Біз осыларды шотқа қағып көрдік. Мәселен, жүріп-тұру көлігіне мүмкіндігі шектеулі жан 4-8 мың теңге, тұрғын үйге (отыны, суы, жылуы, жарығы) 6-10 мың, қысып ішкен күннің өзінде тамаққа, ем-дәріге, тағы да басқа қажеттіліктерге 10-13 мың теңге шығарады екен. Бұл бер жағы. Әйтпесе, қазіргі инфляция жаңағы есебімізді тас-талқан ететіні рас. Міне, осылардың барлығын есептей келе, біздер мынадай тоқтамға келдік. Елбасы айтпақшы, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін көтерудің уақыты шынында да жетіпті. Мұратқа жету үшін ең алдымен зейнетақы көлемін арттыру керек. Күнделікті тірлікке қажетті тауарлар мен азық-түліктерді әлеуметтік қолжетімді бағалармен сату қажет. Мүгедек, зағип жандарды шағын және орта бизнес өкілдері, коммерциялық кәсіпорындар, ауылшаруашылық құрылымдары қамқорлығына алса дұрыс болар еді. «Кедергісіз келешек» – уақытында қолға алынған жоба. Бұл тұрғыда облысымыздың Өскемен, Семей қалаларында, Бородулиха, Жарма, Зырян, Катонқарағай, Үржар, Шемонаиха аудандарында жүйелі шаруалар кешені жүзеге асырылуда. Жоғарыда жұмысқа орналастырылғандардың басым бөлігі осы аудандар мен қалалардан. Дегенмен, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға кедергілер де жоқ емес. Айталық, бұрнағы жылы төлқұжаттанған 594 мемлекеттік нысанның 273-і мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына лайықтанбаған. Былтырғы 203 нысанның 149-ын қайтара жасақтау қажет. Мүгедектердің жүріп-тұруына жағдай туғызуды тек мемлекеттік нысандардан ғана емес, жекеменшік кәсіпорындардан да талап ету күшейтілуде. Бұл жерде әлгі ғимараттарға кіріп-шығуға екпін түсіріледі. Тек жүріп-тұруда ғана емес, бұл жобаның бүгінгі таңдағы проблемалары шашетектен. Оларды тізбелеп жату артық. Алайда, оларды шешу үшін, менің ойымша, мынадай кешенді шаралар жүзеге асуы керек: мүмкіндігі шектеулі жандардың электронды еңбек биржасын және де жұмыс істеуге тілек білдіруші мүгедектер жайлы мәліметтердің базасын жасақтау керек. Сонымен бірге, мүгедектерді екінші кәсіпке оқытатын мекемелердің мекенжайы туралы электронды ақпарат болуы шарт. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырған мекемелер әртүрлі жолдармен мадақталса, марапатталса, мүгедектерді таситын таксилердің санын арттырса, тағы да біршама шаралар жүзеге асса, бұл жобаның тасы өрге домалайтыны, ең негізгісі, онсыз да тағдыры аямаған өксікті жандардың көз жастары құрғайтыны шындық, – дейді Түсіпхан Түсіпбеков. Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы.