Кеше алда келе жатқан Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК-нің оң жағалаудағы емдеу-диагностикалық орталығында «Ашық есік күні» акциясы өтті.
Бұл жөнінде РМК бас дәрігерінің орынбасары жоғары санаттағы дәрігер Р.Байқошқарова аталмыш орталықтағы соны жаңалықтарымен бөліскен еді. Атап айтар болсақ, Емдеу-диагностикалық орталығы (ЕДО) аталмыш аурухана базасында да ашылды. Мұндағы тәжірибелі мамандар қазіргі заманға медициналық құрал-жабдықтар көмегімен диагностика жасап, заманауи медицинаның барлық бағыттары бойынша консультация береді. ЕДО хирургиялық және терапиялық мамандықтар бойынша жоғары деңгейдегі зертханалық, аспаптық және клиникалық диагностиканы, науқастардың кешенді емі мен тиімді медициналық оңалтуын қамтитын ақылы стационарлық қызметтер көрсетеді. ЕДО жанында 14 емдеу-диагностикалық бөлімше: оңалту, стоматология, функционалдық диагностика, сәулелік диагностика, клиникалық-диагностикалық зертхана, стационар, бір ауысымда 24 бағдар бойынша 200 қабылдауды жүзеге асыратын емхана жұмыс істейді. Басқа емдеу мекемелерімен салыстырғанда Орталықтың айрықша ерекшелігі – бір жерде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуден бастап, терапия және хирургия бөлімшелері науқастарының көпбағдарлы стационарлық ем қабылдауына дейін медициналық жәрдемнің толық кешенін ұсыну мүмкіндігі, оның ішінде жоғары технологиялық диагностика мен көпбағдарлы емдік шаралар. Сондай-ақ, пациенттер кезекшілігінің жоқтығы мен ұсынылатын медициналық қызметтердің (1400 түрі) кең спектрі аса маңызды факторлардың бірі болып табылады. Үстіндегі ақ халатының түсі мен ақжарма пейілі қатар үндескен Рахат Өсербайқызының айналасына шуақ шаша қарайтын мейірімді көздері мен қарапайымдылығы акцияға келушілердің ерекше ықыласын туғызды. Адамға ең басты қажеттісі – жылы сөз, жарқын жүз, шынайы іс, т.б. осының бәрі сол аурухана қызметкерлерінің бойынан табылғандай көрінді. Әрқайсысының жүзінен: «Бізге келіңіздер, бізден сұраңыздар, көңілдеріңізден шығуға тырысамыз!» дегендей, айрықша ілтипат білдіреді. Бір қызығы, іс-шара барысында бір топ дәрігер-медбикелер адамдарды саламатты өмір салтына үндейтін флеш-моб өткізді. Акция барысында келушілерге білікті мамандар тарапынан тегін көмек көрсетілді және ақыл-кеңестер берілді. Таңертеңмен тегін қызмет көрсетілетіндігін естіген үлкен-кішісі, жасы мен жасамысы бар қабылдауға келген «бақытты астаналықтардың» қарасы қоюланып үлгеріпті. Иә, мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін түсінген әрбір азамат бірінші байлық – денсаулықтың қадірін жоғары бағалайтындардың қатарынан болса керек. Акцияның негізгі мақсаты да сол, азаматтарға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету, қауіпті дерттің алдын алу және халықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. АСТАНА.
Сурет: mcudprk.kz