22 Қаңтар, 2015

Германия елшісімен кездесті

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Елшімен әңгіме барысында Мәжілістің парламенттік  делегациясының жақын уақытта Германияға жасайтын сапары жайы талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі Сапар мақсаты – Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­ше­лі­гіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге қатысты жолдауын табыс ету. Вице-спикер алдағы сапар­дың маңыздылығына назар аудара келіп, Германия мен Қа­зақ­станның жақын әрі сенімді әріптестер екенін атап өтті. Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасы тұрақты саяси үнқатысу, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жүйелі кеңейту жолында дамып келеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жайы да назардан тыс қалған емес, дей келе Дариға Назарбаева: – Ғаламдық қауіпсіздік мәселелерінде, әріптестік, дос­тық қатынаста, әлеуметтік, эконо­микалық және мәдени салалардағы өзара іс-қимылды дамытуда біздің елдеріміздің көзқарасы ортақ. Олардың барлығын Германияға сапарымыз барысында және делегация бағдарламасында белгіленген кездесулер кезінде талқылайтын боламыз, – деді. Өз кезегінде елші  Германияның Қазақстанның маңызды ха­лық­аралық бастамаларын қолдай­тынын және біздің елімізбен ықпал­дас­тықты одан әрі дамытуға мүдделі екен­дігін алға тартты. Кездесу иелері әріптестік басым­дықты сөз етіп, екі ел арасын­дағы байланысты, соның ішінде, парламентаралық дипломатияны жаңа белеске көтеру қажеттілігін атап өтті. Кездесуге Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев қатысты.