Зерде • 23 Шілде, 2024

Жанашыр жетекші – Жұмабек

1242 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Табандылық теоремасы. Күні кеше ғана еді... Бірінші курстың алғашқы апталары өтіп жатты. Жаңа ортаға сіңісіп үлгермеген кезіміз. Аудиторияда бір-бірімізге жатырқай қараймыз. Бірақ елдің әр қиырынан жиналған қаламының желі бар қатарластарымның арасынан өңі де келісті, ойы да салмақты осы бір жігіт көзіме оттай басыла берді. Орнықтылығы мен ойлылығы анадайдан білінетін оның жанының гравитациялық күші басқаларды бірінші күннен өзіне магнитше тартатынын да аңғардым. Десе де, өз басым жақынырақ танысуға дәтім бармады. Мысы басып тұратындай. Қалай болғанда да, жылына елу бала ғана қабылдайтын Қазақстандағы жалғыз факультетке әупіріммен түсіп, «тәубемді» аузымнан сағат сайын тастамай жүрген мен ғана емес, Жүкеңе елдің бәрі қызығып қарайтын.

Жанашыр жетекші – Жұмабек

Кешкілік сабақ біткен бойда атақты Пушкин кітапханасы­на тартып кетемін. Жалғыз өзім. Әлі танысып үлгермеген курстастары­ма бірге баруды айтудың өзіне қымсын­сам керек. Тапсырыс берген кітабымды күтіп «Лениншіл жас» газетінің соңғы айдағы тігіндісін аударып-төңкеріп отырған­мын. Сол құлағымның түбінен таныс дауыс саңқ ете қалды: «Маған қажет кітап­қа менен бұрын кім заказ беріп қойған десем, сен екенсің ғой, курстасым». Жалт қарасам, Жұмабек жылы жымиып тұр екен. Қасымдағы бос орындыққа жай­­ғас­ты.

Неге екені белгісіз, сол сәтке дейін оны өте тәкаппар жігіт шығар деп те ойла­ғаным рас. Жақынырақ танысуға асықпағанымның сыры да содан. Алайда алғашқы әсер де алдайтын болып шық­ты. Емен-жарқын араласпасаң, адамды толыққанды тану тіпті, мүмкін емес екенін енді білгендеймін. Аузын ашса, жүрегі көрініп тұрған аңқылдаған жігіт екен. Сонысымен баурап алды.

Тоқетері, Жұмабек екеуміздің досты­ғымыз осылай «Пушкиннен» басталға­ны – басыбайлы шындық. Егіз қозыдай бірге жүрдік. Сабақтан шыққан соң қалтамызда қалған қарабақырымызды жиыстырып, кешкілік арзан тоқаш­пен жүрек жалғап, түн ортасына дейін кітапханада отыратын күндерімізді кездескен сайын еске алушы едік. Күні кешеге дейін. Өйткені үлкен достығымызға ұласқан сол бір сәтті екеуміз де ешқашан ұмытқан емеспіз. Жүкең менен екі жас үлкен. Інісіндей еркелетіп «Шәкембай» дейтін. Мен де оны ағамдай қабылдадым.

Көп адамнан табыла бермейтін ерекше қасиеттерін қадап тұрып айтқың келеді Жұмабектің. Біреуіне тоқталсам. Өмірде «табандылық теоремасы» деген ұғым болса, соны біздің арамызда ойлап тапқан және дәлелдей білген Жұмабек дер едім. Оның болашақта үлкен қайраткер болатынына бірінші курста-ақ көзім жеткен. «Шәкембай, екеуміз университетті қызыл дипломмен бітіруге тиіспіз» дейтін бірінші семестрдің өзінде. Сөйтіп жүргенде алғашқы сессияның бастапқы емтиханын Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясынан» тапсырдық. Академик ағайымыз екеумізге де семіз «төрт» қойып шығарып салды. Сол бойда ра­йымнан қайттым. «Қызыл диплом­мен» қоштасып тұрғанымды айтамын.

Жұмабек табандап отырып алды: «Шәкембай, бұл – заңдылық емес, кез­дей­соқтық. Уайымдайтын дәнеңе жоқ. Екеуміз де «пересдача» жасап, «бес» аламыз!» Мен айтамын: «Жүке, біз старт­та тұрған адамбыз ғой, алдымызда әлі 55 емтихан бар, соның бәрінен сіз «бес» алатыныңызға сенімдісіз бе?» «Сенімдімін, менің «слабак» досым!», деді Жүкең әдеттегі жаргондарын бастырмалатып. Қайрап тұр.

Дегенмен, қырсықтығым бір басымнан асатын мені Жұмабек бұл қақ­панға түсіре алмады. «Слабак» екенімді мойындаған маған ол көпке дейін том­сырайып жүргені бар. Жұмабек қай­рат­керлік қасиеттерді бозбала кезінен бо­йы­на дарытқанын сол кезде анық біл­дім. Әлгі оқиғаны бекер айтып отырған жоқ­пын. Аш ішектей несіне созайын, ақыры «пересдача» жасап, «Әдебиет теориясынан» «5» алған Жүкең кейінгі барлық емтиханды да «үздік» бағаға тапсырды. Таң қаламын. Әлі күнге дейін. Мұндай күрескерлік пен табандылықты ешкімнен байқаған емеспін. Енді байқамайтын да шығармын. Сондай Жұмабекті қалай жоқтамайсың?!

Алланы шын сүйген адамға Жарат­­қанның шексіз көмектесетінін Жұма­бектің өмірінен көрдім. Домбыра шер­теді. Ән айтады. Сондықтан да оны музы­каның иісі мұрнына бармайтын жігіт деп айта алмайсың. Дей тұра, ком­позиторлықты кәсіп қылғысы келетін адам емес екені де білініп тұратын. Жұмабек өмірінде бір ғана ән шығарды. Бірақ ән болғанда қандай?! Ғажап әуен. Кәсіпқой сазгерлеріңнен таба алмайтын сырға толы ақық туынды. Дайындық курсында бірге оқыған, көрші филология факультеті­нің студенті Әлимаға арна­ған осы бір әннің өзі Жұмабектің әр істі үлкен сүйіспеншілік­пен атқаратыны­ның жарқын мысалы бола алады. Өзі де, жаны да сұлу болашақ асыл жарына арнап жазған өміріндегі жалғыз авторлық әнін Жұмабектің өзі шырқа­ған кезде Ромеоның сонетасын тыңдап, мөл­дір махаббаттың кәусар бұлағының сылдырын естігендей болатынмын. «Шәкембай, ол қыз – менің Ай нұрым!» дейтін әнін аяқтай бере.

Бір күні Әлимамен таныстырды. Айдың нұры десе Айдың нұры екен. Осы эпизод есіме түскенде ылғи бір ой келеді: Жұмабек маған өз өмірінде бірде-бір рет қателеспеген адамдай көрінеді. Шын сөзім. Бәрін де қашанда түзу жасайтын Жұмабектің қателікке ұрынға­нын көрген де емеспін, естіген де жоқпын. Бір сызықтың бойымен өмір сүрмесе де, шалыс басқан қадамы болсайшы Жұмабектің?! Сондай досыңды қалай жоқтамайсың?!

Қалай дегенде де, ол сырт қарағанда басқалардан бөлек көрінетін. Өзі жіп­тік­тей жас жігіт болғанымен салмақты еке­ні көрген жерден сезілетін. Ең ғажабы, Жұмабек кез келген қалыпқа құйыла кететін. Бұл – ештеңе емес. Ал енді кез келген қалып атаулының өзі Жұмабектің оң жағына орайласа қалатынын қайда қоярсың? Олай дейтінім, жиырмасын­шы ғасырдың екінші жартысындағы данышпан декан Темірбек Қожакеевтің қатаң қалыбына қапысыз құйыла кеткен са­наулы студенттің бірі Жұмабек Кенжа­лин болды. Айтайын-ау, аталған қалыпқа сыйған студенттің кіршік­сіз­дігіне басқа дәлел іздеп не керек?!

Кейде ойлайтынмын: мына өмірді гармонияға толтырып өмір кешкен Жұма­бек шын мәнінде Құдайдың ең сү­йікті құлы болар? Өйткені Жұмабек не іс­тесе де, әдемі істейтін. Не туралы айт­са да, ат құлағын теңестіргендей сұлу кес­телейтін. Киім киісі де келісті-ақ. Тіпті Жұмабек иығына не ілсе де, мұнтаздай көрінетін. Бойындағы жіп атаулының бәрі аса бір қымбат болмаса да, тал бо­йына бір мін жолатпай тұратын. Арзан костюмнің өзі оның бойына құйыла кететін. Жұмабек таққан галстуктің бәрі өңін одан сайын шырайландыра түсетін. Әсіресе алқызыл түстісін байлағанда жүзінен жанының тазалығы алабөтен аңғарылушы еді, жарықтық!

Арагідік алыста қалған студенттік жылдар туралы сөз қозғала қалса, бая­ғы жал­ғыз «журфакты» әр жылдары бітір­ген жігіт­тер бір-бірінен «осы сен кім­дермен бірге оқып едің?» деген кезекші сұрақты алма-кезек қойып жататыны бар. Курстастары бір-бір тұтқа ұстап, бастық болғандары оған жардай жауап беріп, ұпай жинап жата­тын тұстары да кездеспей қалмайды. Осы сұрақ алдымнан шыққан сайын ең алдымен Жұмабек Кенжалинмен бірге оқығаным­ды алға тартатынмын. Мақтанышпен.

Ол шын мәнінде біздің курсымыз­дың нағыз лидері болды. Жүкең – студент ке­зінен бастап көзін жұмғанша үнемі портфель ұстап өткен адам. ҚазМУ-дың кәсіподақ комитетінің төрағалығы­нан бастап «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры–редакторлар кеңесінің төрағасына дейін. «Адамды орта қалып­тастырады» деген қағида бар. Дұрыс формула. Әрқайсымыздың адам болып кетуімізге ортамыздың әсері орасан болды. Осы жолда Жұмабек көбімізге үлгі бола білуімен ерекшеленді. Оқуға зеректігінің арқасында Лениндік стипендиат атанды. Қоғамдық жұмыстар­дың бел ортасынан табылатын. Төртін­ші курс­та жүргенінде Алматы қалалық кеңе­­сінің депутаты болып сайланды. Осы­лайша, ол сол кездің өзінде-ақ бүкіл Алматы шаһары студенттерінің мүд­десін қорғады.

Тірі кезінде оның тұлға болып қа­лып­тасқанына мәз болып жүре беріппін. Әрине, осындай досымның барына мақтанатынмын. Бірақ оны ешқашан мақтамаппын. Оның да себебі бар. Жұмабек мақтағанды да, мақтанғанды да жаратпаушы еді. «Шәкембай, біздің баяғыда қара нанды бөліп жегеніміз­ден артық қандай әңгіме болуы мүм­кін?! Шіркін, студент кездегі достардан адалы жоқ. Өйткені ашқұрсақ кезде танысып-біліскен адамдардан арамдық шықпайды» деп отыратын. Деген­мен, қазір өкінесің: «Ол туралы көзінің тірі­сінде мақтау керек пе еді?! Көңіл көңілден су ішпеуші ме еді?! Соншама припципшіл болғанымыз ба?!»

Алайда көңіл ортақтығы да, ой ор­тақ­тығы да қалыптасқан екі дос үнсіз ұғысып өмір сүргенімізге қуанамын. Шынында да сол айтылмай қалған мақтаулар­дың бәрі біздің бір естелігімізге татымайтын сияқты. Адамды өлтірмейтін – мақтау емес, естелік. Естелік арқылы сенің екінші өмірің басталады. Естелік арқылы ғана сен мәңгі жасайсың! Жұмабек қайтқалы онымен бірге болған сәттер көз алдымда көп көлбеңдеп тұратынды шығарды: Жұмабек екеуміздің «Пушкинде» тапсырыс берген кітабымызды сарыла күтіп отыратынымыз... Жұмабектің сту­дент кез­де жалдап тұрған пәтерінде тұла бойы тұңғышы Дастанның туғанын «жу­ға­нымыз»... Құрылыс отрядында жүр­ге­ні­мізде Жұмабектің басына қысқа ора­­мал тартып алып, үлкен үйдің бір бұры­шының кірпішін қалап жатқанда ақсиып күлгені... Жұмабектің «алтын квадраттан» алған алғашқы пәтерінде Алматы­ға Бақанастан шаруаларыммен барған са­йын қонатыным... Жұмабек екеуміздің Әлиманың тәтті шайын ішіп отырып түн ауғанша ғылыми ком­мунизм туралы пікір таластыратынымыз... Абайдың 150 жылдық тойында Ертістегі кеменің ішінде екеуміздің Бари Алибасовпен танысқанымыз... Иә, бәрі есте.

Адалдық аксиомасы. Қазақ журна­листикасы жұлдыздарының бірі Жұма­бек Кенжалиннің публицистикасы мен редакторлық таланты туралы аз жазылған жоқ. Сондықтан да қайталауға ұрынғым келмейді. Қадап айтқым келген тұс, ол қарымды қаламгер, пайым­ды публицист болумен қатар қазақ баспасөзі менедж­ментінің теориясымен де, тарихы­мен де, тәжірибесімен де қатар айналысқан азғантай шоғырдың басында тұрды. Мұн­дай тұлғалар бізде саусақпен санарлық десем қателесе қоймаспын.

Ал енді саяси менеджменттің түп-тұ­қиянына дейін зерттеп өткен жалғыз Жүкең деп ойлаймын. Шынында да Қазақ­­станның масс-медиа әлемінде ол осы қос қасиетімен құндылығын арттыра түсті. Айтары жоқ, қазақ баспасөзі­нің барлық қырын жақұт жылтыратқан зер­гердей жан-жақты қамтуға бар саналы өмірін арнаған Жұмабектің тағ­дыры маған мамандыққа адалдықтың айшықты аксиомасындай көрінеді. Сон­­дықтан да бүгін көп әріптестері әлі айта қоймаған Жұмабектің ғалымдық қырына көбірек тоқталғанды жөн көріп отырмын.

Сонау 90-жылдары саяси басылымның бастауына жарқ етіп шыққан «Халық кеңесі», одан кейінгі жыл­­дары «Ақиқат» журналы, «Қазақ әде­­биеті», әсіресе өмі­рінің соңғы жылдары «Қазақ газетте­рін» басқарған кездері ол саяси менеджмент­тің тәжірибесі­мен тікелей айналысқа­нын әріптестері ұмы­та қойған жоқ. Осы ой­ды тарқата түс­сек, саяси менеджменттің қазақстандық та­­рихы да осы кезеңде ке­йіпкерімнің ­іл­кімді ізденістерінен бастау алды. Жүкең мұнымен де тоқтап қалған жоқ. Қашан да қиын жолды таңдап алудан қай­мы­ғып көрмеген Жұмабек бұған қоса тү­рен түспеген саяси тақырыптың тео­рия­лық сүрлеуін салуды да өзінің миссиясындай қабылдағанын оның осы саладағы ең­бектері дәлелдеп берді.

Жүкеңнің «саяси менеджмент» ұғы­мын ғылыми айналымға түсірген бірден-­бір ғалым екенін көп адам біле бермейді. Дәл осы сұраққа акцент жасап отырғаны­мыз да сондықтан. Ай­тайын деге­нім, қа­шан­да халтураға жа­ны қас Жұма­бек оңай тақырыпқа бар­ған жоқ. Бұған де­­йін жазылмаған қиын та­қырыпты аттай қа­лап, таңдап алды. Жұмабек Кенжалин­нің кан­ди­даттық монография­сы доктор­лық дис­сертацияға пара-пар толыққанды дүние екенін сол кезде оның ұстаздары да, әріп­тестері де кулуарда кеңінен көсі­­ліп айт­қанын құлақ естіді. Оны жазу бары­сын­да ғылыми формал­ды­лықтан саналы түр­де бас тартып, алып отырған тақыры­бы­ның табиғатын барынша еркін ашуға
ұмтылды.

Әрине, ғылымда ерлік жасау өте қиын. Десе де, басқалардың жүрегі дауалай бер­мейтін тақырыпты қопа­рып-төңкеруге бел буудың өзі – қайсар­лық. Бір анық, сол кезде «саяси менеджмент» ұғымы ХХІ ғасырға дейін басқа тұрмақ, шетелдің терминдер сөздігінде пайдаланбаған категория еді. Жұмабектің жүрек жұтқандығы сол, ­2001 жылдың өзінде Саясаттану бойын­ша Оксфорд қысқаша сөздігінде анық­тама берілмеген саяси менеджмент тура­лы тақырыпқа батыл бара білуінде жа­тыр.

Аталған терминді қазақ ғылымы­ның айналымына енгізген Жүкеңнің ерлігіне бас иемін. Жалпы, «менеджмент» деген термин – ең алдымен, экономикалық термин. Негізі. Ал оны саяси стильге ауыстыру ол кезде өте қа­уіпті болатын. Осы ғылыми жобасын Жұмабек абыроймен аяқтап шықты. Ол – саяси менеджменттің өкілдік және демократиялық үдерістерін ха­лық мүддесіне сай тиімді басқарумен бірік­тіру керек екенін ашып көрсеткен алғаш­қы қазақ ғалымы. Сол кезде Қазақ­станның «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген мемлекеттік саяси жүйесін ең алдымен Жүкеңнің еңбегі, ал қазір өмірдің өзі теріске шығарды. Жұмабек өзінің ғылыми концепциясы арқылы саясаттың экономикадан жоғары тұрғанын дәлелдеп берді және саяси менеджменттің тек мемлекет пен билікке ғана қатысты ұғым емес екенін айқындап көрсете білді.

Жүкең саясаттың экономикадан әл­деқайда биік тұратынын, керек десеңіз, қашанда жоғары тұратынын өз диссертациясында дәйекті дәлелдермен қорға­ды. Сонымен қатар саяси менеджменттің қазіргі уақытқа дейін қолданылу аясы тар болғанына қарамастан, оның тылсым тарихын қопарып, Платон, әл-Фараби, Макиавелли еңбектерін терең зерттеу арқылы мемлекеттік басқару ісінен саяси менеджменттің жасырын жатқан жарқын үлгілерін тапты. Саяси менеджмент пен баспасөздің жұршылықпен байланыс орнатуының жолдары мен механизмде­рін, сондай-ақ саяси технологиясын өзін­дік тың көзқараспен қарастырды. Ең алдымен, қазақ баспасөзінің жаһандану ке­зе­ңіндегі алатын орны туралы ғылы­ми тұжырымдарын алға тартқан Жұма­бек қоғамның дәйекті дамуын қалып­тастырудағы баспасөздің рөлін де толық және түпкілікті дәлелдеп шықты.

Жұмабек – диссертациясында мемле­кетшілдік сана стратегиясын сіңіру аясында да тұжырымды ойла­рын анық білдіріп, саясаттағы са­бақ­тастық стратегиясын да жан-жақ­­ты нақты дәлелдермен зерттеген ғалым. Саяси жүйенің тұрақты­лығы мен өздігінен дамуын қамтамасыз ету үшін саяси қызмет субъектілері арасындағы ақпараттық қатынастар­дың, ақпараттық байланыстардың тұтас жүйесін ашып көрсетті. Саяси коммуникация, ақпараттық технологиялар, имидж қалыптастыру технологиясы, мемлекеттің ақпараттық ресурстары сияқты кесек мәселелерді де ғылыми монографиясында толыққан­ды ашып көрсете білді. Мұның бәрі табанды ізденістің жемісі деп ойлаймын. Имиджмейкинг, электораттық пиар, брендинг және лоббистік пиар сияқты PR салалары туралы қазақ ғалымдарының арасынан бірінші болып терең ғылыми тұжырымдама жасаған да Жүкең.

Өзім ғылыммен айналыспағандық­­тан мұның қандай үдерістер арқылы жүзе­ге асатынын білмеймін, бірақ Жұмабек Кенжалиннің осы еңбегі көлеңкеде қа­лып кеткендей көрінеді. Өзінің ғылыми еңбегінде ол қазіргі кездегі саяси технологиялар заманында имиджмейкерлік тәсілдер, PR салалары, бренинг, реб­рендингті жеке-жеке бақайшағына де­йін зерттеп, керемет жазғанына көз жеткіздім. Өйткені астын сызып тұрып оқығанмын. 2010 жылы монография болып шыққан осы еңбегін бакалаврианттар мен магистранттарға міндетті түрде оқыту керек деп ойлаймын.

Ғылыми тұрғыдан қарастыратын бол­­сақ, шыныңда да Жүкеңнің қазақ жур­налистикасының тарихына, тәжі­ри­бе­сіне және теориясына сіңірген ең­бегі өте орасан зор. Осы орайда екі-үш жыл бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұжымы мұсылманша айтқанда сауапты іс жасады. Жоғары оқу орнынан Жұмабек Кенжалин атындағы аудитория ашылды. Досымның артында қалдырған мұрасын насихаттауда мұның мәні мен маңызы ерекше екені даусыз.

Жұртшылықпен (PR), үкіметтік ұйым­дармен (GR) және инвесторлармен байланыс (IR) сияқты ақпараттық ком­муникацияның үш саласын алдағы жылдары өтетін Жұмабек Кенжалин­нің оқу­лары бойынша студенттерге тереңде­­тіп оқы­ту керек деп санаймын. Себебі қазір­гі квазимемлекеттік ұлт­тық компания­ларда болсын, облыс­тық деңгейдегі әкімдіктерде болсын, PR біршама дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады. Ал GR мен IR өте ақсап жатқаны жасырын емес. Өйткені бұл мәселелерді терең меңгер­ген мамандар жоқ. Сондықтан да болашақ­та аталған факультетте осы мәселеге ерекше көңіл бөлінгені дұрыс-ақ. Осы орай­да пиар мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары Жүкеңнің әсіресе ғылы­ми жұмыстарына аса мән беруге тиіс. Оның ғылыми диссертациясын, саяси менедж­мент туралы монографиясын ҚазҰУ-дың журналистика факультеті болсын, бас­қа оқу орындары болсын, министрлік арқы­лы оқу бағдарламасына енгізгені абзал. Себебі бұл – қазіргі замандағы ең өзекті, ең қажетті тақырып.

Әрине, бұл бағытта сең қозғалды. Досымның ғылыми еңбектерін насихаттауда ол өзі талай мемлекеттік ко­мис­сия­­ның төрағасы болған ҚазҰУ жур­на­листика факультеті біраз шаруа­ның басын қайырды. Жұмабек Кен­жалин шы­ғармашылығына арналған ғы­лыми-тәжі­ри­белік конференция ұйым­дастырды. Жыл сайын Жұмабек Кен­жа­лин оқула­рын өткізіп жүр. Осы шара­лардың бәрін­де Жүкеңнің ғылыми еңбегі терең талда­нып, нақты айтылған әңгімелердің келешек мамандарға пайдасы молынан тиері хақ.

* * *
Қазақта «жетекші» деген сөз бар. Көп жерде жөн-жосықсыз пайдалана бергендіктен бе, реңі қаша бастаған­дай естіледі. Маған дәл осы сөз Жұма­бек есімінің алдында тұратын анық­та­уыш­тай елестейді. Жүкең универ­ситет­те жүргенде тек мені ғана емес, курстағы жүгірмектердің бәрін жетектеп жүріп, бөтен тұрмақ, біздің өзімізге білдірмей қатарға қосқанын қа­зір құдайшылық үшін айту – уәзипа. Сон­дықтан болар, жетекші деген сөз Жұма­бекке қатысты айтылғанда қай­та құлпырып шыға келетіндей әсер қал­дырады.
Айтары жоқ, ол шын мәнінде жетек­ші бола білді, бақилыққа кеткенше кө­бі­мізге жанашырлық танытудан жа­ңылмай өтті. Нақты ісімен. Нақты көме­гімен. Оқу бітіргеннен кейін де Ал­маты мен Астанадағы курстастар­дың басын құрап жүретін Жұмабек өзінің бауырмалдығымен бәрімізге араласып жү­руді үйретіп кетті. Бір-бірі­мізге тілектес бо­луды бойымызға сіңір­ді. Бір-бірімізге жана­шырлық таны­туға тәрбиеледі. Жеке үлгі­сімен. Жұма­бек барда жұбымыз жазылмайтын. Бір атаның балаларындай жүр­дік. Осындай жанашыр жетекшіңді қа­лай
жоқтамайсың?!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ