Экономика • 23 Шілде, 2024

Күн қуатына негізделетін зауыт

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Энергетикалық кешеннің келешегі экологиялық санамен, орнықты дамумен қатар қойылатын дәуір­лік үрдісте еліміз күн, жел және су есебі­нен қуат өндіруге көбірек бет бұра бастады. Ел­дегі жаң­ғырмалы энергия көзі­нің үлесін арттыруға ба­ғытталған сондай жо­­ба­ның бірі Алма­ты­да өріс алмақ. Арнайы эко­­но­­микалық аймақ­та күн па­нельдерін шығара­тын зауыттың іргетасы қалан­ды.

Күн қуатына негізделетін зауыт

Қазіргі уақытта елдегі жаңғыр­малы энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 5,8 пайыз болса, 2035 жылға қарай 16 пайызға дейін ұлғаюға тиіс. ЖЭК нысандарын өндіріске енгізу Мемлекет басшысы алға қойған энергетикалық машина жасауда ел ішілік құндылықты дамыту, экспорттық әлеуетті күшейту, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізу міндеттеріне жауап береді. Баламалы энергетиканы дамыту мен күн панельдеріне өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында қолға алынған жоба тікелей эконо­мика­лық пайда әкеліп қана қой­май, қаланың экологиялық жағдайын тұрақтандыруға зор үлес қосады. ЖЭК саласындағы өндірістік қуаттылықты арттыру респуб­ликамыздың жасыл технология нарығындағы позиция­сының нығаюына ықпал етеді.

Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп нысаны 150 МВт жылдық қуатқа сәйкестендіріліп отыр. Кәсіпорын модульдерді құрастыру бойынша автоматты желілер мен дәне­кер­леу машиналарынан, лазерлік плазмалық кес­кіш­терден тұратын заманауи жабдықтармен жа­рақтандырылады. 1 күн модулінің қуаты 585 Вт-тан басталса, жоспарланған өнім көлемі жылына 250 мың модульге жеткізілмек. Аумағы 2 гектардан асатын зауытта жергілікті мамандар үшін 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысшы және инженерлік-тех­никалық құрам шетелдік мамандардан технология үдерісін үйреніп, қажетті дағдыларды меңгереді.

«TGS-Solar» брендімен «Алтын Групп» ЖШС отандық инвесторы іске қосатын зауыттың капсуласын салу рәсіміне «Kazakh Invest» ұлттық ком­паниясының өңірлік директоры Олжас Ахметбеков, сондай-ақ Алматы қа­ласы Кәсіпкерлік бас­­қар­масының, «Almaty Finance», «Almaty Business Development Company», ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. «Алтын Групп» құрылтайшысы Жомарт Момынбаев құт­тықтау сөз сөйлеп, жобаны іске асыруға көрсеткен көмегі үшін Үкіметке алғысын білдірді. Қатысушылар күн модульдерін өндіру үде­рі­сі­мен және сатудың жос­пар­ланған көлемімен танысты.

Нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көз­делген. «Жасыл энергетика өз елімізбен қатар ортақ өңірдің экожүйесіне де оң әсер етеді. Өнімдеріміз өнеркәсіптік күн электр стансаларының, шаруа қожа­лықтарының және жеке сектордың сұранысын қана­ғат­тандыратынына се­­нім­­­діміз», дейді компаниялар тобының серіктесі Қанат Әбенов.