Экономика • 23 Шілде, 2024

Балық шаруашылығында бетбұрыс байқалады

244 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде балықты арнайы өсірумен айналысатын 502 шаруашылық бар. Бөліп қарастырсақ, оның 364-і – көл-тауарлық балық шаруашылығы, 93-і – тоған. Сондай-ақ тізімге 27 тор қоршамада өсіру, 18 тұйықталған және бассейндік балық шаруашылығы кіреді. Былтыр 17,1 мың тонна балық өсірілген (2020 жылы – 6 798 т, 2021 жылы – 7 347 т, 2022 жылы – 13 287 т). Қолда бағылатын балықтың негізгі түрлері – тұқы (тұқы, дөңмаңдай, амур), албырт (форель), бекіре тұқымдас балықтар және африкалық жайын мен асшаяндар.

Балық шаруашылығында бетбұрыс байқалады

Өнім 21 елге экспортталады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуында, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуында маңызды рөлі бар секторлардың бірі. Республикадағы Каспий мен Арал теңізінің, Балқаш пен Зайсан көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары, сондай-ақ басқа да су айдындарының осы кәсіпте өз орны бар. Сондай-ақ кәсіптік балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысында жақсы дамыған. Ресми деректе айтылғандай, елімізде жыл сайын 45-50 мың тонна балық аула­нады.

Балық шаруашылығы комитеті берген мәліметке сүйенсек, таби­ғи су айдындарындағы балық қорын сақтау бағытында бра­коньерлікпен күрес күшейген. Ба­лықты қорғаумен қатар, жыл сайын табиғи су айдындарының көктемгі және күзгі мезгілде балық пен олардың шабақтарын құтқару арқылы ресурсын молайту, қыс мезгілінде жаппай қырылуға қарсы іс-шаралар тұрақты жүргізіледі.
Айта кететін жайт, былтыр еліміз 21 шет мемлекетке

25 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттаған. Ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва және Қытай. Жалпы деректерде шетелдіктер бір жылда 14 кило балық тағамын жейтіні айтылады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мәліметте әр адам жылына 16 кило балық тұтыну қажет екен.

Балық өсіруге қолдау көп

Мемлекет осылай деп отыр. Бізге бір белгілісі – Үкіметтің Балық шаруашылығын дамы­тудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы (2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулы). Бүгінде балық шаруашылығы субъек­ті­ле­рін субсидиялауда балық шаруа­шы­лығы мен жемшөп өндірісіне са­лын­ған инвестицияларды 25%, азық сатып алу кезіндегі шығыстарды 30%, балық өсірудегі биологиялық негіздемені, балық өсіру материалы мен дәрілік препараттар және бағалы балық түрлерін көбей­ту, аналықтарын сатып алуға жұм­салған шығындарды 50%-ға дейін өтеу бойынша қаржылық қолдау бар. Сондай-ақ Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің осы жылдың 31 мамырындағы №184 бұй­рығымен Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды кредиттеу қағидаларына, жаңа жобаларды құруға немесе қол­да­ныстағыларын кеңейтуге бағыт­тал­ған жобаларды іске асыру кезінде бюджеттік кредиттеуді көздеу бөлігіне өзгерістер енгі­зілген. Онда айтылғандай, қуат­тылығы жылына 25 тоннадан басталатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін шаруашылықтар, өңдеу, одан әрі терең өңдеу және сақтау, өндірістік қуаты тәулігіне 1 тоннадан бас­талатын кәсіпорындарға 2,5% жеңілдікпен 10 жылға дейін несие беру қарастырылған. Қарыздың ең жоғары сомасы – 5 млрд теңгеге дейін. Бұл өзгерістер биылғы 22 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

Балық өсірумен айналы­сатын­дарға Салық кодексіне сәй­кес арнайы режім қолда­нылады, яғни салық 70%-ға төмендетілді. Екін­ші­ден, инвес­тиция салушыларға салық жеңіл­дік­тері мен преференциялары бар арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұдан басқа да салаға қатысты көптеген шара қабылданды. Оның ішінде шаруашылық жүргізуде көпжылдық мерзімге шарт жасасу, кейбір артық талаптарды алу, шығындарды өтеуден босату, су айдындарында шаруашылықтарды орналастырудағы шектеулер мен кейбір құқықтардың берілуімен қатар, 0,15 гектардан аспайтын тоған мен балық өсіру бассейнін салуға жоба-сметалық құжат әзір­леу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жөніндегі талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты қолданыстағы заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізілген.

Жалпы, балық шаруашылығын дамытуда қабылданып жатқан шаралар арқасында бизнес субъектілері арасында іскерлік артқан. Жыл са­йын салаға деген инвестиция түсімі өсіп келеді.

Мысалы, 2021 жылы – 6,2 млрд, 2022 жылы – 10,4 млрд, ал былтыр инвес­­тиция көлемі шамамен
22 млрд теңгені құрады.

Мәселе жоқ емес

Саладағы түйткілдің бірі – бізде әлі де тауарлы балық өсірудің кенже қалып тұрғаны. Әлемдік дең­гей­мен қарасақ, тауарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда екен. Халқын да қосымша балық өнімімен асырап отыр. Өзбекстанда да қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Онда­ғы көл жүйелері тауарлы балық өсіруді әлдеқашан қолға алған. Ал бізде жұмыс қарқыны баяу, бірақ тың бастамалар жоқ емес.

«Алдымен елдегі өзен-көлдің балығын қорғауда, оның қорын сақтауда бізде дұрыс заң болуы тиіс. Екіншіден, балық аулаудың бірнеше түрі бар. Бізде өндірістік және әуесқойлық түрде аулау жиі кездеседі. Өндірістік, яғни кәсіпшілік аулау кезінде лимит сақталмайды. Осының салдарынан табиғи судағы балық қоры азайған. Бұл жерде балық пен оның түрлерін сақтауда аква өсіру жұмыстары көп көмек береді. Бұл – балықты тоғанда, шарбақты суда, бассейнде өндіріске керекті балық түрлерін қолдан өсіру деген сөз. Әсіресе тұщы суда өсетін түрлерін дамыту қажет. Жалпы, шет мемлекеттерде бұл аква өсіру өте жақсы дамыған. Бізге олардың тәжірибесін тереңдеп зерттеген дұрыс», дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов.

Сөз етіп отырған тауарлы балық өндірісіне, яғни тұқы балық өсіретін осындай шаруашылық жақында Қызылорда облысында жұмысын бастады. Арал ауданындағы «Арал рыбторг» ЖШС 15 гектар аумақта 4 тоған дайындап, балық жіберген. Аталған шаруашылық күзде тоғанды 25 гектарға ұлғайтып, қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цех орнатпақ. Ал келесі жылы сатуға жарап қалатын балықтың алғашқы легі саудаға шығарылады. Серіктестік басшылығының сөзінше, осы салада жүргендер мемлекет тарапынан жасалған қолдаудан кейін балық шаруашылығын дамытуға бет бұрғандар көбейген.

«Жалпы, табиғи судағы балық қорын сақтаудағы ең тиімді жолы – тоған шаруашылығын дамыту. Біз ұзақ жылдар бойы дария мен көлдегі, одан қалды Арал теңізіндегі табиғи өскен балықты аулап, соны сатумен айналысып келдік. Қазір елде аздап болса да тоған шаруашылығын дамыту жұ­мыстарын біртіндеп қолға алып жатырмыз. Әрине, оған көп қар­жы керек. Бұған инфрақұрылым тартып, уылдырық шашу цехы, азық қоймасын орнату қажет. Ал тоғандағы балық белгілі бір салмаққа барғанда оны көл мен өзенге жібереді. Ал онда жіберілген балықты да суық қолдан сақтау жұмыстары жүрген дұрыс. Бірақ мұның барлығына кәсіпкердің жалғыз өзінің шамасы жетпейді, сондықтан мемлекет тарапынан қолдаудың үзілмегені жақсы», дейді серіктестік директоры Шүкірбай Әбдуалиев.

Екінші мәселе – кадр тап­шылығы. Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университеті, Ғылыми білім беру технологиялық плат­формасының атқарушы директоры Фараби Ермековтың айтуын­ша, балық шаруашылығында маман жетіспейді. Яғни балық шаруашылығы комитеті бар, балық инспекциясы мен әкім­діктердегі ихтиолог мамандар бар, бірақ олардың көбінде арнайы дипломы жоқ адамдар жұмыс істеп жатыр.

«Егер жастарымыз бұл ма­мандықты игеріп шықса, дип­­лом ала сала мемлекеттік қызметке орналасар еді. Оған қоса, балық шаруашылығында бизнес дамып келеді. Қазірдің өзінде 500-ден астам балық өсіруші ірі кәсіпорын бар. Оларға да маман жетпейді. Ихтиолог мамандардың ең мық­тысы – бекіре өсіруші. Жалақы 500 мыңнан жоғары» дейді ол.

Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланыс­ты. Жас та, жасамыс та жей беру керек. Бірақ бағасы ірі қараның бір кило етінің пұлымен пара-пар болған балыққа көпшіліктің қолы жете бермейтіні де рас. Мұндайда балықты қолдан өсіріп, халыққа тиімді бағамен ұсынар кәсіпкердің көбейгенін тілейсің. Әрине, бабын тапса, бәсекелестік артса, бағасы да қалтаға салмақ салмайды емес пе?