Мәдениет • 23 Шілде, 2024

TURKTIME: Түркістандағы «Түркі дәуірі»

294 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Түркі мемлекеттері ұйымының Астанадағы Х саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы: «Түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз ортақ», дегені де есімізде.

TURKTIME:  Түркістандағы «Түркі дәуірі»

Президентіміздің бұл мә­лім­демесін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қа­зақ-түрік университетінің ұжымы үлкен ықыласпен қабылдады. Себебі оқу ордамыздың негізгі миссиясы – түркітілдес мемлекеттер мен түркі текті қауымдастық жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беріп, инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу. Сондықтан Мемлекет басшысының «Түркі дәуірі!» – «TURKTIME!» бастамасы университетімізде түркітілдес елдер арасындағы ғылым, білім, мәдениет және спорт салаларында ынтымақты дамыту мақсатында маңызды іс-шаралар өткізуге ұйытқы болды. Атап айтсақ, 2023-2024 оқу жылының басынан бері аталған бағыт­та бірқатар ауқымды іс-шара ұйым­дас­тырылды. Оның алғашқысы – Түркі әлемінің математикалық қоғамы (Turkic World Mathematical Society, TWMS) және университетіміз ұйымдастырған Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі аясында өтті. Конгреске Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті. Бұл үлкен ғылыми басқосуға әлемнің 20 мемлекетінен 500-ден астам математик ғалым қатысып, математиканың 10 ғылыми бағыты бойынша 405 баяндама жасалды. Түркі әлемі мәдениеті дегенде көбінесе жыр-дастандар, жауынгерлік салт-сана, әртүрлі фольклорлық ерек­ше­лік­тері бар дәстүрлер, рухани бағыттағы идея­лар мен ойшылдар ойға оралады. Алайда қазіргі таңдағы диджитал мәдениеттің негізін қалаған түркі мате­ма­тиктері екенін ұмытпаған абзал. Сон­дық­тан да математика ғылымын бүкіл түркі әлемінде насихаттап, кеңінен жа­йып, дамытуды басты мақсат еткен зама­ны­мыздың Әл-Хорезмилері, Әл-Биру­нилері, Ұлықбектері мен Али Құс­шы­ларын Түркістанның төрінде қонақ ету біз үшін зор мақтаныш, үлкен абырой болды.

Сондай-ақ былтыр «Қорқыт ата: миф және тарихи шындық» атты халықаралық симпозиумнан кейін «Қазіргі заманғы түркология: ғылыми парадигмалары және пәнаралық сипаты» тақырыбында дәстүрлі Х Түркология конгресі өтті. Түркі әлемі зиялылары мен ғалымдарының басын қосқан конгресс жұмысына Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Чили мем­лекеттерінен 168 өкіл қатысты. Бұл конгресс – соңғы жиырма жылдан бері екі жылда бір рет университетіміз тарапынан ұйымдастырылатын ең көлемді іс-шаралардың бірі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өткен I Халықаралық түркі әлемі биология конгресінің де маңызы үлкен. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грекия, Жапония, Үндістан сынды жалпы саны 24 елден 150-ден астам ғалым баяндама жасаған конгресте Қазақстан мен түркі елдері ауыл шаруашылығының өткені, бүгіні мен ертеңі, жергілікті өсімдік түрлерін қорғау және көбейту жолдары, түркі әлемін­дегі қоршаған орта мен биологиялық әртүрлі мәселесі талқыланды. Бүкіл әлемді алаңдатқан осы маңызды мәселелер ­бо­йынша ғалымдар тәжірибе алмасып, ой бөлісті.

Ал биыл «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында өткен симпозиумға 2023 жылғы үздік 150 оқытушы, үздік 50 ғалым және 80 арнайы стипендия иегерлері қатысты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамасымен өткен іс-шараға Түркістан облысының әкімдігі қолдау білдіріп, өңір басшысы Дархан Сатыбалды еліміздің төрт тарапынан келген үздік ғалымдарымызға ілтипатын аямады. Симпозиум аясында оқу ордамыздың студенттік театры – «Ясауи жолы» спектаклін қалың көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ университетте Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Орта Азия және күллі түркі әлеміне танымал рухани көшбасшы Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін оқу жүйесіне енгізуді басшылыққа алу, сондай-ақ орта ғасырда қалыптасқан ағартушылық қызмет пен рухани танымдық мұралардың құнды­лық­тарын ашып көрсету мақсатындағы конференцияға Иран, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан секілді елдерден халық­аралық сарапшылар қатысты.

Түркітілдес мемлекеттер мен ел­дер­дегі географиялық білім беру мен зерттеулердің мәселелерін тал­қы­лау, түркітілдес елдер география­сын оқытудың теориялық және прак­ти­ка­лық маңызына ерекше мән беру де на­зардан тыс қалған емес. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті мен Географиядан Рес­пуб­ликалық атаулы мектеп және Гео­гра­фия және су қауіпсіздігі институты сынды ұйымдармен бірлесе өткізілген «Түркі әлемі I халықаралық география конгресінде» түркітілдес географиялық ұғымдар мен терминдердің әдістемелік негіздері, табиғат ресурстарының әлеуеті, шаруашылықта тиімді пайдаланудың иннова­циялық технологиялары мен әдістері, табиғи қорықтар мен рекреа­циялық аймақтардың жағдайы және халықаралық туризмнің даму әлеуеті, су ресурстарын және қауіпті табиғи үдерістерді басқару бағыттары қамтылды. Конгресс аясында оқу орнымыздың базасында «XI-XIX ғғ. Еуропалық және шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты галерея ашылды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және университетіміздің ұйымдастыруымен өткен «Алтын Орда және оның мұралары» тақырыбындағы халықаралық конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Қатар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысып, «Алтын Орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Конференцияға арнайы келген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн Түркістан қаласы мен түркі әлемінің ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Ясауидің халықаралық ортадағы рөлі мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ тарихы тереңге бойлаған қазақ даласының ежелден саяси ортада әлеуеті жоғары болған мемлекеттерге мекен болғанын атап өтті. Сонымен қатар сарапшылар Жошы ұлысының, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық қаласы, қазіргі уақытта ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қала­шығының рөлі мен маңызына тоқталып, жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениетінің өзара ықпалы мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен өзіндік тұжырымдарына баға берді.

Биыл мамырда университетіміз бен Түркияның Ван Юзүнджү Йыл уни­верситетінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігі, Қырғызстан-Түркия Манас универси­теті және Анкара әлеуметтік ғылым­дар университеттерінің қолдауымен «Түркі әлемінің жаңару кезе­ңіндегі инте­ллектуалдық қозғалыстар» атты халықаралық симпозиумы өтті. Күллі түркі әлемінің ғалымдары, зерттеушілері мен ізденушілері бас қосып, тарихтың қойнауынан бүгінге дейін жалғасқан инновациялық үдерістегі динамиканың, интеллектуалдық қозғалыстардың және осы секілді үдерістердің әлеуметтік, мәдени және саяси құрылымдарға әсерін талқылауды мақсат еткен симпозиумда күн тәртібіндегі ортақ мәселелердің шешімдері іздестіріліп, ортақ мәдени мұрамызды қорғау және дамыту үшін ынтымақтастық мүмкіндіктері зерделенді. Ал Алматы қаласында университеті­мізге қарасты Еуразия ғылыми зерттеу инс­титутының Ұлттық ғылым академия­сымен бірлесіп ұйымдастырған «Орталық Азияның тарихи география­сы» атты халықаралық конференциясы аймақтың тарихи географиясының көпқырлы бейнесін терең түсінуге және тарихи ландшафттар мен білімнің өзара байланысын талқылауға бағытталды. Конференцияға Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры және Қытай мен Ішкі Азия тарихы бойынша Марк Шварц профессоры Марк Эллиотт арнайы қатысты. Сонымен қоса АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Қатар, Моңғолия, Ресей, Қытай, Түркия, Чехия және Орталық Азия мемлекеттерінен 45 эксперт-ғалым қатысып баяндама жасады.

Жалпы, жоғарыда айтып өткен 10 ғылыми-танымдық іс-шараға 30 елден 2 500-ден астам ғалым, оның ішінде 850 шетелдік сарапшы келіп қатысты. Осылайша, Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласында ғылым туризмінің дамуына да оқу ордамыз үлкен үлес қосты. Осынау маңызды ғылыми кездесулерді қорытындылап, алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру мақсатымен маусымда оқу орнымыз бен Қырғызстан-Түркия Манас университеті арасындағы ортақ сенат мәжілісі өтті. Бішкек қаласында өткен басқосуда маңызды тақырыптар талқыланды. Екі халықаралық университеттің оқытушы-профессорларының арасындағы ортақ ғылыми зерттеу жұмыстары туралы мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар қос оқу орда білімгерлерінің акаде­миялық алмасу мен спорт, өнер және мәдени алаңдарда ортақ іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қозғалды.

Түркі әлеміндегі бірегей жоғары оқу орны – Қожа Ахмет Ясауи атын­да­ғы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде бүгінде әлемнің 17 елінің жас­тары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері білім ала­ды. Осы орайда түркі әлемін білім, ғылым, мәдениет және руханият­ арналары арқылы біріктірген Ахмет Ясауи уни­верситетінің идеологиялық маңызы зор. Басқаша айтсақ, біздің оқу ордамыз­да білім алған түркі әлемінің жастары өз елінде қазақ елінің мәдениеті мен өркениетін, бәрінен бұрын достық ниетімізді апарып таратар десек, түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген бұл жас өрендер – Түркістанымызды түркі әлемінің мәңгілік астанасы етіп тұрар ұлы түркі мәдениеті мен өркениетінің өкілдері һәм елшілері.

Сондықтан да университетіміздегі түр­кі­тілдес халықтары жастарының дос­тығын нығайту мақсатында түркітілдес елдердің атаулы күндері, мемлекеттік мерекелері, белгілі тұлғаларына қатыс­ты іс-шаралар да үздіксіз өтеді. Мысалы, Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасында Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес сынды спорт түрлері бойынша сайыс­тарға қатысты. Сондай-ақ Түр­кия Республикасы күніне арналған мере­келік концерт, Ахысқа түріктерінің қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кеші, «Ходжалы трагедиясына» арналған кеш, қырғыз халқының «Ақ қалпақ» күніне арналған мерекелік іс-шара, «Түркі тарланы мен Бегім сұлуы» атты түркі жастарының дәстүрлі байқауы, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы» бастаған көптеген көлемді іс-шара атқарылды.

Кез келген әлеуметтік, ұлттық, транс-ұлттық бастама көлемді ғылыми ой мен толғанысты керек етеді. «Түркі дәуірі!» – «Turktime!» – болашақты бағдарлайтын, өшкенді жағып, ұмыт болғанды тірілтетін, аймақтағы барлық ел мен ұлтқа тиімді, бейбітшілік пен достыққа негізделген идея. Бұл идеяны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемге паш етуі түркі әлемінің ең маңызды тарихи тұлғаларының бірі – Қожа Ахмет Ясауидің атымен аталатын халықаралық қазақ-түрік университеті ретінде бізге үлкен шабыт сыйлады және бір жылдың ішінде көптеген интеллектуалдық қозғалыстарға күш-қуат берді. Өйткені ұлы идеяларға қызмет ету – заманауи университеттің негізгі міндеті.

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

ТҮРКІСТАН