Үкімет • 23 Шілде, 2024

Су тасқыны: Білім беру мекемелеріне 7,5 млрд теңге бөлінді

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тасқыннан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіру жұмыстарына Үкіметтің төтенше резервінен қосымша қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су тасқыны: Білім беру мекемелеріне 7,5 млрд теңге бөлінді

Фото: Үкімет

Қалпына келтіру жұмыстары Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарын қамтиды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Аталған қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.

Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысы Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында «Есіл» сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы «Балауса» балабақшасы, Ойыл ауданындағы «Балбөбек» мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.