12 Маусым, 2015

Түркия: халық өз ойын білдірді

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл елдегі сайлаудан жұрттың, ең алдымен, биліктің күткені басқа еді. Биліктегі Әділдік және даму партиясы (ӘДП) қолын ұзарта түседі деген. Керісінше болды. Олар сайлаушылар дауысының 41 пайызын ғана алып, парламенттегі біраз орнынан айрылып қалды.

20150612 (3)

Биліктегі партияның жеңісі ең алдымен, Реджеп Тайып Ердо­ғанға керек еді. Ол өзі бейресми көсемі саналатын партияның арқасында президенттік билік­ке көшіп, өз құзырлығын күшейт­пек болған. Бұл елдегі заң бойынша, парламенттің шешімімен конституцияға өзгеріс енгізіле береді. Ол үшін депутаттардың үштен екісі қолдаса, жетіп жатыр. Ал мына сайлаудан кейін оған жетпек түгіл, жай үкімет жасақтауға қажет мандаттарға да ие бола алмады.

Елдің экономикалық тұрғыда қарыштап дамуы, саяси беделінің артуы соңғы он жылдықта жүзеге асты десек, бұл кезең парламенттік билік жүйесіне сай келеді. Қисынға салғанда, одан бас тартудың жөні жоқтай да. Биліктегі жаңа жүйе елден бұрын Ердоғанға керек болды. Әңгіме мынада. Бұған дейін билік парламент белгілейтін үкімет қолында болса, оны он жылдай премьер-министр Ердоған ұстады. Тағы да заңға байланысты үкімет басқару мерзімі аяқталған соң, Ердоған президенттікке ауысты да, бар билікті өзімен бірге ала кеткісі келген. Ал мына сайлаудан кейін оған мүмкін болмай отыр. Партиядан бұрын сарапшылар мұны Ердоғанның жеңілісі санайды. Тіпті, оның тек билікке қатысты реформа жасамақ ниеті ғана емес, соңғы жылдардағы жүргізген ішкі, сыртқы саясаты да халықтың біршама бөлігінің наразылығын туғызған. Ел ішінде көптеген жау «табылып», әскерилерді, құқық қорғау саласындағы адамдарды қамауға алу жалпы, халықтың жүйкесіне салмақ түсіргені анық. Сыртқы саясаттағы ел басшылығының ұстанымы да қайшылыққа толы. Бір кездегі жақсы қарым-қатынастағы елдермен оп-оңай араздаса салу парасаттылыққа қайшы. Мұндай әрекеттер сенімнен айырады. Бұл тіпті одақтастарының да көңілдеріне қаяу түсіреді. Сайлаудың нәтижесі – Түр­киядағы бүгінгі жағдайдың көрі­нісі. Оны әсте де сыртқы күштердің ықпалынан көруге болмайды. ӘДП басқалардан көбірек дауыс алса да, бұрынғы беделінен айырылған. Оның қазір парламентте 255 орны ғана бар. Бұрынғымен салыстырғанда тым аз. Біреуден кеткен нәрсе екіншілеріне барады. Зайырлы солшыл центристік Халықтық-республикалық партия (132 орын) мен Ұлттық қозғалыс партиясы (82 орын) жағдайларын біршама жақсартса, Халық демократиясы партиясының (80 орын) 10 пайыздық белестен асып, парламентке өтуі – үлкен жаңалық. Билік партиясына тиген соққының ең ауырының бірі – осы. Бұл партия қоғамдағы азшылықтың мүддесін қорғайды. Осының барлығы алдағы уақытта парламенттегі күрестің жеңіл болмайтынын аңғартады. Түркия – әлемде өзіндік орны бар ел. Түркі дүниесі үшін ағалық орны өз алдына, Батыс пен мұсылман әлемінің арасындағы көпір де іспетті. Содан да оған көз тігетін жұрт көп. Біреулер жетістігіне қуанар, қиындығын көріп, табалайтындар да табылатыны анық. Біз де сол жаққа қарап, көңіліміз алаңдайтын жұртпыз.

Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.