Әрине, бұлардың бәрі – түп қазығы анық тарихи ескерткіштер. Кейінгілерінен ше? Екеуі есімізде тұр. Біріншісі – Лев Гумилевтің қарапайым бюсті. Екіншісі – тағы да мүмін арбакеш ескерткіші. Неге Гумилев және ол неге асқақ емес? Жоқ, ол тарихи алғышартымен асқақ! 2005 жылы Қазанның мыңжылдығы өтетін болып, даярлық басталады. Кім, қалай идея көтергенін білмедік, осы қалаға І Петр патшаның ескерткіші тұрғызылатын болып шешіледі. Сонда татар зиялылары дүр етіп қарсы тұрады. Уәжі – «Біз пешенемізге жазылған тарихтан қашпаймыз. Бірақ І Петрдің Қазанды отарлау саясаты бізге әрдайым қырғынды елестетіп тұрады...». Демократия арындап тұрған шақ. Патша орнына «мәміле тұлға» ізделіп, таңдау түркітанушы ғалым Лев Гумилевке түседі. Сөйтіп, Қазанда халық қалауы жеңеді.
Еділ мен Қазан (Казанка) өзені түйіскен жердің дөңінде осы жұрттың Кремлі тұр (этимология бұл сөздің түп-төркіні «қырман» дейді). Соның қабырғасын жағалай тартылған жолда бір ескерткішті көріп, қайран қалатынбыз. Арба жегілген ат. Оның тізгінін бір ақсақал жаяу-жалпы ұстап тұр. Өзі арба үстінде асыр салған балалармен күлімсіреп тілдесіп тұрғандай. Рас, бір бала арба соңында ілесіп жүргірген секілді. Көлік үстіндегі екі қыздың бірі қуыршақты ма, жоқ сәбиді ме бауырына қысып алған. Бөпеден (қуыршақ) басқа ұл-қыз саны – алтау. Татарда біз секілді алты да, жеті де қасиетті сан. Ескерткіш 2008 жылы орнатылыпты.
Татар әріптесіңізден «Бұл кім?» деп сұрасаңыз, әй, әңгіме тиегін ағытады-ау. Бұл өмірде болған адамның прототипі екен. Асгат Галимзянов, бізше Асхат Ғалымжанов болады. 1936 жылы қарапайым еңбек адамының шаңырағында дүниеге келіпті. Әкесі оған әрдайым: «Балам, ешкімнің ала жібін аттама! Ерінбей еңбек ет. Тапқан табысыңды жұртпен бөліс. Бар жақсылық пәниде де, бақида да алдыңнан шығады», дейді екен. Асекең жоғары оқу орнын оқи алмайды. Әскерден келген соң, біраз уақыт милиция сапында жұмыс істейді. Бірақ бұл кәсіпті қолай көрмей, базардың арбакеші болып орналасады. Міндеті – жеміс-жидек қалдықтарын бірер қыр асырып далаға тастау екен. Бір күні ой келеді: «Неге мұны малға берсем, сауап іс қой» деген. Сірә, ол кезде қала ішінде мал бағуға тыйым салса керек. Содан үйінің маңынан үлкен әрі кең жертөле қазып, жасырын қара мал асырайды. Жем-шөбі – базардың су тегін қалған-құтқаны. Бұл берекелі кәсіп болады. Қорасын айнадай таза ұстайды. Керемет байиды. «Ақшасын қайда жібереген?» дейсіз ғой. Татарстан, Башқұртстан, Шубашстан республикаларының балалар үйіне аударып отырған. Бейбітшілік, Чернобыль, т.б. қорларына салған қаржысы тағы бар. 90-жылдары төтеннен экономикалық дағдарыс келгенде, Қазанның №1 балалар үйіне «Нива» көлігі мен автобус сатып алып береді. Жеміс-жидек піскенде жас өрімдер қуансын деп уылжыған өнімді арбалап әкеліп, тарту ететін ұқсайды. Жалпы, оның жан-жақтағы балалар үйіне сыйлаған көліктерінің саны 80-нен асады екен.
Айтқандайын, кеңес тұсында ОБХСС қылмыстық іс ашқанда, қаладағы балалар үйі басшылары заң орындарына барып: «Үкімет бермегенді Асхат әби берсе, ол неге жазықты болады?» деп аршалап алады...
Ал мына адамшылық ерлігін теңеуге сөз таппайсыз. 2000 жылдары Раиля Хадиева ныспылы әйел отбасындағы 7 жанмен Қазақстаннан тарихи отаны – Татарстанға қоныс аударады. Сөйтіп, бір баракта тұрып жатады. Әжелері науқас екен. Осыны естіген Асхат әби өзі тұрған пәтерін сол міскіндерге басыбайлы сыйлап, ыстық суы жоқ жер үйіне қайта барады. Бұл оқиға журналистер арқылы бүкіл Татарстанға мәшһүр болады. Тебіренбеген жан қалмайды.
Үндемей жүріп үлкен елдік істерді тындырған татар елі басшысы Мінтемір Шаймиев танымал скульптор Әсия Миннулинованы шақырып алып, «осы еңбек адамына жақсы ескерткіш орнату керек» деп тапсырма береді. Қаржысын, қаламақысын өзінің жеке отбасы есебінен төлейді. 2008 жылы әлгі қарапайым еңбекқор ескерткіші Қазан Керемлі маңайынан жарқ ете қалғанда, қуанбаған жан қалмайды. Асгат Галимзяновтың аты мен абыройы одан сайын дүрілдейді. Деректі фильм де шығады, талай сұхбат та алынады. Міне, сондай халқына танымал адам 2016 жылы 80 жасында бақиға озады. Қаралы жиында Мінтемір Шәріпұлы татар ұлтына көңіл айтуын «Біздің халық Асгат әбидей тұлғаны «Ізгі жан» деп атайды. Ізгі адамдар таусылмасын!» деп қорытыпты.
Біз Асекеңнің көзі тірісіндегі көп сұхбатын шолып шықтық. Бір жауабына риза болдық. Журналист: «Асгат әби, сіз жоғары білім алған жоқсыз. Институт бітірсеңіз, кім болар едіңіз?» деп сұрапты. Асекең тілшіге өзіне тән биязы жымиыспен: «Бір шағын мекемені басқарсам да, әділ басшы болар едім», деп жауап беріпті.
Айтуған ДОСБИ