Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әрине, біз жабылғанына қарсы шығып, өре түрегелгенімізбен, заңға қарсы келе алмаймыз. Себебі 4-5 баланы оқытудың, оларды тамақпен қамтамасыз етудің әуресі көп. Ол – мемлекетке де артық шығын. Ең дұрысы, арнайы көлік бөліп, көрші ауылға қатынап оқудың амалын жасау тиімді. Қиыны сол, кейбір аядай елді мекенде тапшы мамандардың дені ауданнан не маңайдағы ауылдан қатынып жұмыс істеуге мәжбүр. Қазір облыстық білім басқармасы осы мәселенің шешімін табу жолымен айналысып жатыр.
Бұл – бір ғана Кербұлақ ауданындағы жағдай. Жалпы, Жетісуда ауыл мәртебесінен айырылуға жақын елді мекендер жетерлік. Тіпті болашағы жоқ ауылдардың саны жылдан-жылға өсіп отыр. Себебі жастардың дені қалаға жұмыс істеуге кетіп, туған жеріне қайтып келмейді. Ауылдағы әке-шешелері малдың қамымен алысқа ұзамай, қарашаңырақта қалып қояды. Сондай ауылдың бірі – Көксу ауылдық округіне қарасты Көктал елді мекені. Мұнда бар жоғы 300-ге жуық адам тұрады. Бір қабатты шағын үйде оқыған оқушылар жоғары сыныпты көрші ауылға барып жалғастырады. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Айдос Көкеннің айтуынша, балаларының болашағы үшін ата-аналар бұған түсіністікпен қарағаны жөн.
«Көксу ауылдық округіне Көктал, Көксу, Беріктас, Қосағаш елді мекені кіреді. Ішінде халқының саны аз осы Көктал аулы. Мұндағы бастауыш мектепте 5 қызметкер жұмыс істейді, 6 бала оқиды. Оның төртеуі осы елді мекенде тұрса, бір маман көрші ауылдан қатынайды. Ауылдың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Оларды халқы тығыз орналасқан басқа ауылға көшіріп апару мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар жағдайға илануы қажет, қатынап істейтін мамандарға да қиын», дейді Айдос Көкен.
Негізі Көксу ауылдық округінде 1 622 адам тұрады. Оған қарайтын Көктал аулында – 293 тұрғын, Көксу аулында – 803 тұрғын, Беріктас аулында – 464 тұрғын, Қосағаш аулында 460 тұрғын бар. Көкталдағы мектеп 2006 жылы Көктал бастауыш мектебінің негізінде Көктал жалпы негізгі мектебі болып ашылған. Бертін келе бала саны күрт азайып, ауыл халқы да тіршілік қуып сыртқа көшіп кеткен.
Жалпы, Жетісу облысында 337 мектептің ішінде 32 бастауыш мектеп тіркелген, яғни мұнда 1-4-сынып оқушылары ғана білім алады. Соның 11-і Кербұлақ ауданына қарасты. Аудандық білім басқармасының басшысы Тұрар Бақышұлы жеті мектептің жағдайы мүшкіл екенін жеткізді.
«Бұл мектептердің көбі ескі ғимаратта орналасқан. Оның үстіне он шақты ғана бала білім алады. Мұғалімдердің сағатын толтыру ғана емес, қатынап жұмыс істеу оларға да тиімсіз. Алдағы уақытта бала саны азайса, біз амалсыздан мектепті жабуға құқылы боламыз. Ондай жағдайда сол ауылдағы оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус сұраймыз. Балалар білімсіз қалмайды, ата-аналардың алаңдауына еш себеп жоқ», дейді Тұрар Бақышұлы.
Жабылуы мүмкін 7 мектептің жайына үңілейікші. Көктал бастауыш мектебін жоғарыда айттық. Шаған бастауыш мектебінде – 8 бала, 4 маман; Қарлығаш бастауыш мектебінде – 5 бала, 2 маман; Сарыбұлақ бастауыш мектебінде 6 бала, 7 маман, оның 4-еуі ауданнан қатынайды; Сайлыкөл бастауыш мектебінде – 8 бала, 4 маман; Қызылқұдық бастауыш мектебінде – 9 бала, 5 маман; Желдіқара бастауыш мектебінде – 6 бала, 5 маман, оның 2-еуі Сарыөзекте қосымша қызмет көрсетеді. Яки ешқайсының жағдайы оңып тұрған жоқ. Оның үстіне бұл мектептер әбден ескірген.
Біз осы орайда облыстық білім басқармасына хабарласып, аталған мәселенің жай-жапсарын сұрадық. Қараңыз, өңірдегі 32 бастауыш мектепте 5-тен 30 оқушыға дейін 488 оқушы білім алып отыр. Түстеп көрсетсек, 5-10 оқушы – 15 мектепте, 11-25 оқушы – 13 мектепте, 26-30 оқушы 4 мектепте оқиды. Мұндай кішкентай білім ошақтары Ескелдіде – алтау, Ақсу, Панфилов, Сарқанда – төрт мектептен, Қараталда – екеу, Көксуда – біреу.
«Ең бастысы, Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының орындалмауы болып отыр. Жоғарыда аталған 32 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, спорт және акт залдары, асханалары жоқ. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталмаған, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуда да қиындық тудырып отыр. 2022, 2023 жылдары бала саны азайып кетуіне байланысты Ақсу, Қаратал аудандарын 4 бастауыш мектепте оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, бастауыш сынып оқушылары, жоғары сыныптармен бірге тасымалданып, білім алуда», дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ал жоғарыда аталған 32 ауылдан тиісті жоғары сыныптары жоқ болғандықтан, 5-11-сыныптардан 758 бала негізгі мектептерге 21 автобуспен тасымалданды. Биыл 32 бастауыш мектептің ішіндегі бала саны аз мектептерді кезең-кезеңмен оңтайландыру жұмыстары жүзеге асады. Оңтайландыру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделіп, асхана, спорт және акт залдары жоқ мектептер мәселелері шешіледі.
«Әрине, баламыздың білімсіз қалғанын қаламаймыз. Ауыл күннен-күнге ыдырап барады. Кеңес өкіметі кезінде үлкен ұжымшардың бірі болған. Картоп егіп, жүгері өсіріп, облыстың мерейін өсірген. Ал қазір малдан басқа ешқандай тірлік қалмады. Тіпті ауыл тұрғындары ауданға қатынап жұмыс істейді. Балалардың қатарынан қалғаны дұрыс емес. Мектеп жабылса, осында істеп жүрген ауыл тұрғындары жұмыссыз қалғалы тұр. Ол да уайым. Көрші ауылға қатынап оқығаны дұрыс та шығар, бірақ алаңдайсыз. Қыс мезгілінде қиын», дейді Көктал аулының тұрғыны Самал Асқарова.
Өңірде мектебі жоқ отызға тарта шағын ауыл бар. Оларға арнайы қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Талапқа сай бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ берілуі қажет. Алайда алыстағы ауылдағы 5-6 оқушыға арнайы қызмет көрсетуге ешкім келіспейді. Тағы бір түйткіл – тасымалдайтын автобустар ескіргені. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа автобустар беріліп жатыр. Алдағы уақытта облыстық білім басқарамасы қоғамдық көліктерді толығымен жаңартуға ниетті.
Жетісу облысы