Әдебиет • 24 Шілде, 2024

«Түркі дүниесінің рухани мекенінде» туған тұғырлы туынды

187 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Башқұрт тілінде «төрк» деген қастерлі сөз бар. Қазақшасы – түрік. Орысша сөз қолданыста «турок», «тюрк» болып кете береді. Түрік тілдерінде 160 миллионнан астам адам сөйлейтінін еске алсаң, көңіліңді қуаныш кернейді. Қазіргі заманда ғалымдар түріктердің бүкіл адамзаттық өркениеттің басы болғанын айтып жүр. Өкініші – Түріктердің бүгінгі ұрпағы тамырдан алыстап кетті. Көбісі түрік сөзінің ішкі мағынасын түсіне бермейді. Алыс-жақын түрік халқына өздерінің бағзы бір түріктің ұрпағы екенін ұғындырсам, Түркістан түбірге сайсаң Түрікстан екенін жетесіне жеткізсем деп жүрген бір азамат – біздің қазақ досымыз Құлбек Ергөбек.

«Түркі дүниесінің рухани мекенінде» туған тұғырлы туынды

Қазақтың қабырғалы қалам­гері Құлбек Ергөбек Түркістан­ды Түрікстан деп атайды. Өзі­нің ­7 томдық мақалалар жинағын «Түрік­стан жинағы» деп таңбалады. Біз де оған ден қойып, Түркістанды Түрік халықтары Меккесі деп танимыз, Түрікстан деп сағынышпен айтып жүреміз. Құлбек досымыздың шақыруымен қасиетті қалаға сапарлап барып, қайтқан соң «Ақидель» журналында солай деп жаз­дық та.

Құлбек досымыз – «Отырар кітапха­насын» (2000 ж.) «тірілткен», Түрікстанда әлемдегі тұңғыш «Б.Кенжебайұлының түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ұйымдастырып ашқан үлкен меценат азамат. Досымыздың 20 жылдай күллі Түрік халықтарына қызмет етіп келе жатқан мәдени орталықтарын ашуын өзіміз көрегендік деп қараймыз. Көрмейсіз бе, Қазақстан Президенті Түрікстанға жаңа мәртебе бермек. Ал Құлбек өз қаржысына ұйымдастырып ашқан түрік халықтарына ортақ мәдени мекемелер қызметін бастағалы 20 жылдай уақыт. Осы 20 жылда Түрік халықтарына қызмет етіп келе жатқан мәдени орталықтардың қалыптасуына біз де өз үлесімізді қосудан танған емеспіз. Кітапханаға ұлы ақын Рәдиф Гаташ татар тіліндегі, профессор В.Я.Бутанаев хакас, Н.И.Васильев саха, біз башқұрт тіліндегі кітаптарды ұдайы жіберіп отырамыз. 24 түрік тілін­дегі (Алтай – Тва тілдері аралығында) кітапхана солай қалыптаспаса, енді қалай қалыптаспақ?! Осының ішінен «Түрік халықтары өнер галереясының» тұса­уын маған кестіргені үшін досымызға алғы­­сым шексіз. Бір бұл ғана емес, Түрік ха­лық­тары әдебиетінің мәселелеріне арнал­ған ­7 томдық «Түрікстан жинағының» 7-то­мына маған Алғысөз жаздырғаны бар. Ол 7 томдықтың да тұсауын маған шеш­тірді.

Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек­тің әлгі аталған «Түрікстан жинағы» ол жаз­­ған, кітап етіп бастырған 70-ке тарта кітап­­тың бір парасы ғана. Ол сұмдық еңбек­қор ­сын­шы. Біз Түрік халықтарының ортақ бай­рақтары Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім айналасында жүріп таныстық. Шыңғыс Айтматов Брюссельден жазған хатында: «Қымбатты Құлбек! Сөз өнерінің қадір-қасиетін нәзік түйсініп, стильдік бояу-өрнегін айырып талдайтын Сенің тағы бір ерекше қасиетің – Сен бір өзіңнің туған әдебиетіңнің мәселесімен шектеліп қалған сыншы емессің, Орталық Азия әдебиеті­­нің де асқан білгірісің», дейтіні бар емес пе?! Құлбек бір қазақ әдебиетінің ғана сын­­шы­сы емес, күллі түрік халықтары әдебиеті­­­нің білгір сыншысы. Бір башқұрт әде­биеті­нен Акмулла, Өтембаев, А.З.Вәлиди, М.Кәрім, К.Аралбаев, З.Бикбулатова және Мен жайында әр кезде толымды мақала жазған. Акмулла мен Өтембаев ХІХ ғасырда жасаған башқұрт әдебие­ті тарихының өкілдері, Вәлиди – түрік халықтары тарихының ұлы зерттеушісі, тарихшы, Мұстай аға мен Кәзімді үздік ­поэзия өкілі дейік, Мен балалар ақы­нымын. Сонда, башқорт әдебиетінің арғы тарихы мен бүгінгі өкілдерін жете біліп отырған жоқ па, сыншы досымыз?

Бір башқұрт қана емес, түрік халық­тарының ортақ мақтанышына айналып өткен Мұстай (Мұстафа Сәфич Каримов) аға Құлбекті жақсы көріп, ол жайында сүйіспеншілікпен әңгімелейтін. Башқұрт әдебиеті сыншыларына үлгі ететін. Мұстай Кәрім жақсы көрген Құлбекті біз неге жек көрейік? Біз осылай достасып кетіп едік.

Құлбектің бар кітабы менде бар. Біз кеңестік кезеңнің кітап алмасып оқу дәс­түрін жалғастырып келеміз. Қазақ хал­қын аға тұтатын біз, М.Әуезові бар қа­зақ әдебиетін де ұлы тұтамыз. Кезін­де қыр­ғыз Шыңғыс Айтматовты, татар Мұса Жәлилді, біздің Мұстай Кәрімді – КСРО-ның төріндегі сыйлықтарды ­алуына себепкер болған Әуезовті ұмыту әсте мүмкін бе? М.Әуезовтің «Абай» романын тығырықтан алып шығатын бас­пагер Бейсембай Кенжебаевтың ерлігін ­де Құлбектің еңбегінен оқып білдім. Өз ба­сым қазақ әдебиетінің, оның ішінде бала­лар әдебиетінің аяқ алысын Құлбек Ергө­бек еңбектері арқылы қапысыз ба­қылап ­отырамын. Дүниедегі тұңғыш түркологиялық музейдің ашылу рәсі­мін­де түрколог ғалым шәкірті М.Жол­дас­­бе­ков пен оның досы Махмуд Ғайнул­лин­­нің шәкірті Хатип Миңнегулов лентасын ­­кесіп тұрғанда, өз басым баспагердің ­«Абай» ­романын тығырықта тоқтап тұрған ­жері­­нен жарыққа шығарып жі­беретін ­қай­­сар­лы­ғын есіме алып тол­қыдым. «Абай» ­ке­­йін Мемлекеттік, Лениндік сыйлық ала­­тын «Абай жолы» эпо­пеясының алтын бас­­­т­ауы­­ ғой. Мәселе осында! Дүние көзін­­­дегі тұңғыш аталатын түріктану музейін ­­өз қаражатына ұйымдастырып ашқан ­тағы да Құлбек.

Әңгімені Түрік халықтары – Мекке­сінде туған Түріктану музейі, Түрік тілдес халықтар кітапханасы, Түрік халықтары өнер галереясынан бастап кеттік білем. Оның өзіндік себебі бар. Біріншіден, ешбір халықта, ешбір ұлтта өз халқы­на осын­шалық мәдени-ғылыми ошақ ашып берген бірде-бір жазушы жоқ. Түріктану музейі, Түрік тілдес халықтар кітапхана­сы, Түрік халықтары өнер гале­рея­сы... Қосарлап, топтап айтпай-ақ қоялық. Осы­ның бірін ғана жасаған жазушы бар ма бізде? Жоқ. Музейдің жөні тіпті бө­лек. Түрік халықтары әдебиетінде ұстазына арнап өз қаражатына музей жасаған, экспозициялаған екінші бір қаламгер бар ма? Жоқ қой. Құлбек досымыздың өнебойы толы өнегелі іс! Өз басым солай қабылдаймын. Ең бастысы, бұл – бір қазақ еліне жасалып отырған игілік емес, түрік ұлт-ұлыстарының бәріне жасалып отырған ұлтты марқайтар ұлан-асыр қызмет емес пе? «Отырар кітапханасын» «тірілтуін» тіпті кісі таңғалар ғажайып деп білемін.

Осының баршасынан кейін Құлбек досымызды қаламгер ғана емес, қайраткер деп мойындаймын. Түріктану музейінің лентасын қиып тұрып, М.Жолдасбековтің айтқаны бар: «Біздің Құлбек біз мемлекет болып, қоғам болып Астанада аша алмай жүрген түрік халықтарына ортақ қазына-байлықты Түркістанда қарызданып, қауғаланып жүріп, жасап тастапты ғой... Әкім бала, неге Құлбекке жәрдем бермейсіңдер?». Бұл – ұлылық! Міне, Құлбектің шын бағасы! Сосын ғой Менің «Құлбек деген ерің» деп арнау өлең жазып жүргенім.

Екіншіден, Құлбек Ергөбектің Мем­лекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабы «Түрік тілдес халықтар кітапха­насының» ішінде жазылған кітап. Олай ойлайтын себебім – «Йәйғор» (Өфе, 2003) ата­латын балаларға арналған жыр жи­нағымды «Түрік тілдес халықтар кітапха­насына» сыйға тартқанмын. Өзіме ыстық жинақ болатын. Балаларға арналған қазақ ақындары тақпақтарын талдай келіп, әлгі жинақтан Менің:
«Ақтан ақ нимә ақ?
Яңы ғына қаймақ,
Актан тағы ни бар?
Яуып торған ақ қар.
Ап-ақ қағыз алдым,
Ак сәламдар яззым,
Бына хатым әзар,
Ак юл уга хәзер» (8 бет) секілді ақ бояуға құрылған өлеңдерімді ақ ниетпен танып талдапты. Бала бойына ақ нұр құюда башқұрт ақыны табысты деп жазыпты. Бала көңілінің ақтығы мен ақ түсті құбылысты өзара сабақтастырып, құбылтып ойната білгенімді жоғары бағалапты. Сол секілді татар әріптесіміз Рафис Корбанның «Шигырьләре» (Казан, 2013) поэзия жинағынан Қоянды кейіп­кер етіп алып, балаларға татымды тақпақ жазғанын да қазақ ақындарымен салыс­тыра сәтті талдап шығыпты. Татар балалар әдебиетінің классигі Рәфис Корбан жинағын да сыншы өзі жылдар бойы жинастырып қалыптастырған «Түрік тіл­дес халықтар кітапханасынан» алғанына күмәнім жоқ. Өйткені мысалға алып отырған жинақтарды бәріміз де «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» тапсыр­ған болатынбыз. Біз Рәфис екеуміздің жинақтарымыз ғана емес, өзбек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, шуаш, шор, тва, хакас балалар ақындары мысалдарын сол өзі ұйымдастырған кітапханадан тапқаны­на күмәнім жоқ. Түрік халықтары мекке­сін­де «Түрік тілдес халықтар кітапхана­­сы» секілді игіліктерді жасаған Құлбек. Түрік халықтары меккесінде жасалған мәде­ни ошақтарға жинақталған рухани игілік­терді тиімді пайдаланып, «Адамның бір қызы­ғы бала деген...» – түрік халықтары балалар әдебиеті жайында сын кітабын жаз­ған Құлбек! Бүгінде «Түрік тілдес халық­тар кітапханасының» ішінен бөліп алып, жеке жинақтап, әрі қарай дамытып «Түрік тілдес халықтары балалар кітапхана­сын» жасақтауды бастаған мәдениет меце­натымыз да Құлбек Ергөбек! Ташкент барып, Республика Президенті Шавкат Мирзеевтің Ұлттық паркті – Өзбек жазушыларына беріп, ішінен Жазушылар одағының үш қабатты ғимаратын, Әдеби музейін салдырып берген, «Жазушылар паркі» ішіне Әлішер Науаиден бастап, ұлы жазушыларының кісі бойы сан құбылған ескерткіштерін қондырға­нын көріп, Түрік халықтары меккесінде (Түркістанда.Ауд.) – «Түрік халықтары жазушыларының саябағын» ашамын, саябақ ішіне Түрік халықтары жазушы­ларына сирек тұқымды тал тіктіріп, түр­лі республикалардағы Жазушылық қор арқылы, саябақ ішіне Түріктің әр­бір ұлтының ұлттық мақтанышты жазу­шысының кісі бойы ескерткішін қой­дырам» деп дабыл қағып жүрген жампозыңыз тағы да – біздің қайраткер қандас қаламдасымыз – Құлбек Ергөбек!

Тап осы Құлбекше «Түрік тілдес ха­лықтар кітапханасын» жасақтап, ол кітапханаға жинақталған түрік халықта­рының әр буын қаламгерлері кітапта­рын пайдаланып, түрік халықтары бала­лар әдебиеті мысалында «Адамның бір қы­зы­ғы бала деген...» секілді – түрік халық­тары балалар әдебиетін ортақ пробле­малар жүйесіне құрып, арнайы әдеби сын кітабын жазып шыққан тағы бір қаламгерді біз әзірге білмейміз. Құлбек Түріктану музейін экспозициялауда, Түрік тілдес халықтар кітапханасын жинақтауда, Түрік халықтары Өнер галереясын жасақтау­да – түрік халықтары жазушылары ара­сында жалғыз. Түрік республикалары­ның әрқайсысында жасақталса құп жара­сып кетер мәдени ошақтар да әзірге жал­ғыз-жалғыздан. Ол – жалғызды жасау­шы жалғыз – тағы да қазақ әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек. Өзі жинақтап, жасақтаған мәдени құндылықтарды пайдалана отырып «Адамның бір қызығы бала деген...» секілді күллі түрік халықтары балалар әдебиетінің арғы-бергісін өзара салыстырып, талдап кітап жазған жалғызымыз тағы да Құлбек Ергөбек! Бұл өзі бір сәтімен туған кешенді еңбек. Кітапхана құрады. Өзі құрған кітапханада отырып алуан тілде түскен балалар әдебиеті өнімдерін тақырыптық жүйемен оқиды. Оқыған кітаптарын балалар әдебиеті тақырыбына топтап, өзегіне проблема өріп, түрік халықтары балалар әдебиеті жайында өз кітабын туғызады. Ғажап! Олай болса, Құлбек – әлеуметтік психологияда айта беретін «көпке ұмтылған жалғыз». Оның еңбегінің жаңашылдығы да осында.

Құлбектің қаламынан туған түрік ха­лықтары балалар әдебиеті жайында­ғы кітапты өзбек достары аударып, өз ті­лінде оқиды. Башқұрттар – біз де аудару үстіндеміз. Өйткені Құлбектің «Адам­ның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кіта­бы тек қазақ балалар әдебиетімен шекте­ліп қалған еңбек емес, ол әрі өзбек, баш­құрт, татар, т.б. түрік халықтары балалар әдебиеті жайында сын кітабы. Ол кітаптан мен өзімді ғана тапқан жоқпын. Қазақ Б.Соқпақбаев, қырғыз Ш.Бейшенәлиев, түрікмен К.Таныгуркулов, өзбек Н.Фа­зылов, татар Р.Корбанды таптым. Шебер жасалған шығармашылық портреттері арқылы қайта табыстым олармен. Олар шын мәнінде түрік халықтары балалар әдебиетінің классиктері еді.

Ирактық түрколог профессор МаҺир Накип фейсбукта (18.07.2024) «Құлбек дегеніміз – кітап, кітап дегеніміз – Құлбек» деп жұмбақ сүйсіністі сөз жазды. Астарын ашып, қыртысын жазып оқыр болсақ, Құлбектің осы досының айтқаны айдай ақиқат. Жинақтағанын, жазғанын есепке алсақ, Құлбек дегеніміз – бір кітап қана емес, бірегей кітапхана. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған еңбегі – бір әдебиет сыншысы ғана жасайтын емес, бір институт жасады десе жарасар ерен еңбек. Түрік халықтары меккесінде туған ерен еңбек «Адамның бір қызығы бала деген...» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты, қазақ әдебиетіндегі, тіпті түрік халықтары әдебиетіндегі ерекше құбылыс.

Гүлфия ЮНЫСОВА,
Башқұртстанның халық ақыны,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты