Құрылтай • 24 Шілде, 2024

Ортақ мүдде аясындағы ынтымақтастық

122 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізді өңірлік және халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциялау міндеті «КazAID» агенттігіне жүктелген. Құрылғанына үш жылға жуықтаған ұйым қазіргі таңда өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда агенттікке әлемдік аренада төл брендті, тарихты және мәдениетті насихаттауды тапсырды. Осы орайда «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Аркен АРЫСТАНОВТАН атқарылған жұмыстар барысын сұрап білдік.

Ортақ мүдде аясындағы ынтымақтастық

– Аркен Кеңесбекұлы, алдымен агенттіктің стратегиялық бағытын, мақсат-міндетін ашып айтып берсеңіз.

– Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президент «Біз мәдени мұ­рамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн», дей келе «KazAID» Қазақстандық халық­аралық даму агенттігіне ұлттық брендті, тарихты, төл мәдениетті ілгерілетуде кең спектрге ие саясат, экономика, ғылым, білім, спорт, бизнес секілді тағы басқа са­ла­дағы іс-шараларды сүйемелдеуді тап­сырды. Бүгінде агенттік донор ел ретін­де өңірлік мәселелерді шешу үшін бар­лық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлес­тіруде. БҰҰ-ның тұрақты даму мақ­сат­тарына қол жеткізуде Дамуға рес­ми көмек (ДРК) негізінде басқа елдер­мен сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуда жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ даму жоспарымызға сәй­кес отандық және шетелдік мамандар­ды тарта отырып, сараптамалық алаңдарды ұйымдастыру, ДРК құралдарын пайдаланып, жобаларды техникалық әзір­леуде және практикада іске асыруда жәр­демдесіп отырмыз. Агенттік құзырет­тілік, кәсібилік, инновация, шығарма­шылық, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, көшбасшылық, бастамашылдық құндылықтарына басым­дық береді.

Бүгінде «KazAID» Қазақстан даму саласындағы ынтымақтастықты терең­дету үшін белгілі бір әлеуетті жинақтады. Біз екіжақты және көпжақты форматтағы диа­лог пен өзара әрекеттесу перспективаларын талқылауға ашықпыз. Басты мақсат – әлемдік өркениеттің дамуына ықпалдасу.

– «KazAID» қандай халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатты? Қазақстандық даму моделінің тартымдылығы неде?

– Агенттік Израильдің «MASHAV», АҚШ-тың «USAID», Испанияның «AECID», Түркияның «TIKA», Кореяның «KOICA», Жапонияның «JICA» және Әзербайжанның «AIDA» ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде екіжақты және көп­жақты форматта донорлық ұйымдармен серіктестік қатынастарды кеңейту және бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.

«KazAID» Орталық Азиядағы ДРК сала­сын­дағы жалғыз ұйым бола отырып, өңірде «Үшжақты» ынтымақтастық тетіктерін (донор – ел, серіктес – ел, донор – ұйым) пайдалана отырып, перс­пективалы жобаларды әзірлеу және іске асыруды көздейді. Сонымен қатар бірқатар беделді қазақстандық және өңірлік инс­титут, ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатып үлгерді. Мәселен, қазақ­стандық ҮЕҰ азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, Халықаралық Аралды құтқару қорымен, Өзбекстанның «Оқсалиш» жалпыұлттық қозғалысымен, Орталық Азияның өңір­лік экологиялық орталығы және Еура­зия қорымен ДРК саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Агенттік ЭЫДҰ-мен өзара іс-қи­мыл жөніндегі 2022-2025 жылдарға арнал­ған жоспар шеңберінде «Қазақстандағы ДРК жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған ЭЫДҰ және «KazAID» жол картасын» жүзеге асырады. Осы ретте күні бүгінге дейін жалпы халықаралық деңгейдегі ұйымдар, агенттіктер, қаржы институттары мен БҰҰ мекемелері және республикада аккредиттелген дипло­матиялық өкілдіктер секілді 300-ден астам мекемелермен кездесу өткізді.

Агенттіктің стратегиялық даму мақса­тына сәйкес әріптестік тәжірибе, білім мен тың технологияларымен алма­су тетігі – елдің жаһандық және өңір­лік платформалар мен форумдарға қаты­суы. Қазақстанның ДРК-дағы сала­лық басымдықтары – су, энергетика, эколо­гиялық проблемалар, цифрландыру, білім және кадрлық әлеуетті арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Тұжырымдамалық негізде Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы саясаты кедейлік, халық­аралық қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы және заңсыз көші-қон мәселелерін қоса алғанда, орнықты дамудың жаһан­дық және өңірлік проблемаларын шешуге жәрдемдесу, әлеуметтік-бағдарланған экономиканы құру үдерістеріне көмектесу, шет елдермен саяси, экономикалық, білім беру, қоғамдық, мәдени және ғылыми байланыстарды дамыту, Қазақстан шекарасының периметрі бойынша тату көршілік белдеуін қалыптастыру, әріптес мемлекеттермен сауда-экономи­калық ынтымақтастықты дамыту, тауар­лар, қызметтер және жұмыс күші нарық­тарының интеграция үдерістерін ынталандыру, әлемдік қоғамдастықта Қазақстан Республикасының беделін нығай­ту және оң қабылдауына жәрдем­десуді көздейді.

Жалпы, еліміз бірқатар өңірлік проб­ле­маны шешуде белгілі бір артықшы­лықтарға ие. Яғни әріптес мемлекеттердің мүдделері, қажеттіліктері мен ерекше­ліктері қазақстандық көмектің нысандары мен бағыттарына сәйкес келеді. Ал ДРК тұжырымдамалық/құқықтық базасы орнықты даму мақсаттарымен корреляциядағы елдің ұстанымы мен басымдықтарын көрсетеді. Қазақстандық даму моделі өзін бейбіт, ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде бекіту арқы­лы халықаралық аренадағы позиция­сын нықтады. Еліміз көпвекторлы, праг­матикалық және белсенді сыртқы сая­сатты іске асырады, қауіпсіздік, ын­ты­мақтастық, орнықты даму сала­сын­дағы жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға, іске асыру­ға елеулі үлес қосады.

– Қазақстан Орталық Азиядағы қандай өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жатыр?

– Жоғарыда атап өткен шарттарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық проблемалармен, діни экстремизм, этнос­ара­лық қақтығыстар және ұйымдас­қан қылмыс қатерлерімен байланыс­ты Орталық Азия өңіріндегі қазіргі сын-қа­терлерді назарға ала отырып, Қа­зақ­­станның дамуға көмек көрсетудегі географиялық фокусы Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға шоғырланады. Айта кету керек, бұл ретте Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстандағы жобалар екіжақты форматта табысты болды.

ДРК негізінде экология, денсаулық сақтау, әйел құқығы, теңізге шыға алмайтын елдерге көмек көрсету, есірткіге қарсы күрес және тағы басқа салалардағы жобаларды қоса алғанда, ерікті жарналар мен траст қорларына қатысуда Қазақстанның әлемдік аренадағы тәжірибесі мол.

«KazAID» агенттігі қызметінің негізгі секторларына білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, цифрландыру, табиғи ресурстарды басқару және қоршаған ортаны қорғау кіреді. Бүгінде ұйым білім беру сапасы мен оның қолжетімділігін арттыруға бағытталған жобаларды қолдайды. Әрі көмек алушы елдердегі кәсіптік дағдыларды дамытуға және білім беру институттарын нығайтуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ инновациялық өсу, бәсекеге қабілеттілікті және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі бас­тамаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұған қоса табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қорғау, су, орман және минералды ресурстарды тұрақты басқаруды, экологиялық білім мен халықтың хабар­дар­лығын арттыруға ықпалдасады.

Қазіргі уақытта «KazAID» секторлық қызметі шеңберінде әзірленіп, іске асырылып жатқан екі бағдарламаға ерекше тоқталғым келеді. Біріншісі, Орталық Азия елдерінің жас көшбасшыларының білік­тілігін арттыруға бағытталған «Дос­тық» бағдарламасы. Бұл бастама қазіргі геосаяси жағдайда цифрландыру, ХХІ ғасыр медицинасы, журналистика және дипломатия салаларында білім мен тәжі­ри­бе жинағысы келетін Қырғызстан мен Тә­жікстан жастарына арналады. Біз елімізде өтетін халықаралық форумдарға қатысу үшін дарынды жастарды жинап, олар­дың өз салаларындағы белгілі сарап­шылар мен мамандардың шеберлік сабақ­тарына қатысуына мүмкіндік беруге тырысамыз.

Екіншісі, медицина саласындағы студент­тердің академиялық тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін «Авиценна» бағдарламасы. Бүгінде өңірде әсіресе шалғай ауылдарда сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі өзекті мәселе. Мұндай мәселе Орталық Азияның бірқатар мемлекетінде бар. Яғни кәсіби дәрігер мамандар жетіспейді. Сондықтан «KazAID» қазақстандық медицина мекемелері мен дәрігерлерінің Қырғызстан, Тәжікстандағы әріптес­терімен өзара іс-қимылын үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.

Тағы бір айта кетерлігі біз әртүрлі сектордағы тәжірибе орталығы болуды да мақсат етіп отырмыз. Мәселен, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі Орталық Азиядағы таза су мен санитарияға қол жеткізу мәселесіне ерекше тоқталып өткім келеді. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері су ресурстарын пайдалану мәселесінде аса жауаптылық таныту қажет. Себебі аймақ елдері суды әлемнің кез келген басқа өңіріне қарағанда көбі­рек тұтынады. Сондықтан су ресурс­тарын басқару, көлік логистикасы сияқ­ты мәселелерді бірлесіп шешуге күш біріктіріп, жұмыс істеуіміз қажет. «KazAID» ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, ұйым Қазақстанның және тұтастай алған­да аймақтың дамуы үшін жақсы нәти­желерге қол жеткізу мақсатында көмек көрсетудің үйлестірушісі ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты нығайтып, агенттіктің ықпал ету аясын кеңейтуге, халықаралық ұйымдармен және донор елдермен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуге, Орталық Азиядағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық береді.

– Таяуда біздің делегация Қытайдың «CIDCA» халықаралық даму және ынтымақтастық мемлекеттік агент­­тігі ұйымдастырған Бірлескен да­му жөніндегі жаһандық іс-қимыл фо­ру­мының жоғары деңгейдегі 2-кон­фе­ренциясына қатысты. Сапардың мақ­сат-міндеті туралы айта кетсеңіз.

– Іссапардың мақсаты жоғары дең­гейдегі конференцияға қатысу және «CIDCA» Қытайдың даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігі­мен келіссөздер жүргізу болды. Сондай-ақ халықаралық даму, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік қатынастарды орнату жолымен ынтымақтастықты нығайту. Біз бірлескен бастамалар шең­берінде әлеуетті ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында «CIDCA» өкілдерімен екіжақты келіссөз­дер жүргіздік.

Ал конференцияның мақсаты­на ке­ле­тін болсақ, ол жаһандық даму, қауіп­сіздік және өркениет бастамалары шең­­берінде жарқын болашақ құру мүддесінде әріптестердің бірлескен іс-қимылына жәрдемдесу және жаһандық даму мәселелері бойынша ортақ пікір қалыптастыру. Іс-шара аясында жаһандық басқару, инновациялар және жастар саясаты мәселелері талқыланды.

Жиынға жалпы 50-ден астам елден келген жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалар, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, академиялық қоғамдастық пен талдау орталықтарының өкілдерін қоса алғанда, шетелдік делегациялар қатысты.

Форумдардың бірінде мен ТДМ 2030 жетістіктері үшін Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі халықаралық дамуға жәрдемдесудегі рөлі туралы баян­дама ұсындым. Онда тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібі кон­тексінде өңірлік ынтымақтастықты ны­ғайтудағы Қазақстанның негіз­гі бағыттары мен бастамалары жарияланды.

Өткізілген кездесулер мен қол жеткі­зіл­­ген уағдаластықтардың қорытын­дысы бойынша қазақстандық және қы­тайлық тарап ДРК саласындағы ынты­мақтастықты күшейтеді.

Айта кетейін, жуырда Қазақстандағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) үйлестірушісі Х.Өзде­ноғлумен кездестім. Жүздесуде ДРК саласындағы екі агенттік арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқыладық. Мен ДРК ұлттық жүйесінің басым бағыттары шеңберінде агенттіктің жоспарланған бағдарламалары туралы ақпарат беріп, түрік тарапына түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде ынтымақтасуды ұсындым. Өз кезегінде, «TIKA» үйлес­тірушісі Х.Өзденоғлу агенттік қызмет­керлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастықты терең­детуге дайын­дығын білдірді. Түрік тарапы агенттіктің «Авиценна»: Денсаулық сақтау» «KazAID» бағдар­ламасына және басқа да әлеуетті жобаларға қатысуға қызығушылығын растады. Тараптар «KazAID» және «TIKA» арасындағы ДРК саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық тура­лы Меморандумға қол қою мүмкін­дігін талқылады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»