12 Маусым, 2015

«Шымкентқұс» өнімі өтімді

336 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

20150612-02

Тәуелсiз елiмiздiң экономикасын қарышты дамытып, әлемдiк деңгейге көтеретiн басты да мықты тiректердiң бiрi – отандық өнiм. Мемлекетiмiздiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiруіне кепiлдiк беретiн бiрден-бiр алғышарты болып саналатын да осы өзiмiздiң қазақстандық таңбамен шығарылған тауарлар. Мiне, халықаралық стандартқа сай өнiм өндiретiн кәсiпорындар арасында «Шымкентқұс» ЖШС ойып тұрып орын алады. Егемендiгiмiздiң алғашқы кезеңiнде тап болған қиындықтардан да тоқырамай өтiп, тұрақты жұмыс iстеп келе жатқанына биыл 43 жыл толатын бұл байырғы кәсiпорын облыстың iшкi нарығын қамтуда осы күнде де уақыт талабына сәйкес iлкiмдiлiк танытып отыр. Кәнiгi кәсiпорын қазiргi қуаттылығымен 7 түрлi категориямен тәулiгiне 400 мың, жылына 140 млн. дана жұмыртқа шығарады. Әйгiлi компанияның аты өзiнiң сапалы тауарымен облыс халқына етене таныс десек, артық айтқандық емес. Қырық үш жылдан берi iшкi нарықты берiк «жаулап» алған «Шымкентқұс» өнiмiнiң ерекшелiгi неде? Бiрiншiден, оның жұмыртқасы өндiрiлген бойда облыс орталығының тұтынушыларына жөнелтiледi. Яғни, қоймада сақталмайды. Кәсiпорынмен берiк қатынас орнатқан мыңдаған сауда орны күнбе-күнгi тауарды лезде таратып алып кетедi. Осы кезге дейiн базардан қайтқан сәтi болмапты, демек өтпей қалған кезi жоқ. «Шымкентқұс» өнiмiнiң тағы бiр артықшылығы – оның сыртында қай күнi өндiрiлгенi және кәсiпорынның аты жазылған белгi (штамп) бiрден көзге ұрып тұрады. Бұдан жұмыртқаның шыққан мезгiлiн бiлуге болады. Бұл арқылы тұтынушылар сатылымдағы өнiмнiң қаншалықты жаңалығын, ескiлiгiн ажыратуға мүмкiндiгi бар. Аталған тауар сертификаты жөнiндегi ереже бойынша ол өндiрiлгеннен кейiн жетi күнде диеталық, одан асқан соң асханалық болып саналады. Бұл – бiзге алыстан тасылатын, екi ортада қанша «жол жүрiп келетiн» өнiм емес, қалаға тиiп тұрған кәсiпорында өндiрiлетiн және жаңа күйiнде күнбе-күн халыққа жеткiзiлетiн тағам. Шаһар iргесiндегi «Шымкентқұс» тауарының өзгешелiгi де осында. Отандық өнiм шығаруда «Алтын сапа», «Жыл таңдауы» елдiк байқаулары мен жыл сайын өткiзілетiн «Қазақстанда жасалған» форумының республикалық көрмелерiне қатысып, талай мәрте жүлдегер атанған кәсiпорынның төл өнiмiмiздi төрге озғызып, тұтынушылардың орнықты сұранысына ие болуының тағы бiр сыры – оның сапалылығында, құнарлылығында, дәмдiлiгiнде. Ең бастысы, азық-түлiк қауiпсiздiгiне толық жауап беретiндiгiнде болса керек. «Шымкентқұстың» еңбеккерлерi жоғары сапалы өнiм шығаруға және төл тауарының тоқтаусыз өтiмдiлiгiне қалай қол жеткiзiп келедi? Әлбетте, бұл жетiстiк көзi өндiрiс барысына осы заманғы үлгiдегi озық технологияны батыл енгiзуде жатқаны анық. Кәсiпорында экономикалық өсiмдi қамтамасыз етуде жылдан-жылға өрлеу айқын байқалады. – Бiздiң кәсiпорында 16 цех бар. Олардың 5-еуiнде шөже өсiрiледi. 9-ында жұмыртқалайтын тауық бағылады. Қал­ған екеуiнде өнiм сұрыпталады және тұтыну­шыларға жөнелту үшiн қалыпқа салынады. Тауар өтiмдiлiгi сыртқы қаптамасына, яғни жұмыртқа жайғастырылатын түрлi қораптардың безендiрiлуiне де тiкелей байланысты. Негiзiнен оларды келiсiмшартпен Шымкенттiң супер-гипермаркеттерi мен үлкен дүкендерi алады. Ең алдымен сан емес, сапаға басты көңiл бөлемiз. Бiздегi өндiрiс осы салада әлемдiк бәсе­­ке­­лес­тікте теңдесi жоқ Германия, Голлан­дия технологиясымен атқарыла­ты­ны­на көп жыл болды. Ал шөже ашатын жо­ғары сұрыпты жұмыртқаны Ресейдiң Екатерин­бург қаласынан әкелемiз. Оны Леңгiрдегi өзiмiздiң цехта аштырамыз. «Бұл жұмыс неге негiзгi кәсiпорыннан қашықта, оңаша жүзеге асырылады?» деген сауал бiзге жиi қойылатыны рас. Мұның себебi – құстың жаңа дүниеге келген, яғни өте нәзiк кезiнде түрлi ауруларға ұшырамауының алдын алу мақсатынан туындайды. Онда 21 күнде темiрқанат болып жетiлген балапан осында жеткiзiлiп, тағы 150 күн бағылады. Қысқасы, ол 171 күнде жұмыртқалай бастайды. Құсқа жемдi де өзiмiздегi арнайы цехта әзiрлеймiз. Жалпы, компанияда бүгiнде 350-ден астам адам жұмыс iстейдi. Бәрi де өз кәсiбiн жетiк меңгерген жергiлiктi мамандар. Олардың еңбек белсендiлiгiн ынталандыруда тиiстi шаралар жоспарлы түрде жасалынады, – дедi «Шымкентқұс» компаниясы бас директорының өндiрiс жөнiндегi орынбасары Асылбек Доспулов. – Тағы бiр айта кететiн жайт, ЖШС басшысының кеңесшiсi, осы кәсiпорынның негiзiн қалаған Әбiлқасым Үсiпбайұлының бастамасымен облыстың бiрқатар аудандарында жұмыртқа өндiретiн шағын кәсiпорындардың ашылуына қолұшын бердiк. Оларға жабдықтар қойылды. Мұндағы мақсат – ауылдық жерлердiң тұрғындары да күнделiктi құс өнiмiн пайдалануына мүмкiндiк болсын дегендiк. Жергiлiктi халықты қауiпсiз және отан­дық азық-түлiкпен қамтамасыз етуге айрықша үлесiн қосып келе жатқан кәсiп­орын тауарын сатуды кәсiп ететiн бiрнеше адам­мен әңгiмелестiк. Олардың бәрi де «Шымкент­құстың» өнiмi өтiмдi екенiн, соның арқасында күнкөрiсiн арттырып, тұрмы­сын түзеп жүргендерiн ризалықпен айт­ты. Ал өзiмiзде жұмыртқа өндiретiн компаниядан тауар алып тарататын сондай сауда нүктелерiнiң иелерi қалада 1000-нан асады. Бұл шын мәнiнде iргелi кәсiпорынның сапалы өнiм өндiруiмен iшкi нарыққа терең енгендiгiн байқатса керек.

Жеңiс БАҺАДҮР. Оңтүстік Қазақстан облысы.