Ұлы Тұран даласы ірі қалалар мен ондағы қадау-қадау мәдениет ошақтарымен әйгілі. Олардың әрқайсысында мәдени орталықтар, заманына сай құндылықтар мен өнердің неше атасы өрістегені тарихтан белгілі. Сонау Шираздан Таразға дейінгі аралықты бірыңғай қала мәдениеті тұтастырғаны жөнінде әңгіме жеткілікті. Түркі дүниесінен тамыр тартатын осындай өркениет пен игіліктердің орталығы қасиетті Түркістан десек, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) биыл ежелгі Түрікмен қаласы Әнеу – Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялаған еді. Мәдениеттер ірі қалаларда табысып, шоғырланады, іргелене түседі. Бауырлас елдің салты мен дәстүрі, өнері мен мәдениеті, жыры мен аңызына дейін біздің ұлттық мәдениет мәнері мен нақышынан алшақ кетпейтіні белгілі. Тіпті жырауларының мақам шалыстары мен сарындарына дейін үйлесіп бағарын атап өтуіміз керек. Сондықтан тамам түркі мәдениетінің таңғажайыптары бір-біріне жат емес.
Осыған орай жазылған Түрікменстан Президентінің еңбегі түрікмен халқының бай мәдени-тарихи мұрасын жаңғырту, оны әлемге кеңінен насихаттауға бағытталған. Туынды түрлі елдердің тарихшылары, археологтері арасындағы халықаралық байланыстарды дамытуға, Түрікменстан аумағында бірлескен археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыруға жәрдемдеседі. Тастағы таңбалардан тамыр тартқан тарих пен мәдениеттегі тұтастық бауырлас елдерді етенелестіре түседі деген ойдамыз.
Өз кезегінде сөз алған Түрікменстанның Қазақстандағы елшісі Батыр Режепов іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткендерге алғыс білдіріп, үш тілде жарық көрген кітаптың маңыздылығына тоқталды. Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысының тарихи дерек көздеріне сүйене отырып жазған кітабын кітапханаға сыйға тартты.
Әнеу қаласынан осы уақытқа дейін бірнеше көне ғимарат сақталған, олардың ішіндегі ең танымалы – Сейид Жемалиддин мешіті. Ол XV ғасырда салынған, бірақ 1948 жылғы Ашхабад жер сілкінісінен қатты зақымданып, бүгінгі күні оның қалпына келтірілген қалдықтары ғана тұр. Дегенмен, мешіт өзінің маңызын сақтап қалды және әлі туристерді де, зерттеушілерді де айтарлықтай қызықтырып келеді.
Бертінге дейін мешіт кешені шейх Жемалиддин зираты мен биік күмбезді залдары бар екі үлкен ғимараттан тұратын. Реставраторлар кешеннің іргетасын, алаңдағы кірпішті және қабірді қалпына келтірген. Ондағы басты табыс – алма ағашы бұтақтарымен бірге бұратылған айдаһардың қалпына келтірілген мозаикасы және мешіттің «Сұлулық үйі» деп аталғаны туралы жазу. Айдаһар бейнесі мешіттерге тән емес және бұл картинаның Орталық Азияда баламасы жоқ. Мұндай ерекше суреттің пайда болу себебі зерттеушілерді көптен бері толғандырады. Сюжеттің ең нанымды түсіндірмесін атақты археолог және өнертанушы Галина Пугаченкова берген. Ол айдаһар «XV ғасырда Әнеу ауданын мекендеген негізгі түрікмен тайпасының тотемі» деп есептеді... Әрине, мешітте сары айдаһардың пайда болуын өзінше түсіндіретін әдемі аңыз да бар. Оған сай, бір кездері ауыл тұрғындары айдаһарды өлімнен құтқарып қалған, сол үшін сыйға алтын алған, сөйтіп олар мешітте айдаһар суретін салған. Міне, содан бері айдаһар ауылдың тотеміне айналып, тұрғындар оған табынып, аңызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады.
Іс-шара барысында қонақтар ақын-философтың және түрікмен классигі Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған кітап-иллюстрациялық көрмесін және Түрікменстанның Астанадағы мәдениет күндеріне арнайы келген қонақтардың өнерін тамашалады.
Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстан мен Түрікменстанның көрнекті ғалымдары мен жазушылары, Мақтымқұлы Пырағы шығармашылығына қызығушы оқырмандар қатысты.