1-сурет.
АТЫРАУ. 26 сәуір. Атырауға ТМД байқаушылар миссиясынан келген өкілдер сайлаудың өту барысына жоғары баға берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Атырау облысы аймақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Тамара Аман-Тұрлинаның мәліметінше, Атырауға 28 байқаушы келген. Олардың арасында Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан – 14 және ТМД байқаушылар миссиясынан да 14 байқаушы бар. Мәселен, ТМД байқаушылар миссиясы атынан келген байқаушылардың 9-ы Татарстан Республикасынан, ал 5-уі Атыраумен шекаралас Астрахань облысынан келген. Халықаралық байқаушылар сайлаудың өту барысын жоғары бағалады.
2-сурет.
Надежда Борисова (2-сурет), ТМД байқаушылар миссиясының өкілі (Татарстан Республикасы, Ресей Федерациясы):
«Біз халықаралық байқаушы ретінде бірнеше сайлау учаскелерінің ашылу сәтіне куә болдық. Одан соң бірнеше сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісіне бақылау жүргіздік. Біздің байқағанымыз – сайлау учаскелерінің дайындығы жоғары деңгейде, технологиялық қондырғылармен жақсы жабдықталыпты. Сайлаушылар дауыс беруге көтеріңкі көңіл-күймен келіп жатыр. Бұл Қазақстан азаматтарының дауыс беруді парыз санайтынын байқатады», – деді.
Владимир Золотоколов (1-сурет), ТМД байқаушылар миссиясының тағы өкілі (Астрахань облысы, Ресей Федерациясы):
«Біз Қазақстанда бұған дейін де болғанбыз. Сайлауға дайындықтың жоғары деңгейде өткенін аңғардық. Сайлау үдерісі заң талаптарына сай өтуде. Ешбір заң бұзушылықты көргеніміз жоқ. Шын мәнінде сайлау мереке секілді өтіп жатыр. Әсіресе, көркемөнерпаздардың өнері сайлауға мерекелік рең берді», – деді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.