Қоғам • 25 Шілде, 2024

Геномдық зертхана ашылды

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзге салалар секілді медицина әркез жоғары технологиялық құрал-жабдықтарға зәру. Демек денсаулық сақтау сала­сын­дағы инновациялық жобалардан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мұны жақсы білетін «QazBioPharm» ұлттық холдингі шет­елдік компаниялармен ауқымды жобаларды үйлестіруге ниетті.

Геномдық зертхана ашылды

Мұны біз бірер күн бұрын «QazBio­Pharm» мен қы­тай­лық «Beijing Genomics Institute» компаниясы «Инновациялық геномдық және омикалық технологияларды енгізу және дамыту» тақырыбында өткен инно­вациялық форумда біл­дік. Форумға Президенттің ғы­лым және инновациялар мәсе­лелері жөніндегі кеңесшісі Күн­сұлу Закария, Денсаулық сақ­тау министрі Ақмарал Әлна­зарова, «BGI Group» бас директоры Инь Е және жетекші ға­лымдар, мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бұл күні холдингтің еншілес ұйымы саналатын Ұлттық биотехнология орталығының базасында геномдық зертхана ашылды. Қонақтар жоғары технологиялық зертханаларды тамашалады. Осы тұста министр Ақмарал Әлназарова бұл қадамды ғылым­ның даму жолындағы тағы бір үлкен жоба деп түсіндірді. Ізінше, тараптарға алғыс айтып, табыс тіледі.

«QazBioPharm» зерттеу ор­талықтары жыл өткен сайын жаңарып, зертханалары толығып келеді. Әрине, көштің алдында болуды ойласақ, қазірден бә­секеге қабілетті болу қажет. Ал «BGI» компаниясының әлем елдері қызығып отырған инновациялары көп. Білікті кадр даярлау ісіне де бейжай қарауға болмас. Сондықтан «QazBioPharm» BGI-мен бірге жаңа бағыттар бо­йын­ша маман даярлауға ниетті. Осы тұста «Qazіnnovations» ин­новация­ларды дамыту жөнін­дегі Ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Санат Жол­дыхан ин­но­вациялық жобалар туралы пікір білдірді.

– Бүгінгі инновациялық форумның мән-маңызы жоғары. Өйткені біз осы күнге дейін шикізат өндіретін ел болып танылсақ, келешекте жоғары технологиялық инновациялық жағынан дамыған елдердің қата­рында болуымыз керек. Осы бағытта дамысақ, біздің жаһанда бәсекеге қабілетіміз артады. Инновация мен технологияларды жаңа деңгейге көтеретін сәт келді. «BGI» – алып компания. Бүгін, міне, біздің елмен бірлесіп зертхана ашып отыр. Мұндай тәжірибелер елде көп болуы керек. Қазір барлық технология авто­маттандырылған. Бірте-бірте осыған көшу – заман талабы. Медицинада технологияларды дамыту – мемлекет көңіл бөліп отырған басым бағыттардың бірі. Мұны саладағы атқарылып жатқан жұмыстардан білуге болды. Еліміз осы нарықтан өзінің орнын табуы керек, – дейді С.Жолдыхан.

«QazBioPharm» ұлттық хол-д­ин­­гінің бас директоры Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, елде бұрын балама құрылғылар болғанымен дәл осындай әлеуе­ті зор зертхана болмапты. Холдинг­тің басшысы әлеуеті жоғары тех­нологиялардың мүмкіндігін жарым-жартылай емес, толық пай­далануға мүдделі екенін байқатты.

– Әлемде қолданылып жатқан технологиялардың көмегімен біз баламалы диагностикалық жүйені жақсартамыз деп отырмыз. Өйткені кейінгі жылдары перинаталды диагностика және қатерлі ісіктердің алдын алу диа­гностикасы өте күрделі болып тұр. Біздің ел үшін де бұл өзекті. Бүгін біз «BGI» компаниясымен бірге зертхана ашып отырмыз. Мұндағы жұмыстар бірден емес, кезең-кезеңімен іске асады. Біз аса ауыр сырқаттарды анықтау үшін осы зертхананың мүмкіндігін то­лық пайдалануды ойлап отыр­мыз. Ол үшін әлі қосымша қон­дырғылар толықтырылады. Зерт­хана кеңейеді, әлі талай зерттеулер жүргізіледі. Бізге қазір жет­кізілген құрылғылардың бағасы да әжептәуір қымбат. Жұмыстың алғашқы кезеңінде өзіміздің ма­мандарды тартамыз. Сосын жұмыс барысында «BGI»-мен бірге қосымша тағы маман даярлаймыз, – деді Е.Әбдірайымов.