Басында бір тұйық көшеге беріліп, кейін қайта түзетілді. Әрине, Астана қаласы тіл басқармасындағы азаматтарға көптен-көп рахмет, Алашты танымалдандыру енді кезең-кезеңмен жүйеленіп келеді. Алдағы үлкен міндет – Хайретдин Болғанбайдың биылғы 130 жылдығына орай елорданың бір мектебіне қайраткердің есімін беру. Бұл идеяны 18 жылдан бері Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті жазушы Әкім Тарази бастаған Астана зиялылары көтеріп келеді. Алғаш Қорғалжын ауданы орталығындағы бұрынғы Ленин атындағы №1 мектепке беру ұсынылған-ды. Бұл хатқа еліміздің көрнекті ғалымдары, жазушылары, журналистері қол қойды. Сонда, ұятымызға қарай, Қорғалжында мектеп директоры болған бір сабаз «Түркістан легионын құрушы Мұстафа Шоқайдай халық жауының серігі Хайретдин Болғанбайға қалай мектеп атын бересіңдер?» деп, сол кездегі аудан басшылығын қарсы үгіттепті... Иә, бұл – 2006-2007 жылдардың ащы шындығы. Осы оқиғадан кейін ұзақ жыл мектепте ұстаз, директор болған анамыз Гүлнар Хайретдинқызы қатты ауырып қалды. Дәл сол кезде Әкім ағамыз бастаған зиялылардың хаты анамызға зор қуат берді. Сол үшін Әкім Үртайұлына отбасы-әулетіміздің ризашылығы шексіз.
Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай – Алаш кезеңінің ірі қайраткері. Ол 1894 жылы Ақмола облысы, Ақмола уезінде (бүгінгі Қорғалжын ауданы жерінде) туған. Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқып жүріп, «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған. Ресей империясы Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласқанда, қазақ солдаттарына көмектесуші топтың ортасында Минскіде болған. Бұл жәрдем тобына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жетекшілік еткен. 1917 жылы Ташкентте (Түркістан) М.Шоқаймен бірлесіп «Бірлік туы» газетін шығаруға атсалысып, оның тарихи 7-14-нөмірлерінің редакторы болды.
Қайраткер атамыз Орынборда өткен Бірінші және Екінші жалпықазақ съезіне Түркістан мен Сырдария уездері атынан делегат ретінде қатысып, жиынның қаулыларын елге насихаттады. Және бір аса үлкен мемлекетшіл ісі – 1917 жылы 27 қарашадан 1918 жылы 11 ақпанға дейін өмір сүрген Түркістан автономиясын (Қоқанда жарияланған) құрысуға белсене атсалысты.
Ал елордаға қатысына келсек, 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш комитетін құруға жәрдемдесті. Оның қайын жұрты яғни Рахима Халфина әжеміздің ағайын-туыстары Алашқа қаржылай көмектескен Қараөткел көпестері еді.
Хайретдин Әбдірахманұлы А.Байтұрсынұлымен бірге 1920 жылы «Ұшқын» газетінің, «Еңбек туы» болып өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды. Бұлар – бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетінің бастауындағы басылымдар.
1919 жылы Түркістанда жұмысшылардың ағарту одағының мүшесі, 1918-1920 жылдары Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, 1921-1922 жылдары ТүрОАК-тің сайлау ісі жөніндегі мүшесі болғаны тарихтан мәлім. 1920 жылы желтоқсанда Ахмет, Әлихан, Смағұл, Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. 20-жылдары Ақмола мен Қорғалжынға бірнеше мәрте келіп, оқу-ағарту ісін жүйелеуге қатысады.
Хайретдин Болғанбай – түркі дүниесі деңгейіндегі тұлға. Оның Исмаил Гаспринский туралы «Қазақ» газетіне шыққан мақаласы 1934 жыл Түркияда түрік тіліне аударылып, жарияланған. Башқұрттың көрнекті қайраткері, ғалымы Зәки Уәлиди Тоған «Естеліктерінде» атамыз жөнінде жазған. Оның мәліметінше, Хайретдин Болғанбай 1921 жылы Мұхтар Әуезов бар, бірнеше серігімен Алаш Орда атынан Бұхараға келіп, большевизмге қарсы қозғалыс туралы келіссөздер жүргізген.
1924-1928 жылдары Ақмолада, Петропавлда халық ағарту саласында жауапты қызметтер атқарды. Ол осындағы алашшыл «Бостандық туы» газетінде және педагогика училищесінде (қазір Мағжан Жұмабай атында) жұмыс істеген.
Атамыз репрессияға ерте ұшырады: 1928 жылы 17 желтоқсанда саяси айыппен тұтқындалды. 1930-1934 жылдары Архангельск пен Сыктывкарда айдауда болды. Ол жақтан келген соң, ОГПУ оған Алматыда тұруға рұқсат бермей, оңтүстіктің Қапланбек зооветтехникумына қызметке орналасты. 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталып, сол жылы күзде атылды.
Х.Ә.Болғанбай тұлғасы туралы Т.Жұртбай, Д.Қамзабекұлы, Б.Омарұлы, З.Қабылдинов, Д.Асауов секілді азаматтардың еңбегінде жақсы жазылған.
Анамыз, ардагер ұстаз Г.Х.Болғанбаеваның күш-қайратымен 2005 жылы Астанадан атамыздың мұрасы тұңғыш рет кітап болып шықты. 2009 жылы «Иман күші» атты еңбегі жарияланды. «Астана тарихы», «Астана» энциклопедиясы, «Алаш қозғалысы» анықтамалығы, т.б. еңбектерде Хайретдин атамыз туралы мәліметтер бар. Бауырым Достық Кәмелов «Хайретдин Болганбаев – свет неугасимой звезды» атты кітап жазса, мен де осы бағытта «Менің анам – Алаш қызы» атты зиялы ұрпақ сабақтастығына арналған кітапша жарияладым.
Ұлтымыздың және Ақмола облысының Қасым Тәукенов секілді ардагер, қайраткер зиялыларына рахмет, үлкен жиындарда Хайретдин Болғанбайдың есімін, еңбегін атауды ұмытпайды. Бұл орайда Абай Жайжұманов, Марат Қамзебаев, Ардақ Балтабеков, Бауыржан Исабаев сияқты білікті, іскер азаматтар Алаш тұлғасы мұрасын насихаттауға біршама атсалысып келеді.
Әлі есімізде, 2004 жылы Сабындыда Қорғалжын ауданы әкімдігімен бірлесіп жақсы конференция өткізгенбіз. Оған марқұм анам да қатысып, сөз сөйлеген. Кейін Астанада бірнеше конференция, дөңгелек үстел ұйымдастырылды (Еуразия университетінде, ЕАГИ-де, Президенттік мәдениет орталығы кітапханасында). Қайраткердің 130 жылдығы қарсаңында Қорғалжын ауданы орталығына кіреберісіне қойылған банер де – өткенге құрмет деп санаймыз. Алайда бұл жұмыс жүйелі жалғасса дейміз. Алматы мен Астана зиялылары айтқандай, «Хайретдин Болғанбай – Қорғалжынның бойтұмары. Насихат та, атқарылатын іс те соған сай болғаны шарт».
Жалпы мектеп саласын басқарып жүрген азаматтар тарихи Қазақ хандығы, Алаш автономиясы, Түркістан автономиясы болмаса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болмайтынын мықтап түсінгені дұрыс. Бұл – отаншылдықтың бастауы. Біз Қазақстанның білім саласының басында тұрған қайраткерлерді қадірлеуіміз керек. Сондықтан жас ұрпаққа мәдениет, сауат өнеге болсын десек, тарихи тұлғалар атын мектептерге лайықты бергеніміз жөн. Осы ретте біз Астана зиялыларының бірнеше жиында елордадағы жаңа білім ошағының біріне ақын Мағжан «бір теңі жоқ, бір кемі жоқ» деп бағалаған Хайретдин Болғанбай есімін беру туралы ұсынысы – маңызды елдік бастама деп білеміз.
Жамбыл Кәмелов,
«Хайретдин Болғанбай»
қайырымдылық қорының
төрағасы, спорт ардагері