Әдебиет • 25 Шілде, 2024

«Өнерде кісіліктен асқан мақсат жоқ»

369 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алған сонау 90-жылдардың бас кезінде әдебиетімізге бір топ талантты жас келді. Қоғамдық формацияның ауысуы алдында тұрған күрделі шақта «жыл келгендей жаңалық сезіндіріп» келген осы буынның ішінде жазушы, философ Дидар Амантай ерекше көзге түсті. Ұлттық көкжиекті әлемдікпен еркін ұластыра білген Дидар қаламынан классикалық формадан бөлек шығармалар дүниеге келді – жаңа бір танымдар, жаңа тіл, Мүсіреповше қисындар болсақ, «жаңа әуен» туды.

«Өнерде кісіліктен асқан мақсат жоқ»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Әдебиетке келудің әркімде өзін­дік жолы бар. Дидар әде­биет­ке әу бастан үлкен да­йын­дық­­пен келген жазушы. Ұлттық топырағы мық­ты, әлемдік рухани ке­ңіс­тікте еркін жү­зіп, мәдени-фило­со­фиялық категориялар­­мен ойлайтын ол алғаш кәсіби филосо­фия­лық білім алған қазақ жазушысы. Бұл білімі – оның шығармашылығының мықты бір іргетасы. Жазудың тылсым әлеміне деген құштарлығы, бәлкім, бала кезден атасы Қосылбек («Төлеутай ақсақалдың немересі», «Бабалар мен балалар», т.б.) пен әжесі Қазизадан («Бір уыс топы­рақ», т.б.) басталып, түптің түбінде дана­лық­қа құштарлыққа – Алматыдағы атақ­ты Политехникалық институтты тас­татып, Қазақ университетінің филосо­фия факультетіне алып келген ол алғаш­қы әңгіме-новеллаларын студент кезін­де жаза бастапты. Бұл факультет жазушы болуды мақсат еткен талантты жастың, бір есептен, дүниетанымдық іргетасын қатайтып, білім аясын кеңейтетін, әр оқиға-құбылыстың мәнін, өмір мәнін ұғынуға ұмтылу дағдысын егетін болуы керек, ал уақытты сезінуі ерекше. Туған әдебиетің бар, әлем бар, өзіңе дейінгі жақсы үлгілерді оқи, сіңіре, зерделей келе өзгеше жазуға саналы түрде осы кезде бел байлағандай. Бәлкім, сондықтан да оның шығармашылығы – «көз алдымыздағы қоғамның кескін-келбеті, Ницше айтып, Энгельс қоста­ған метафора тәрізді, көше кезіп жүр­ген уақыттың санамызда қалыптасқан образы, еншіміздегі мезгіл, осы шақ, басымыздағы тұрмыс-жағдай, дәурен, ой-санамыз қабылдаған модуль, былайша айтқанда, кезең көрінісі, дәуіріміздің кейпі».

«Майдақоңыр» кітабының – «P.S. Post Skriptum» алғашқы блогі он жеті новелладан тұратын және басқа да қай-қайсысынан зиялылық есіп, оқырман жанына жарық түсіретін әңгімелерін­де «көше кезіп жүрген уақыттың» сана­дағы бейнесі бар – уақыт атмосфера­сы, замандастарының аңсар-мұраттары сондай бір бекзаттықпен бейнеленеді. Жазушы кейіпкерлерімен бірге шіл­де­де ыстық қалада, таулы-тасты, «қас­қыр құйрық қарағайлы» орманда өмір­дің әрбір сәтінің қайталанбастығынан мән-мағына іздеп, небір сезімдер мен сезінулер, күтпеген финалдар мен тұжы­рымдар калейдоскобында айналады; оқырман олар – мына дүние-жарыққа шыңғырып келіп, шырқырап кететін пенделердің жан дүниесіндегі арпалыс­тарды, күрделі қарым-қатынастарды, қуаныш, өкініш, жеңіс пен жеңілістерінің дәмін бірге сезінеді.

Дидар жазудың биік шыңы – поэ­ти­калық проза деп есептейді. Поэ­ти­ка­лық прозадағы ішкі (астар) ойдың бейне­лілігі автор ой-сезімінің ашықтығы­нан туындайды, оны жеткізудің негіз­гі формасы авторлық ділдік-пәл­сапа­лық сен­тенциялардың күрделі мән-тұжы­рымдамалары болып шығады. Дүние-ғалам мен ондағы адамның болмысын қара сөзді жырға айналдыра зерде­лей­тін және еркіндікті сүйетін автор – оқыр­манға бағыт-бағдар сілтемей, жол көр­сетпей, ақыл айтпай, кеңес бермей, тәр­биелемей, керісінше, бостандық, ер­кін­дік, қалау құқын алға тартуды мақсат ете­ді. Оқырманын мұңға бөлей отырып ізгі­лікке, жақсылыққа, жарыққа жете­лей­ді.

Дидардың оқырман көкжиегін ұл­ғай­тып, кеңістігін ашатын мәтіндері музыка сияқты. Басы артық ештеңе жоқ, мәтіндер тығыз, өте тығыз, «сөз – нақты, сөйлем – ықшам, әрекет – анық». Қорғасындай ауыр ойларды қа­уырсындай жеңіл, күрделі де қара­пайым жеткізетін «Майдақоңыр» кіта­бы да жазуындағы әртүрлі стратегия­ларды бағамдатады. Бір атап айтарлығы, Дидар шығармашылығы – ашық шы­ғар­машылық, ол өзінің эсселері мен сұх­баттарында, тіпті көркем шығар­ма­ларында осы стратегияларына, өзінің ­жазу технологиясына жол нұсқайды. Мұ­ның өзі кей-кейде сіз түйген, өзіңізше ұқ­қан мағыналардың күлін көкке ұшыра­ды. Сосын сіз биікке талаптанған өлер­мен альпинист сияқты өзіңіз діттеген шың­ға шығуға қайта қамданасыз. Өйткені Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен дараланады – көркем сөз бен философияның сим­биозы. Енді «Көзіңнен айналдым».

Сәбидің топ-топ басып шығып, ең соңында күлімсіреген аяулы жүзімен қарағанына дейін тоқтаусыз түсіріп тұр­ған объектив. Осы объективте – бір мезгілдегі қат-қабат сезім, қат-қабат ахуал, қат-қабат ой, қат-қабат тарих. Оқи­ға­лар, егер оны оқиға деп айтуға кел­се, өтіп жатқан қимыл-қарекеттер опе­ратор объективіне түсіп тұр. Және бұл жан­сыз кадрлар емес, өте жанды, ділі, тарихы бар кадрлар. Бүгінгі күр­­делі адам жанының әуені, өз түп-тегі­не деген сағынышы, қан-қазынасын іздеп-табу қарекеттері. Бірнеше мағына­лық қабатты әңгімеде ерекше бір әуен, ғасырлар қойнауынан жететін әлдебір архетиптер және ұлттық жады бар. Сон­дықтан да әңгіме аяқталғанда оқыр­ман тұтас бір ғасырлардан өтіп келгендей сезімде қалады. Бұл жалпы Дидар шы­ғар­машылығындағы ерекше бір сипат және мұны қалай сезініп-қабыл­дау, әрине, оқырманның рухани тәжірибе­­сіне байланысты. Автордың өзіне жүгін­сек, бұл әңгіме – текст туралы фило­софия көрі­нісі. «Әлем – текст. Опера­тор баланың кө­руі, көзқарасы арқылы әлемді түсінді­ріп жатыр. Сонымен қа­тар «Көзің­нен айналдым» – поэзия, өлең, жыр...». Автор шығармашылығында әр сөйлем­ді музы­каға айналдырған эсте­тикасы­ның дөптігі шынында да тұла бойыңды шымырлатады. Қазақ әде­биетіне қан­дай жаңалықтар әкелуге болады деген жолдағы саналы ізденістердің нәтижесі.

Дидардың қорғасындай ауыр ойла­ры­ның үп еткен қауырсындай жеңіл қа­былданатыны шығармаларының атмосферасына байланысты. Жеке оқыр­мандық тәжірибеден айтқанда, шығарма атмосферасы табылса сюжет, негізгі тін саналатын тартыс, образды іздеп отырмайсыз. Философ жазушының танымында «атмосфера – шығарманың жаны. Кез келген өнердің, өнерпаздың мұраты – сондай бір нәзік дүние – атмосфераға жету (Осы тұста шамалы ерте дүние кешкен режиссер, Дидардың досы Қайрат Сүгірбеков спектакльдері де еске түседі). Атмосфераны стиль тудырады. Стиль көп оқып, көп жазғаннан қалыптасады. Жазу үшін оқу керек. Атмосферасыз кітап – өлі туынды». Ол көріп жазады. Болмаған, ­бастан кешпеген нәрсені прозасында жазбайды. Қаһарманымен таныстырмай­ды, ешқайсысына мінездеме бермейді, оны қарекетін көріп, мінез-құлқының қыр-сырына қанығып, кейін өзіңіз танып аласыз. Дидардың стилі, ұлттық топырақ­тан құнар алған бейнелі көркем сөзі де жеке зерттеулердің объектісі болуға керек. Қысқа немесе әредік жарты не бір бетті алатын сөйлемдері ішкі ырғаққа құрылады. Бұл ретте ол көркем де бай тілімізді түрлендіріп, жаңа мағына беріп те көркейте түседі.

Қоғамның циклдік даму жолына қарағанда, өнерде, яғни әдебиетте де сапалық өзгерістер шамамен отыз-елу жыл ауқымын қамтиды екен («елу жылда ел жаңа»). Дидар рухтас досы Әмірхан Балқыбек туралы «Мен көрген Энки­ду» («Гильгемаш» эпосының кейіпкері) эссесінде «Менің алғашқы әңгімелерімді троллейбустарда оқып, қатты таңғалып келгені бар» дейді. Осы орайда 90-жылдар, Дидардың торкөз қалың екі дәптерге жазылған «Тотықұс түсті көбелек» атты алғашқы романын оқығанда осындай сезімді мен де бастан кешкенім еске түсті. Содан бері отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Шығармашылығын тұтастай қарастырғанда, әдебиетімізге жаңа эсте­тикалық түзілістер, демек, жаңа эсте­тикалық сезімдер, жанрлық-стильдік ерекше трансформация әкелген сурет­кер Дидар Амантай бүгінде әдебиетіміз­дің көрнекті өкіліне, үлкен тұлғаға айналды. Бұл ретте шығармалары әлем­­нің он бес тіліне аударылған, шетел оқырмандарының да жоғары баға­сын алған жазушының әңгіме, новеллалары, мәдениет құбылысы болған «Гүлдер мен кітаптар», «Мен сізді сағы­нып жүрмін», «Жарық жолы», тағы да басқа роман-повестері; «Ахмет Бай­тұрсынов. Тіл мұраты. Болмыс философиясы» эссе зерттеу кітабы, Мұхтар Әуезовтің эпопеясын заманауи талдайтын «Абай жолы»: атмосфера және стиль» көлемді эссесі, бүгінгі әдебиет тынысына сергектікпен жазылған аға-қатарлас әріптестері, талантты жас­тар туралы көптеген мақалалары, тағы да басқа мәдениеттанушылық, әдебиет­тану­шылық сан жетпес эсселері мен сұх­­баттары әдебиетіміздің құнарлы қазы­насы һәм оқырманға заманауи білім көзі.

Суреткер, философ Дидар Амантай –  ізгіліктің жаршысы. Ұлы гуманистердің ізін жалғастырушы. «Кейде, біз, қалам ұстаған халық, шам жағып, топ бастап кетіп бара жатқан жоқпыз ба, деп ойлаймын, алдымыз тас қараңғы, соңы­мыз – жап-жарық. Іздеген ақиқат нұры түнектің ар жағынан сәуле түсіреді, бағытымызды сол белгіге қарап түзете­міз – алыстан келеді. Қателесуіміз мүм­кін емес, адасуға рұқсат жоқ... Ізгіліктің сәулесін шашқан қалам тоқтамайды, бойында халықтың күші бар...».

Әдебиетті тағдыры еткен суреткер оқырманын кісілік мектебінен өткі­зіп, жасампаздыққа бастайды. «Өнер­­де кісіліктен басқа мақсат жоқ». Па­ра­сатты көркем сөзі, қуатты үні бүгінгі қо­ғамға, ақжолтай жас буынға аса қажет Дидардың құнарлы да рухты, қуат­ты, заманауи биік талаптарға мейлінше жа­уап­ беретін «Майдақоңыр» формасын­­да ұсынылып отырған шығармашы­лығы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

Алматы