Ғылым • 25 Шілде, 2024

Кіші ғарыш аппараттарын ұшырады

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.

Кіші ғарыш аппараттарын ұшырады

Екі университеттің ғылыми әлеуе­тін әрі қарай арттыру мақсатын­да жақында қос мемлекет басшылары кездесіп, тағы бір маңызды келісімге қол жеткізді. Ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашатын келісім аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­теті мен Солтүстік-батыс политехника­­лық университеті кіші ғарыш аппаратын бір­ле­сіп жасап, ғарышқа ұшырмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылымды қажет ететін технологиялар мен инжиниринг кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, қазіргі күні екі ел оқу орындарының арасында техникалық бағытта магистранттар даярлап, бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізуде тығыз байланыс орнаған. Осы уақыт аралығында ғалым­дардың бірлескен ғылыми мақалалары жарық көрген.

– Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық тара­пынан кіші ғарыш аппараттарына, яғни нано және микроспутниктерге деген қызығушылық жоғары. Қарапайым статистикаға жүгінсек, 2010 жылы әлемде небәрі 19 наноспутник ғарышқа ұшырыл­са, қазіргі күні олардың саны 2 600-ден асты, яғни бұл көрсеткішке қарап, экспоненциалды өсімді көруге болады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2017 жылы өзінің алғаш­қы наноспутнигін ғарышқа ұшырғанда Қазақ­стан осы сала бойынша озық 50 елдің қа­та­рына енді. Ал бүгінгі таңда кіші ғарыш ­аппараттарын ұшырған мемлекеттер­дің саны 86-ға жетті, – дейді Ә.Темірбаев.

Ғалымның айтуынша, әлемдік қауым­дастықтың кіші ғарыш аппараттарына қы­зы­ғушылығы жайдан-жай емес. Өйт­кені тех­нологияның өзіне тән ерекшелігі бар. «Біріншіден, шағын ғарыш аппараттарын жасауға үлкен спутниктермен салыс­тыр­ғанда ондаған, тіпті жүздеген есе аз қар­жы жұмсалады. Екіншіден, жобалаудан бас­тап ғарышқа ұшыруға дейін кететін уақыт мерзімі небәрі 2-3 жыл, ал үлкен ғарыш аппараттарына ондаған жыл кетеді. Үшіншіден, нано және микроспутник­тер­ді жасауда студенттерді жұмылдырудың мүмкіндігі мол. Бұл кез келген университет үшін адами капиталдың дамуына зор ықпалын тигізеді. Осы ерекшеліктерді ескеріп, спутник жасау саласында тәжірибесі бар қос университет бірлескен жобаны қолға алды. Жоба нәтижесінде 6U CubeSat санатындағы кіші ғарыш аппараты жасалып, ғарышқа ұшырылады», деді Әмірхан Темірбаев.

Тараптар келісімінде екі университеттің өз міндеттері нақтыланған. Спутниктің платформасына, оны сынақтан өткізу, ғарышқа жіберу мәселелеріне Солтүстік-батыс поли­техникалық университеті ғалымдары жа­уапты болса, ҚазҰУ ғалымдары спутник­тің пайдалы жүктемесін, яғни атқаратын басты функциясын қадағалап, оған қажетті құрылғыларды дайындайды.

Спутник негізгі 3 міндетті атқарады. Оның алғашқысы ғылыми зерттеу экспери­менті. Жердің тартылыс күшіне негізделіп, гравиметрикалық өлшеулер жүргізіледі. Егер бұл эксперимент ойдағыдай іске асатын болса, орбитадан спутниктің көмегі­мен жер қыртысының гетерогенді қасиет­терін, яғни қай аумақта жердің тартылыс күшінің өзгеше екенін болжауға болады. ­Бұл геологиялық барлау жұмыстарының негі­зіне жатады. Екіншіден, IoST (Internet of Space Things – ғарыштық заттардың интер­неті) технологиясының көмегімен болашақта эко­логиялық, ауыл шаруашылығы мәселелерін шешуге болады. Ал үшіншісі студенттер­дің ғылыми жұмыстарымен байланысты. Яғни студенттердің коммерциялық емес жабдықтарды (COTS) пайдаланып жасаған құрылғылары ғарышта сынақтан өтпек.

АЛМАТЫ