фото: almaty.tv
– Жаз басталысымен елімізде отандастарымыздың суға кету оқиғалары жиілейді. Әңгімемізді осы шомылу маусымындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерінен бастасақ.
– Төтенше жағдайлар министрлігі үнемі азаматтарды судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы міндетті. Әрі балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға, үлкендердің қарауынсыз шомылуға жол бермеу қажет. Мейлінше балаларды кішкентайынан жүзіп үйреткен дұрыс.
Сондай-ақ бейтаныс және суға түсу үшін жабдықталмаған орындарда, «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері орнатылған жерлерде мүлдем суға түсуге болмайды. Жүзудің шекарасы белгіленген қалтқылардан (буйки) аспау керек. Күшіңізді сынаймын деп тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз. Оған қоса жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз. Жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Тағы бір ескертетіні, қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз.
Әр азамат жол жүру ережесін сақтағаны секілді судағы жүріп тұру қағидаларында қатаң сақтауға тиіс. Себебі «Шәкірт дайын болғанда ғана ұстаз келеді» демекші, біз қанша ескерту, оқыту, алдын алу шараларын ұйымдастырғанымызбен, ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы ол адамның өзі екенін ұмытпаған жөн! Сондықтан жоғарыда атап өткен қарапайым, бірақ ең маңызды ережелер адамның өмірін сақтап қалады.
– Биылғы маусым қалай өтіп жатыр? Қазіргі ахуалды статистикалық деректермен келтірсеңіз.
– Министрліктің халықты қорғау бойынша қабылдаған іс-шаралары өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Оған дәлел, суға шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 153 адамды, оның ішінде 38 баланы құтқарып қалды. Жалпы, елімізде су айдындарында қаза тапқандардың саны күннен-күнге өсіп барады. Әсіресе балалар өлімінің күрт өсуі алаңдаушылық тудырып отыр.
Негізінен жазатайым оқиғалар демалыс күндері жиі кездеседі. Оған басты себеп – қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру. Мәселен, бір жарым айға жуық уақытта 87 адам суға кетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда адам өлімі 14%-ға аз. Бірақ балалардың өлім құшуы 20%-ға көп.
Статистикалық деректермен ашып айтсақ, шомылу маусымының басталуымен суға батып қайтыс болғандардың 15%-ы немесе 10 жағдай рұқсат етілген аумақтардан тіркелген. Яғни Алматы – 4, Маңғыстау – 2, Абай – 2, Ақтөбе және Павлодар облыстарында 1 жағдайдан анықталды. Ал 85%-ы немесе 54 жағдай рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су айдындарында болған. Осы ретте айта өткім келетіні, қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ көздерінде, әкімдіктер мен өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің сайттарында жүктелген.
ТЖМ Ішкі істер және Көлік министрлігімен бірлесе су айдындарында азаматтардың қаза табу қаупін азайту мақсатында судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзудың жолын кесу бағытында 50 мыңға жуық рейд, қадағалау жүргізді. Анықталған заң бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны» 364, «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамағаны» 412 және «Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны» 440-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері дәл осындай форматтағы
9 мыңға жуық хаттама толтырылды.
Жалпы, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзушыларға әкімшілік жаза қолдану су айдындарындағы оқиғалардың санының азаюына оң әсер етіп келеді. Биыл ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 7 есе өсті. 579 айыппұл салынды. Кез келген заң бұзған азамат судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға жақындарын үгіттейді деген үміттеміз.
Шомылу маусымының басталуына дейін және кезең ішінде теледидардан 1 800-ден астам сюжет, радиодан 3 000-нан астам сөз сөйлеу, газеттерде және әлеуметтік желілерде 2 343 мақала жарияланды. 7 000-нан астам пост, мессенджерлер және өзге де әлеуметтік желілер арқылы 543 тікелей эфир ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шаралармен 6 миллионнан аса
(6 440 791) адам, оның ішінде 1,5 миллионға жуық (1 474 727) бала қамтылды.
Сонымен бірге оқыту кезеңінде 30 400 балаға жүзу дағдылары үйретілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу барысында 370 мыңнан астам көрнекі оқыту өнімдері, яғни парақшалар, жадынамалар, брошюралар таратылды.
Суға түсуге тыйым салынған 4 646 орын анықталды. Онда 6 312 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. 708 рұқсат етілген жаппай демалыс орны бекітілді.
Қазіргі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар. Оларды азаматтар шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланады. Онда әкімдіктердің шешімімен бекітілген 708 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт орындары жабдықталды. Оның ішінде 167-сі коммуналдық және 425-і жеке жағажайлар, қалған 116 спорт және туристік мақсаттарға арналған. Бұл ретте барлық коммуналдық жағажайларға кіру тегін екенін атап өткен жөн.
Атқарылған кешенді жұмыстардың көмегімен жыл сайын суға батып қайтыс болу дерегі азайып келеді. 2021 жылы 3%-ға, 2022 жылы 42%-ға, 2023 жылы 4%-ға төмендеді. Дейтұрғанмен әрбір құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Кейінгі 10 жылда екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Тыйым салынған жерлерде шомылу өмірге қауіп төндіріп қана қоймай, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 721 отандасымызға 18 миллионнан астам теңгеге айыппұл салынды.
– Елімізде құтқару отрядтары жеткілікті ме? Техникалық құрал-жабдықтарды да қоса айта өтсеңіз.
– Төтенше жағдайлар министрлігінде 20 жедел-құтқару жасағы бар. Олар авариялық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстарын, құтқару операцияларын жүргізу үшін төтенше жағдайлар орнына шығады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін құтқару бөлімшелерінің иелігінде 1 094 бірлік авариялық-құтқару және қосалқы техника, 2 066 авариялық-құтқару жабдығының жинағы, 35 829 жарақтар мен экипировкалар жинағы
бар.
Техникамен жарақтау және оларды жаңарту, жаңа суда құтқару стансаларын салу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Әдетте жазғы суға шомылу маусымында еліміздің су айдындарында қосымша мобильді бекеттер орнатылады. Сонымен қатар тұрақты түрде рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі. Дауыс зорайтқыш құрылғысы бар дрондар да пайдаланылады.
Шомылу маусымының басталуымен су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 65 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»