Оқиға • 25 Шілде, 2024

Мас күйде көлік айдаған бас имам қызметінен босатылды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет 15 тәулікке қамалып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мас күйде көлік айдаған бас имам қызметінен босатылды

Фото:muftyat.kz

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Қостанайдың бас имамы Бақытбек Тәжімбеттің мас күйде көлік жүргізгені туралы ақпарат пайда болды. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, бас имам 23 шілде күні түнгі клубтардың маңынан масаң күйде «Toyota Highlander» маркалы көлігін жүргізіп жатқан жерінен ұсталған.

 

«Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды. Қамаққа алу уақыты 2024 жылдың 23 шілдесі күндізгі сағат 16:53 минуттан бастап есептелсін», делінген сот қаулысында.

Осы тұста ҚМДБ оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

«Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты», деп мәлімдеді ҚМДБ.

Айта кетейік, Бахытбек Тәжімбет 2015 жылдың 12 қарашасынан бастап Қостанай облысы бойынша өкіл имам және Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы болып тағайындалған еді.