– Берік Айдарбекұлы, жуырда Парламенттің қос палатасы кезекті сессияны аяқтап, демалысқа шықты. Бұл сессияның жұмысы жемісті болған сыңайлы. Өйткені жыл басталғалы ел күткен бірқатар маңызды заң қабылданды. Бұл заңдар қоғамдағы қордаланған проблемаларды шешуге қаншалықты ықпалды болады деп ойлайсыз?
– Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі өте мазмұнды болды деп айтуға негіз бар. Өйткені Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. Соның арқасында екі палата 179 заң жобасын қарап, оның 102-сін қабылдады.
Аталған құжаттардың негізгілеріне тоқталып өтсек, ең алғаш болып ауызға ілігетіні – әйелдер мен балалар құқын қорғауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблема деп атаған болатын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру, балаларға қатысты зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату және алдын алу шаралары – негізгі заңнамалық жаңашылдықтар. Осы заң арқылы қоғамда бұл кесапаттың өршуіне тосқауыл қойылды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын алға тартқаны белгілі. Бүгінгі қоғам адал азаматты қалай тәрбиелейді? Біз қазақ «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, көп проблеманы жабулы қазан күйінде қалдырып, тіс жармай сақтап жүре береміз. Мұндай ескі әдеттен бойды барынша аулақ ұстап, заң үстемдігі орнаған қоғамды бірге жасауымыз керек. Осы орайда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған, өзге де өзекті заңдар жылдар бойы пісіп-жетіліп, әділетті қоғам құрудың тетігі ретінде өмірге келді.
– Бұл заңның ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Жаңа заңда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін қолданылар жазаны күшейту көзделген. Мәселен, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына жатқызылса, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу сынды жаза түрлері қарастырылған.
Ал жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бұл заң өзінің нәтижесін беріп, жемісті жұмыс істейді деп үміттенеміз.
Дегенмен айта кету керек, заңды қабылдау мен оны орындау – екі бөлек мәселе. Шерағаң атап өткендей: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты». Заң қабылданды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ертең оны қалай жүзеге асырамыз? Әлде бәрін мемлекеттің мойнына жүктеп қоямыз ба? Жоқ, заңның орындалуы ең алдымен ел тұрғындарының оны құрметтеуінен және тәртіпке бағынуынан басталады. Конституцияда жазылғандай әр азаматтың құқықтарымен қатар жауапкершіліктері де бар. Егер өзің заң талаптарын белшесінен басып, ал қоғамдағы проблемалар үшін «әкім қайда қарап отыр?» деп талап қоюды ғана білсең, ондай жағдайда кез келген заңың да өз нәтиже бермейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар үшін жазаны қатаңдаттық. Бірақ тек қатаңдатумен мәселе шешілмейді. Ең алдымен азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғарылап, тәртіппен өмір сүруді үйренуі керек.
– Биыл қабылданған тағы бір өзекті құжат – лудомания, яғни ойынқұмарлыққа қарсы заң. Бұдан кейін аталған қоғам кесапатымен күрес нәтижелі болады деп ойлайсыз ба?
– Иә, таяу күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Өзіңіз айтқандай, ойынқұмарлық – қазір қоғамның қасіретіне айналды. Жасы да, кәрісі де жеңіл пайда табам деген ниетпен соның апанына құлап, салдарынан отбасындағы, қоғамдағы орындарын жоғалтып жатыр. Тіпті мемлекеттің сеніп тапсырған мүлкін құмар ойынға жұмсап, талан-тараж еткен мемлекеттік қызметшілер де, қолына түскен қаржының бәрін құрдымға жіберіп, сол үшін әйелімен ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да бар.
Сондықтан әрине, мұндай қоғам кеселінің алдын алу үшін мемлекет тарапынан тегеурінді шара жасалуы қажет. Сол үшін жаңа заңға халықтың ойынқұмарлыққа тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағандарды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді.
Сонымен қатар вейп сатуға тыйым салатын заң нормалары да жақында ғана күшіне енді. Соңғы екі жылда елдегі вейп сатылымы 300 есе өскен. 2,5 жыл ішінде елге үш миллионға жуық вейп әкелініпті. Денсаулық сақтау туралы заң аясында вейп таратуға толық тыйым салынды.
Былтырдан бері Парламентте кеңінен талқылаудан өткен масс-медиа туралы заң жайында да айтпай кетуге болмас. Күні кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтау кезінде Президентіміз бұл заң журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетінін атап өтті. Ақпарат саласына қатысты 33 жыл өткеннен кейін «Масс-медиа туралы» заң қолданысқа енді. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.
– Біздің білуімізше, бірқатар заң жобасын әзірлеу мен талқылау жұмыстарына Парламентаризм институты да атсалысқан екен. Ол қандай заңдар еді?
– Өткен сессия аясында біз Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп 29 заң жобасын әзірледік. Сондай-ақ Мәжіліске келіп түскен 49 заң жобасына талдамалық сүйемелдеу жүргізілді. Еліміздің атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнамалық актілерге түгендеу және 21 бағыт бойынша қолданыстағы заңнамаға талдау жасалды.
Бұдан басқа, Парламентаризм институты депутаттық корпустың сұранысына ие және жұмыс топтарында заң жобаларын қарау барысында пайдаланылатын 53 заң жобасына сараптамалық қорытынды дайындап, Мәжілістің бейінді комитеттеріне жолдады. Жоғарыда сөз болған ойын бизнесі, лотерея қызметі және тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сот жүйесін жетілдіру сынды заң жобаларының әзірленеуіне де Парламентаризм институты тікелей атсалысты.
– Бүгінде жеке детективтер туралы заңды қабылдау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұндай заңның ерекшелігі мен қажеттілігі неде?
– Елімізде жеке детективтердің жұмысы заңмен реттелмеген. Осыған орай Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері, біздің институт сарапшылары бірлесіп «Жеке детективтердің қызметі туралы» заң жобасын әзірледі. Жеке детективтік қызмет институтын енгізудің өзектілігі, ең алдымен, осы саланы құқықтық реттеудің айрықша қажеттілігінен туындап отыр. Бұл ретте азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қамтамасыз етуде шешуші рөл, әрине, мемлекеттік құқық қорғау органдары мен атқарушы билік органдарына тиесілі.
«Жеке детективтің қызметі неге қажет?» деген сауалға жауап берсек. Адам жоғалып оны іздестірумен полицейлермен қатар детективтер де айналысса, бір жағынан ол полицияға көмек, екінші жағынан детектив өз қызметін заңдастырып, лицензия алып, салық төлесе, бұл қазынаға түсетін қаржы.
Бірақ детективке де қойылатын талаптар өте жоғары: құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жедел-тергеу бөлімшелерінде кемінде 7 жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет. Ішкі істер саласында қызмет еткен тергеуші мен із кесуші қызметкерлер зейнеткерлікке 40-45 жаста шығады. Тәжірибесі бар мамандар қазіргі таңда күзетші болып нәпақасын тауып жүр. Ал егер олар детектив қызметін атқарса, елдегі жылдар бойы ашылмаған қылмыстар мен қордаланған проблемалардың шешілуіне атсалысар еді. Бұйырса, Парламенттің күзгі сессиясы басталғанда бұл құжат заң жобасы ретінде тіркеліп, оны қабылдау үшін әрі қарай жұмыстар жүргізілетін болады.
– Адам құқын қорғау саласында қолға алынып жатқан жұмыстардың тағы бірі – адвокатура туралы заңды жетілдіру. Осы орайда қорғаушылар тарапынан қандай ұсыныстар айтылып жатыр? Қолданыстағы заңның қандай олқылықтары бар?
– Адвокаттардың дербестігін қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру – қоғам алдында тұрған маңызды мәселе. Қазіргі таңда депутаттардың бастамасымен іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Біздің институтымыз көкейтесті мәселеден тыс қалмай, жақында Республикалық адвокаттар алқасы, шетелдік және ТМД елдерінің заңгер-адвокаттарының қатысуымен кеңейтілген «дөңгелек үстел» өткізді. Республикалық адвокаттар алқасы заң жобасында адвокаттар қауымдастығының көптеген бастамасын қолдайтынын атап өтіп, кейбір дамытуды қажет ететін тұстарына назар аударды.
Қазіргі таңда адвокаттар тергеу изоляторында кездесу өткізудің, ол үшін құжат рәсімдеудің күрделілігі, басқа өңірлердің тергеу изоляторына қорғаушыларды ауыстырудағы келеңсіздіктер сынды қиындықтарға тап болып жатады. Сонымен қатар «E-оtinish» порталы арқылы адвокаттардың өтініштерімен жұмыс істеу кезінде мәселелер туындап, оның ішінде басқа жүйелермен интеграцияның болмауы адвокаттық қызметке кедергі келтіреді. Портал жүйесінде мерзімдердің сақталмауы және қылмыстық істер бойынша адвокаттардың өтініш мәртебесінің белгісіздігі де өзекті. Мойындау керек, адвокаттың жалақысының төмендігі, атқарылған жұмыс уақытын есептеудің әділетсіз тетігі, адвокаттың судьяға және оның процессуалдық қарсыласына төлем мөлшерін анықтау кезіндегі тәуелділігі – шешімін күткен маңызды мәселе.
Қолданыстағы заңды жетілдіру жұмыстары, Мемлекет басшысы айтқандай, сот отырысында айыптаушы мен қорғаушының, яғни прокурор мен адвокаттың тепе-тең құқығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатыр. Айналып келгенде бұл да адам құқығының қорғалуы үшін қажет. Сол үшін бүгінде қылмыстық іс бойынша дәлел жинау сатысында адвокаттарға еркіндік беру туралы бастама көтеріліп жатыр. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары орын алған құқық бұзушылық кезіндегі азаматтың кінәсін анықтау үшін дәлел жинайтыны сияқты, адвокаттарға да өз дәлелін жинауына құқық беру мәселесі күн тәртібінде тұр.
– Қазіргі трендтердің бірі – жасанды интеллектіні пайдалану. Қоғамның барлық саласында жаппай қолға алынып жатқан ЖИ мүмкіндіктерін заң жобаларын әзірлеуге де қолдануға бола ма?
– Бүгінде цифрландыру үдерістері адамзат өміріне мықтап енді. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласын түбегейлі өзгерте алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, жасанды интеллект технологиясын енгізу және IT саласындағы цифрлық қуатты мемлекет болу мақсатын алға қойып отыр.
Осыған байланысты Парламентаризм институты жасанды интеллектіні еліміздің заң шығару үдерісіне енгізу мәселесін белсенді түрде зерттеп жатыр. Яғни құқықтық технологияларды дамытудың басты бағыттарының бірі – заң саласына жасанды сананы енгізу және жаңадан туындаған мәселелерін шешу. Институт сарапшылары ЖИ-ді заңнамалық қызметке интеграциялаудың үш маңызды тенденциясын атап өтеді.
Оның біріншісі – құқықтық сараптама үшін ЖИ пайдалану. Оның алгоритмдері деректердің үлкен көлемін талдайды, заң жобаларындағы қайшылықтарды анықтайды және оларды қолданыстағы заңнамамен және халықаралық стандарттармен салыстырады.
Екіншіден, құқықтық саладағы мәліметтерді талдау негізінде болжамдарды әзірлеу жұмысына тартуға болады. Үлкен деректер мен аналитикалық құралдарды пайдалану белгілі бір заңның қабылданылуының ықтимал салдары және оның экономикаға әсері туралы құнды болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, заң шығару мәтіндерін жасау үдерісін автоматтандыру. Заманауи технологиялар қол еңбегін барынша азайтуға және заң жобаларының мәтіндерін жасау кезінде «адами факторды» төмендетуге көмектеседі. Міне, егер біз жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша кеңінен кәдеге жарата алсақ, заң жобаларын әзірлеу жұмыстарын барынша жеңілдеткен болар еді.
– Соңғы жылдары Парламент депутаттарының белсенділігін атап айтуға болады. Бұрын заң жобалары көбіне Үкіметтің бастамашылдығымен жасалатын болса, қазір депутаттардың өздері бастама көтеріп, белсенділік танытып жүр. Мұны жақсылықтың нышаны деуге болатын сияқты...
– Заң жобаларына бастамашылық жасау құқығы Президентке, Үкіметке және Парламентке берілген. Дәл қазіргі жағдайда Парламент депутаттары өздерінің осы құқығын өте белсенді пайдаланып жүр. Өзіңіз айтқандай, бұрын заң жобалары негізінен Үкімет арқылы келсе, қазір депутаттар біздің институтпен бірге бірқатар заң жобасына бастамашылық еткенімізді жоғарыда айтып өттім.
– Дегенмен кейде халық арасында «Парламент – заң қабылдаушы орган, сондықтан ол жерде заңгерлер отыруы керек. Ал бізде блогерлер, айтыскерлер, спортшылар депутат болып кетті» деген пікір айтылып қалады. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Қоғамның өзі түрлі саладан тұрады емес пе? Сондықтан Парламентте әр саланың өкілдерінің отыруы – заңды құбылыс. Заң жобаларын жасау, оны талқылау үшін өз саласын жетік білетін адамдардың болғаны маңызды. Парламент – қоғамда қордаланған көптеген көкейтесті мәселенің қайнайтын қазаны болғандықтан, ол жерге түскен әрбір мәселе әбден қайнауы жетіп, пісіп шығуға тиіс. Сол үшін әр саланың өз өкілінің отырғаны абзал деп білемін. Бұл заңның сапалы, тиімді қабылдануына септігін тигізеді.
Әр сала өкілдері Парламентте жұдырықтай жұмылып қызмет етуінің нәтижесінде түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін дұрыс көрсетуге мүмкіндік алады. Қоғамдағы барлық топтардың пікірлері ескеріледі және заңдар мүмкіндігінше әділетті әрі теңгерімді болады. Заман ағымы өзгерген сайын азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес заңдардың қолдану аясы кеңейіп, олар қосымшалар мен түзетулер енгізуді қажет етеді. Сол себепті, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық міндеттемелер мен өзгерістерді қарапайым жұртшылыққа түсіндіру маңызды. Азаматтық қоғам қалыптастыруының негізі – заң мен тәртіптің халық игілігіне қызмет етіп, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болуында!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»