12 Маусым, 2015

Көзі нашар көретіндер үшін қазақша «сөйлейтін» синтезатор пайда болды

612 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнан былайғы жерде көру қабілеті толық немесе ішінара жойылған жандар баспа өнімдері немесе кітаптарды қазақ тілінде оқып немесе компьютерде жұмыс істей алатын болады. Ақпараттық технологиялардың дамуы күн сайын игі жаңалықтарды жасауда. Соның бірі – қазірдің өзінде қазақша «сөйлейтін» заманауи сөйлеу технологиялары мен құрылғылары.

20150612-05

Қазақстан баспасөз-клубында өткен қазақ тілі үшін синтезделген сөйлеу дауыстарының тұсаукесеріне келген БАҚ өкілдері мен мүдделі жандар жаңалықпен тікелей танысып, мүмкіндіктерін көрді.

Қазіргі заманда білім алуда, яки жұмысқа орналасу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды да қоғамға бейімдеу өте көкейкесті болып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда көзі нашар көретін, компьютерлік технологияларды пайдаланушылар кез келген ақпаратқа деген қолжетімділікке синтезделген сөйлеу арқылы ие бола алады. Яғни, қолданушының компью­тердегі барлық әрекеттерін да­уыстап отыратын арнайы бағдар­ламалар бар. Бертінге дейін көзі көрмейтін және нашар көретін қазақстандықтар үшін ақпаратқа деген қолжетімділік айтарлықтай шектеулі болып келді. Олар білім алатын және құқықтық мәтіндерді тек орыс немесе ағылшын тілде­рінде ғана оқи алатын, ал қазақ тілі үшін сөйлеу синтезаторлары мүлдем жоқ болатын. Сонымен, 2014 жылы «Ақыл-ойы және дене бітімі дамуының бұзылулары бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейім­деу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы» ЖШС мен «Элита Групп» атты Ресей компаниясы қазақ тіліне арналған синтезделген дауыстарды жасақтауға кіріскен болатын. Дикторлар студияда қазақ тіліндегі 1500-ден аса сөйлемдерді жазып шыққан. Синтезаторды жасаушылар арнайы бағдарламалар көмегімен алынған қорды талдап, жаңа дауыстарды жасау үшін қажетті жұмыстар атқарды. Жасақтаманың барлық кезеңдерінде қазақ тілінде сөйлетіндермен, яғни тілді тасымалдаушылармен және Қазақстан филологтарынан кеңес алып, ақылдасып отырғанын айту ләзім. Осы арада қазақша синтезаторды жасаушылар «Тіл туралы» Заңда айтылған «Үкiмет, өзге де мемлекеттік, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға мiндеттi», деген қағиданы ұстанғанын атап өткен жөн. Жаңа технологияның арқасын­да көру қабілетінің ақауы бар ел азаматтары өздерінің мемле­кеттік тілді меңгеру және қолда­нуға деген құқығын жүзеге асы­ра алады. Қазақша сөйлеу синтезаторларының пайда болуы оларға компьютерде жұмыс атқарып, баспа мәтіндерін оқып, қазақ тілінде білім алу мүм­кін­дігін береді. Сонымен қатар, бұл жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейтпек. Таныстырылым барысында журналистерге баспа мәліметтерін қазақша оқи алатын, қазақ тіліндегі кез келген электронды мәтіндерді оқуға жол ашатын компьютер мен көру қабілетінің ақауы бар адамдарға ақпараттық қорларды таңдауда анағұрлым тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін басқа да технологиялар көрсетілді.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.