Жастар • 26 Шілде, 2024

Алғыс арқалағандар

134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқыны – елде ұзақ жылдан бері болмаған табиғи апат. Мұндай қысылтаяң тұста отандастарымыз бір-біріне ұйыса қолдау көрсетіп, жұ­мыла әрекет етті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақ­стан халқы көмектесуге ұмтылды. Төтенше жағдайда тосыр­қа­ған жұртқа республиканың әр түкпіріндегі еріктілер керек-жарағын жиып, гуманитарлық көмек жөнелтті. Нағыз бірлік сыналған сәтте Ассам­блея­ның «Жүректен жүрекке» жобасының волонтерлері де қапы қалмады.

Алғыс арқалағандар

Міне, тасқын судан қауіп сейіліп, көңіл ашылғалы тура екі айдан асты. Әсіресе еліміздің батыс өңірінде қара терге түсіп, күні-түні толтырылған қап-қап топырақ жаға бойынан алынып, жұрт күйбең тірліктің қамына қайта кірісті. Төтенше жағдайда баспанасыз қалған халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, құқық белгілейтін құжаттарында мәсе­ле­лер туындаған не жеке тұрғын үйі жоқ көпбалалы отбасыларға Ассам­блея өкілдері де үй алып беріп жатыр.

1

Шынайы жанашырлықты сезін­ген­дердің бірі – Атырау облысы Құл­сары қаласындағы ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған Дауылбаевтар отбасы. Табиғи апат салдарынан баспана­сыз қалған әпкелі-сіңлілі – Шаттық, Ақ­тілек және Айкөркем бұған дейін Аты­рау қаласында пәтер жалдап келген. Ару­лар жуырда ҚХА-ның «Жүрек­тен жү­рекке» жобасы аясында қоныс тойын тойлады.

2

– Құлсары қаласының әкімдігі бізге үй берілетінін хабарлағанда төбеміз көкке жеткендей болды. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын, қуаныш сезімі бойды кернеді. Су тасқынына дейін де туыс­тарымыздікінде тұрған едік. Мен үйдің тұңғышымын. Осындай жомарт жүрек­ті жандардың арқасында уайымым сейілді. Атырау қаласы, Нұрсая шағын ауданынан пәтер алып берді. Құжат­тары толық реттелген соң, асыға қуаны­шты тойладық, – деді Шаттық Дауылбаева.

Бөркін аспанға атып, баспана кілтін жұдырығына қысқандардың тағы бірі – Батыс Қазақстан облысының Перемётное ауылында су тасқыны салдарынан үйі қираған ерлі-зайыпты Беркінғалиевтер. Олар 3 баласымен бірге пәтер жағалауға мәжбүр болған. Енді ҚХА мүшелері мен меценаттары үй сыйлап, қиын күндер артта қалды.

– Бізге көмектесіп, үй алып беріп жатқан жанашыр жандарға алғы­сы­мыз шексіз. Өте қуаныштымыз. Апат аймағында тұрып, барша отан­да­сы­мыздың шынайы ықыласын сезіндік. Жан-жақтан қаумалап, әр түрлі көмек жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл суға кеткен тұр­ғын­­дарды бас­панамен қамту туралы үндеу жолдаған еді. Баспанасыз тен­ті­реп, дал болған тұрғындар да біз сияқ­ты қуанса екен деп тілеймін, – деді Пере­­м­ётное ауылының тұрғыны Марал Беркін­ғалиева.

Негізі алғаш болып, Ассамблея өкілдері Ақмола облысы Жарқайың ауда­ны Державинск қаласындағы Қаби­деновтер отбасын жақсы жаңа­лықпен қуантты. Дархан мен Ксе­нияның бас­панасы су тасқынынан зардап шегіп, қалпына келтіруге жарамсыз болып қалған. Екі баланы тәрбиелеп отырған жұбайларға 4 бөлмелі пәтер беріліп, көмек көрсетілді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы қайы­рымдылыққа басымдық береді. Халықтың бірлігі мен сабыры қиын­дық­та сыналады. Еліміздің бірқатар өңі­рінде болған су тасқыны бүтін ха­лықты жұдырықтай жұ­мылдырды. Бұл ретте Ассамблеяның әр мү­шесі бар­лық мүмкіндігін аямай, ай­­мақ­тарға көмек қолын созды. Барлық Достық үйінде волонтерлік орта­лықтар мен гуманитарлық көмек қабыл­дау пункттері ұйымдастырылды. Ассам­блеяның меценаттары жан-жақтан қалыс қалмай белсенді түрде қар­жылай қолдауларын көрсетті. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» демекші, қиын жағдайда кәсіпкерлер мемлекетке деген адалдығын осылай халыққа көмек берумен көрсетіп, сөзден нақты іске көшті деп айта аламын. Ассамблея шынымен мұқтаж адамдарға көмектеседі. Баспаналы болғандардың арасында отан­дасымыз, төрт баланы жалғыз тәрбие­леп отырған ана – Айман Қазова да бар. Оның Арқалық қаласы маңын­дағы үйі қалпына келтіруге жарамсыз деп белгіленді. Айманның құқық бел­гі­лей­тін құжаттармен мәселелері болып, бас­пана алудан үміті үзілген еді. Үміті ақ­талды, – деді Су тасқынынан зардап шек­­кендерге гуманитарлық көмек көр­се­ту жөніндегі ҚХА республикалық шта­­бы­ның жетекшісі Акбаржон Исмаи­лов.

3

Жалпы, ҚХА-ның зардап шеккендерге қолдау көрсету жөніндегі рес­пуб­ликалық және өңірлік штабтары жедел және үйлесімді түрде «Жү­рек­тен жүрекке» ауқымды акциясын өткізді. Апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеге 1500 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші қа­жет­тіліктегі тауарлар жөнелтілді. Этно­мә­дени бірлестіктердің 12 мың еріктісі қа­йы­рым­дылық көмек жинауға, эвакуациялауды ұйымдастыруға және азаматтарды ақпараттандыруға белсене қатысты.

– Өткен жылдың өзінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ұйым­дас­тыруымен Абай ауданындағы ала­пат өрттен зардап шеккендерге жалпы сомасы 47 миллион теңгеден астам гума­нитарлық және қаржылық көмек көрсетілді. Игі істердің үлкені мен кішісі болмайды. Көмекке мұқ­таж отбасыларға қол ұшын созып, қайы­­­рымдылық жобаларға қол­дау көр­сету – біздің азаматтық жауап­кер­­ші­лі­гі­міз және патриоттық сезі­мі­міз­дің ай­қын үлгісі деп білемін. Сон­дық­тан бұл іс-шаралар әлі де жал­ға­сады. Халқы­мыз­дың «Ырыс алды – ын­ты­мақ» деген қанатты сөзін­де үлкен мән бар. Достық пен тату­лық­тың темір­қазығындай ел бірлігі – ең бас­ты құндылығымыз, баға жетпес бай­лы­ғы­мыз. Осылайша, еліміздің ауыз бір­лі­гі ар­тып, әл-ауқаты жақсарса, өзге­лер­мен те­реземіз ­тең, керегеміз кең ел ре­тін­де одан әрі дами беретініміз анық, – деді А.Исмаилов.

Тосыннан келіп, тосырқатқан тас­қын тұсында жас та, жасамыс та қолы­нан келген көмегін аямады. Бірі судан қорғанудың амалын істеп, қамал тұр­ғызса, енді бірі күндіз-түні қара күш жұмсап, тер төккен жұртқа ас-ауқатын қам­дады. Тағы бір еріктілер арнайы пункт­терде гуманитарлық көмекті реттеп, үлестірді. Бүгінгі қамсыз көңіл сол жандардың еңбегі.