Ауыл шаруашылығы саласын дамыту еліміздегі ең маңызды міндет болып табылады. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерін атап өте келіп, «Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер. Әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр. Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауылшаруашылық өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», деген болатын. Елімізде қазірдің өзінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру да жыл өткен жақсара түсуде. Бұл бағытта бірнеше қаржы институттары жұмыс істейді. Салаға салынған қаржының қайтарымдылығы қазірдің өзінде нәтижесін бере бастады. Салада ілгерілеу, санада сілкініс бар. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуда мүмкіндігіміздің мол екенін дәлелдейді.
Өңірде тиімді де жүйелі жұмыс істеп келе жатқан қаржы институттарының бірі – «ҚазАгроҚаржы» АҚ. Акционерлік қоғамның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қорған Нұртазиннің айтуынша, осы компанияның қаржылай қолдауымен облыста азық-түлік белдеуі құрылған. Екі тауарлы-сүт фермасы, шошқа фермасы, екі репродуктор, екі жылыжай, көкөніс қоймасы және бірқатар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындары салынып, пайдалануға берілген. 2000 жылдан бері облыстың ауылшаруашылық техникалық паркін жаңарту мақсатында 24,2 млрд. теңге қаржы қаралған. 2000 жылдан бері облыста 478 ауылшаруашылық құрылымына 5937 миллион теңгенің 976 техникасы берілген. – Өткен жылы 645,9 миллион теңгеге 203 техника сатып алуға 108 шаруашылықпен 175 келісім-шарт жасалды. Бұрын компания ауылшаруашылық техникасы және өңдеу қондырғыларын сатып алуды қаржыландыруға басымдық беріп келсе, енді өз инвестициясының бағыттарын кеңейтуді қолға алды. Қазір отандық агробизнесті дамытуға қажетті бірқатар жаңа инновациялық жобаларды қаржыландыруға бағыт ұсталып отыр. Компанияның қазіргі негізігі ұстанған қағидаты ол әлемде танылған және өзінің тиімділігін көрсеткен ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарын дамытуды қаржылай қолдау арқылы ынталандыру болып табылады, – дейді Қ.Нұртазин. Қазіргі таңда аталмыш ұйымның қолдауымен өңірде жалпы сомасы 12,3 миллиард теңге тұратын он бес инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы «Айс» ЖШС-ның 1100 сауын сиырлық тауарлы-сүт фермасын, Хромтау ауданы Қопа ауылындағы «Молочные историй» ЖШС-ның 16400 ірі қаралық репродуктор шаруашылығын, «Изет Гренхаус» ЖШС-ның гектар жылыжайын, алға ауданындағы «Парижская коммуна» ЖШС-ның 40 мың шошқа өсіретін мал шаруашылығы кешенін, «АкТеп» ЖШС-ның 1500 асыл тұқымды репродуктор-шаруашылығын, «Ақтөбе жылыжай» ЖШС-ның 3 гектар жылыжайын қосуға болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».
