12 Маусым, 2015

Шу алқабы. Қарасора есірткісі. Әуеден бақылау

812 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шу ауданының қалың құмы ішінде жатқан Қо­­р­а­ғаты са­йында есірткі жинаумен айналысқан бір азамат ұсталды. 111 Бұрын да бір мәрте сотты болған 40 жастағы ол 879 кило болатын жаңа орылған марихуа­наны тасымалдауға дайындапты. Екі күннен кейін Меркі ауданында тағы біреу құрықталды. Ол 627 кило марихуана жинаған. Міне, осылайша, Шу алқабындағы есіртк­і сау­дасының жаңа маусымы құ­қық қорғау қызметкерлері үшін ә дегеннен қарбаласпен басталды. Құзырлы органдар берген мә­ліметке сүйенсек, науқан кезінде Шу алқабы арқылы 100 тоннаға дейін ма­рихуана өтетін көрінеді. Биыл­ғы жылы есірткі қылмысына қарсы күрес және есірткі тасымалы жолдарын жабу бағытында үлкен тас жол бойынан бірнеше мо­бильді бекеттер қойылды. Жа­қын­да ғана Шу ауданында өткен «Көк­нәр-2015» республикалық жедел-алдын алу іс-шара­сының бас­ты ерекшелігі – биылдан бастап есірт­кі заттарын жинаушыларды ұстау және алқапты бақылап отыру үшін ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары қолданылатын болған. Яғни, есірткі алқабы әуеден де бақыланады. Сондай-ақ, МИ-2 тікұшағы мен АН-2 ұшағы есірткі жинаушылардың адымын аштырмайды деген үміт бар. – Жыл өткен сайын Шу алқа­бынан есірткі саудасымен айналысушылар әдістерін өзгертіп, жетілдіріп отырады, – дейді бізбен әңгімесінде Жамбыл облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы, полиция полковнигі Шопырхан Жапабаев. – Әйтеуір, полиция олардың, олар біздің алдымызды орап, сан соқтырып кеткісі келеді. Өткен жылы Меркіде есірткі саудасымен айналысқан топ құрықталды. Нәтижесінде, топтың жетекшісі 19 жылға сотталды. Ұсталған алты адамның үшеуі – әйел, оның біреуі – мұ­ғалім. Көрдіңіз бе, бұлар поли­­цияның күдігі аз түсетін нәзік жандыларды және күнделікті елмен араласып, бала тәрбиелеумен айналысып жүрген ұстазды қата­­рына тартқан. Одан бөлек, мұндай топтар соңғы жылдары жүйрік әрі мықты жылқыларды дайындаумен айналысып келеді. Сөйтіп, көлік жүре алмайтын айдаламен аттармен өтіп кеткісі келеді. Былтырғы жылы бір салт аттыны 45 минөт қуалап жүріп, әрең ұстадық. 75 кило кептірілген есірткіні өңгеріп алған көк атты қашқын полиция қыз­меткерлерінің жанкешті қимыл-әрекетінің арқасында қолға түсті. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.