Тарих • 27 Шілде, 2024

Менің Түгіскенім

709 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткенге көз салсам бітті, балалық шақ, ауыл, ондағы еңбеккеш ағайын көз ал­дыма келеді де тұрады. Ол өлке – Арап қы­ратының (Арқаның қыра­ты. Өзі­мізге тау болып көрі­нетін) етегінде жатқан Түгіскен. Сол Түгіскенге биыл – 90 жыл. «Елу жылда ел жаңа» деген. Заманында небір қиын-қыстау күндерді бастан өткерген түгіскендіктермен бірге ауыл да жаңарып, өркендей түсті. Түгіскеннің әрі-бері тарихы туралы аға буыннан естігеніміз, оқығанымыз, қала берді ой-санада қалған бірді-екілі ес­теліктер бар, соны ықшамдап, өзде­ріңізге жеткізгім келіп отыр.

Менің Түгіскенім

Мен өзім Түгіскенде 1962 жылы Жеңіс ұжымшары жаңа кеңшар болып ұйымдастырылған жылы дүниеге келіппін. Осы жылы әкеміз – Ыдырыс Жұма­бе­ков кеңшарға директор болып тағайындалып, жауапкершілігі мол жұмыс ат­қа­рды. Алғашқыда Жеңіс пен К.Маркс атындағы екі үлкен ұжымшар қосылып, іріленген Жеңіс кеңшарын басқару ол кісіге оңай соққан жоқ. Сол жылдары әкемізге тікелей шаруашылықпен айна­лысуға, адамдармен тіл та­бысуға, оларды еңбекке жұмыл­дыруға тура келіпті. Бұл та­ғайын­даудың тарихы туралы аз-кем айта кет­сем, артық болмас. Ол кезде әкей Жаңаарқа аудан­дық ат­қару комитеті басшы­сы­ның бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жатқан. Ал аудандық партия комитеті Қа­рағанды, Жезқазған облыстарына еңбегі сіңген, екінші дү­ниежүзілік соғыстың ардагері Кәмәли Дүйсенбеков атамыздың басқаруында болған. Кеңшарды ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқан мезгілде әкеміз аудандық атқару комитеті басшысының орынбасары қызметін атқарып жүріп, жаңа құрылған Жеңіс кеңшарына директорлық қызметке өзі сұранған екен. Сонда Кәмәли атамыз: «Ыдырыс-ау, сенің бұл жерден болашақта еңбегің жанып, қызметің де өсер еді ғой», депті. Сөйтіп, Жеңіске бекітілген кан­дидатураны шұғыл түрде облыс пен рес­публикада алмастырып бекітіп, осындай жағдаймен әкей 1962 жылы Жеңіс кеңшарына директорлыққа тағайындалған екен. Бұл оқиғаны Кәмәли ата­мыздың өз аузынан естіп едім.

Қой шаруашылығына бағыт­талған кеңшар өмірінің эконо­микалық және әлеу­меттік жа­ғынан өркендеуіне, мемлекет тапсырмаларының барынша орындалуы­на сол кездегі ауыл азаматтары, білікті ма­­мандар, үзең­гілес болған тәжірибелі аға­лары атсалысып еді. Атап айт­сақ, еңбек ардагерлері Жетімек Сеймағамбетов, соғыс ардагері Әубәкір Аманбеков, Жайлыбай Смақов, Дәулет Ілиясов, Көпбай Өтебаев, Мақыбас Бердалин, Әбілхайыр Асқаров, Құрман Сәдуақасов, Балғабай Нұрпейісов деп ізін жалғай береміз. Әкей­дің еңбекке жұмылдырып тәр­биелеген ізбасарлары да толайым табысқа жетті. Олардың ішінде Қоңырбай Асанов, Нұр­ғали Кенжетаев, Бекбосын Кә­діров, Мәрлен Асқаров, Елемес Жексенбаев, Смағұл Сәлкебаев, Төлен Дүйсенбин, Жеңіс Ақа­нов сынды ағаларымыз бар. Түгіс­кеннің сол кездегі жас жеткін­шектеріне тәрбие берген соғыс ардагері – Бө­жек Әлібаев (Ибрахим), Игі­лік Омаров, Жақсытай Әлиев, Әбді­кәрім Әбдірайымов, Шады Есболов, Әмірбек Есетов, Зура және Ажаркүл сынды ұстаз аға-апа­ларды да көпшілік ұмыта қойған жоқ.

Әкеміз басқарған 1962-1973 жылдар аралығында Же­ңіс кеңшары республика көлемін­де алдыңғы қатарлы шаруа­шы­лықтар санатына еніп, атағы көпке мәлім болды. Мал басы жыл­дан-жылға артып, мал тұқымын асылдандыруға да игі бетбұрыс жасалды. Жыл сайын күзде еркек тоқтыларды, жылқы басын етке өткізу зор пайда келтіріп, өнімнің өзіндік құны арзандай түсті. Тек таза пайда есебінен Түгіскен ауы­лының келбеті айлап, жылдап көркейе түсті. Жаңа кеңсе, аурухана, арнайы жобада еңселі екі қабатты мектеп, сау­да және қызмет көрсету орталықтары, монша, балалар бақшасының зәулім екі бірдей ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Арап қыратында бұрын-соңды бол­маған су құ­бырлары тартылып, қаздай тізілген ақшаң­қан үйлі көшелер кеңейе түсті.

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Балықтыкөл қой кеңшарының ірге көтеріп, ұйым­дасуы Жеңіс кеңшарынан бөлінген қой басының арқасында болғаны сөзсіз. Жылқы фермасында бие саууға жете көңіл бөлініп, сол кездегі Қарағанды кеншілері үшін жаз айларында қымыз дайындалды. Қазіргі Топар су қоймасы маңында Шерубай Нұра өзені бойында сауын жылқы ауылы күзге дейін жайлап отырды. Кейіннен Жезқазған облысы құрылғанда да қала халқын бал қы­мызбен қамтамасыз ету назар­дан тыс қалған жоқ. Бұл рет­те Арқаның кең даласында, Түгіс­кеннің шұрайлы жайылымында жылқысын кісінеткен Аязбай Темірбаев, Бекет Бейсенбин аталарымыз еске түседі.

Кеңшардың осындай жылма-жылғы жетістіктерінің арқасында әкеміз Ыдырыс Жұмабеков 1966 жылы Мәскеуде өткен КОКП XXIII съезінің делегаты болып, сол жерде Ленин орденімен ма­рапатталды. Білікті басшы, тәжі­рибелі маман ретінде, қажы­май-талмай еткен еңбектің нәти­жесінде еңбегі бағаланып, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеудесіне Еңбек Ері алтын Жұлдызын және екінші мәрте «Ленин» орденін тақты. Түгіскен халқының жұмыла еткен еңбегі республика бойынша бағаланып, 1972 жылы Жеңіс кеңшары Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, кеңшардың туы­на тағылды. Мұндай құрметке ие болған шаруашылық республика көлемінде бірен-саран ғана еді.

Әкейдің Қазақстанның қой шаруашы­лығын дамытуға қосқан үлесі шопан мек­тебінің негізін қалауға ықпалдасты десем, артық айтқандық болмас. Халқының ішінде атқарған еңбегінің бір­ден-бір көрсеткіштері болар, әкейдің өзімен бірге тізе қосып жұмыс істеген ауылдастары да зор еңбекпен көзге түсті. Олар­дың ішінде Қазақстанның қой ша­руа­шылығының үздігі болған Со­циалистік Еңбек Ері Сатан Ысқақов бастаған, Әбілда Хасенов, Балатай Жақсыбеков, Әлкен Түсіпов, Ма­қат Құмарбеков, Қареке Хаба­ров, Әбілқас Нұржанбаев, На­қып Ыс­қақов, Мереке Түсіпов, Омар Бек­мағамбетов, Жазыбек Құл­жанбеков сынды еңбекқор аталарымыз бар.

Иә, осы ауыл ақсақалдарын бала болсам да көзіммен көріп, тәлім алып, тәрбиесін түйіп өстім. Сол заманды, сол қарияларды, ауылды аңсаймыз. Ал қазір Тү­гіскеніміз заманның талабымен өркендеп, дамып келеді. Айтарым, сонау зор еңбектің тұтқасын ұстап жарқын өмірге есік ашқан ата-ағаларымыздың есімдері өшпесін дегім келеді. Ауылға еңбегі сіңген асыл азаматтардың ұрпағы қуатты болсын. Түгіскеннің торқалы тойы құтты болсын!

 

Сейіт ЖҰМАБЕКОВ