Қазақстан • 27 Шілде, 2024

«Адал азамат» атанудың салмағы

224 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: «Адал азамат деге­німіз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнық­тыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деген еді.

«Адал азамат»  атанудың салмағы

Пайымдап қарасақ, қолында ешқандай билігі жоқ, маңдай терін төгіп жұмыс істеп, нәпа­қасын тауып жүрген қарапайым адамдардың көпшілігін жұрт­шылық «Адал азамат» деп құр­меттейді. Әрине қарапайым адамдардың ішінде де біреудің ала жібін аттауға бейім тұратын, арам жолмен пайда табуды арсынбайтын пысықайлар некен-саяқ болса да, кездесіп қалады. Ал бүгінде үлкенді-кішілі ең­бек ұжымдарын басқарып жүр­ген басшылардың арасында қарамағындағы адамдар мен былайғы жұрт «Адал азамат» деп құрмет тұтатын тұлғалар сирек. Өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы экономикалық дағ­дарыс кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласы құл­дырап, көптеген ауылдың тоз-тозы шығып, тұрғындары жайлы тұрмыс іздеп басқа жаққа үде­ре көшкендігінің негізгі себебі – сол кездегі кеңшарлар мен ұжым­шарлар басшыларының көбі халықтың жағдайын ойламай, қара бастарының қамын күйт­теп, құлқындарының құлы болып кеткендігі.

Әйтпесе ауыл шаруашылығын жекешелендірудің бірінші кезеңінде мемлекет тарапынан оларға мол мүмкіндік ұсынылған. Бұрынғы кеңшарлар ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылып, олардың басшыларына шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін мүліктік пайдың 10 пайызы берілді. Бұған қоса, олардың басқаруына 5 жылға тағы соншалықты үлес сеніп тап­сырылды. Егер оң нәтижеге жеткен жағдайда бұл үлес олар­дың меншігіне өтетін болды. Осы тарихи мүмкіндікті кешегі кеңшарлардың «қызыл директорлары» қалай пайдаланды деген сауалға жауап іздеу үшін ауыл­дық елді мекендердің қазіргі жағ­дайына зер салу жеткілікті. Бақ-береке қонып, көркейген ауыл аз, керісінше, құты қашып, азып-тозған ауыл көп. Неге бұлай болды?

Облыстық «Солтүстік Қазақ­стан» газеті редакциясының басшысы болған кезімде ма­ған бұрынғы шаруашылық басшыларының дос-жаран­дары келіп, олардың мерейтой­ларының құрметіне мадақтама мақала жазу жөнінде өтініш білдіріп жататын. Сондайда мен: «Ол кісі Қызылжар ауда­нындағы Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко, немесе Ғабит Мүсірепов атындағы аудандығы Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Серік Малаев сияқты өз кең­шарын сақтай алды ма?», деген қарсы сауал қоятынмын. Алайда сол сауалыма бірде-бір рет оң жауап естімеппін. Өйткені ондай «қызыл директорлардың» көпшілігі еліміз нарықтық қатынастарға көше бастаған кезде өздеріне сеніп тапсырылған шаруашылықтарды дұрыс бас­қара алмай, банкротқа ұшы­ратып тынған. Есесіне жақын маңдағы қалалардан кең сарайдай үйлер сатып алып, шаруа­шылық басқарған жылдары жинаған дүние-мүліктерін жұрт көзінен жасырып, қараңғы түн ішінде бірнеше «КамАЗ»-ға тиеп алып, өздеріне талай жыл құтты қоныс болған ауылдарынан табандарын жалтыратқан. Кейбіреуі іле кәсіпкер болып шыға келген. Алайда ондай­лардың бизнесмен болып жарыт­қаны да шамалы. Өздері сын сағатта тағдыр тәлкегіне тастап кеткен ауылдастарының көз жасына қалған арсыз жандардың бастаған ісі қайдан оңға бассын?! Ал жергілікті жұртшылық «Адал азаматтар» деп ардақ тұ­татын Геннадий Зенченко мен Серік Малаев сияқты басшылар ешкімнен мақтау-мадақтау сұрамаса да, оларды шынайы даңқтың өзі іздеп тапты.

1997 жылы «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінде болғанымыз әлі есімде. Өзі басқаратын шаруашылықтың өндірістік бөлімшелерін аралатып таныстырған Геннадий Зенченко еденінде бұрын қолданыста болған, қуаты шағын электр қозғалтқыштар қатар-қатар тізіліп жатқан кішкентай қойманы да көрсеткен еді.

«Мен бұл қозғалтқыштарды өздері басқарған кеңшарлардың мал-мүлкін арсыздықпен та­лан-таражға салған бұрынғы әріптестерімнен – «қызыл директорлардан» арзан бағаға сатып алдым. Олар бүгінмен ғана өмір сүретін, уақытша  жүрген жандар еді. Мен оларша істей алмадым. Өйткені бұл қасиетті жерде менің әкем өмір бойы еңбек етті. Оның игілікті ісін жалғастыру – мойнымдағы перзенттік парызым. Мына ұсталынған мо­торшаларға келсек, олар кейін біздің мал фермамыз үшін қажет болады...», деген еді Геннадий Иванович.

Геннадий Зенченко осыдан сегіз жылдай бұрын дүниеден озса да, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, баласы мен немересі өздеріне мұра болып қалған коммандиттік серіктестікті одан әрі дамытып, еліміздегі ең үздік шаруашылықтардың бірі ретіндегі биік мәртебесін абыроймен сақтап отыр.

Халқымыздың ардақты перзенті Мақтай Сағдиев 1987 жылы бұрынғы Көкшетау облысының бірінші басшысы болып тұрған кезінде Зерен­ді ауданындағы бір шаруа­шы­­лықтың бастауыш партия ұйы­мының хатшысы болып жүрген Серік Малаевтың іс­кер­­лігін аңғарып, Чистополь ауданындағы «Ковыльное» кең­шарына директор етіп та­ғайындатты. Содан бері өткен 37 жыл ішінде ол осы шаруа­шылықты үзбей әрі табысты басқарып келеді. Бұл кеңшар да жекешелендіріліп, «Ақселеу» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне айналдырылды. Бірақ мал-мүлкі көршілес кеңшар­лардағыдай «ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында» кетпей, жергілікті тұрғындардың игі­лі­гіне жаратылып отыр. Қазір «Ақ­селеу» ЖШС орналасқан Ко­выльное ауылы Ғабит Мүсі­репов атындағы ауданның Чистополь өңіріндегі жылдан-жылға көр­кейе түскен құт-береке аралы іспетті. Елді мекенде кеңес заманында салынған әлеуметтік нысандар түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған.

Бертінде Серік Тәттібайұлына жолығып әңгімелескенімізде ол нарықтық экономикаға көшу­дің өтпелі кезеңіндегі қиын­дықтарды айта келіп: «Тоқ­саныншы жылдардың басында мен шаруашылық басшысы ретінде ескі «УАЗ» көлігін мініп жүрдім. Ал көптеген әріп­тестерім сол кезде-ақ жаңа ше­телдік автомобильдерде шал­қып жүретін. Әрине оларды көрген сайын мен де пенде болған соң, намыстанып қалатынмын. Сондықтан да бір ауа райы жайлы жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс түсір­геннен кейін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіме қызметтік жаңа «Волга» сатып алуға рұқсат сұра­дым. Ұжымым  өтінішімді бір­ауыз­дан қолдады. Бірақ кешке үйге келгенімде ауылымызда әлі күнге диірмен мен наубайхана жоқтығы есіме түсіп, райым­нан қайттым. Сөйтіп, жаңа «Волганың» орнына диірменге қажет жаңа жабдықтар сатып алып, наубайхана аштық. Қо­сымша төрт жұмыс орны құры­лып, сонша адам қуанып қал­ды. Олармен бірге өзім де қуан­дым...», деген еді. Әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Серік Малаев осыдан бірнеше жыл бұрын өз еңбек ұжымының келісімімен жаңа жеңіл көлік сатып алыпты.

Осындай мысалдардан түйе­тін ой: ауылдарды сақтап қал­ған­дар «Адал азамат» деп айту­ға лайық арлы басшылар. Тәуелсіздіктің қиындығы көп алғашқы жылдарында іскерлігімен қатар, биік адам­гершілік қасиеттерімен та­нылған азаматтар ғана елге тірек, көпке пана бола білді. Сонымен қатар сол бір күрделі кезеңде «қызыл директорларға» үлкен сенім көрсетілгенімен, олардың іс-әрекетіне жергілікті билік пен жұртшылық тарапы­нан қатаң бақылау қойылма­ғандығы – елеулі қателік болды. Салдарынан олардың көбі тура жолдан тайып, оңай байып қалу үшін ойларына келгенін істеді. Мұның аяғы талай ауылдың ой­ра­нын шығаруға әкеліп соқтырды.

Қазір ауылдардағы әртүр­лі меншік нысанындағы шаруашы­лық басшыларының ішінде өздерін «бүгінгі помещиктерміз» деп санап, кеуделеріне нан пісіп жүргендер аз емес. Олар «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 40-бабына сәйкес өндірілген өнімді сатудан түскен табыстың қанша екендігін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында жариялап, әділ бөліске салуды ұмытқалы қашан?! Есе­сі­не өздері «қолында барда қонышынан басып», талайы долларлық миллионерге айнал­ған. Жыл қорытындысында жұмыскерлерге – сый­ақы, пай мен жер үлесі иеле­ріне дивиденд төлейтін шаруашылық басшылары некен-саяқ. Сон­дықтан да ауылды жерлер­дегі серіктестіктердің қолда­ныс­тағы заңнама талаптарын орын­дауын прокуратура орган­дары, кәсіподақ ұйымдары, мәс­лихаттардың депутаттары, бел­сенді азаматтар жүйелі түрде қадағалап отырса, құба-құп.

Ең бастысы, кім болсаң да адал еңбекпен адал табыс тауып, «Адал азамат» атану – зор құрмет екенін түсінетін уақыт жетті.