Жемқорлық • 27 Шілде, 2024

Жемқорлықты жүйелі күрескен жеңеді

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық – мемлекетті іштен жоюдың бастамасы. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының бір тармағы да осы қоғамның жегі құртымен жұрт болып күреске бағытталған.

Жемқорлықты жүйелі күрескен жеңеді

Фото: opennews.kz

Президент БАҚ саласы қызметкер­лерін марапаттау рәсімінде сөйле­ген сөзінде оң өзгерістер көбіне күн­делікті қажырлы еңбекті талап ететін да­мыл­сыз жұмыстың нәтижесі дей келе, Әділетті Қазақстан құру жолында күш-қуаты­мызды аянбай жұмсасақ қана асқақ мұ­рат түбі шындыққа айналатынын баса айтты.

«Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады», деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда әлемде сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды жүріп жатыр. Расымен, бұл қоғам дерті. Оны жүгендеуде тек бірлескен әрекет керек. Елдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның басты мақ­са­ты – азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, сыбайлас жем­қор­лық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамта­масыз ету, жемқорлыққа бай­ланыс­ты құқық бұзушылықтың, қылмыстың ал­дын алу, олардың жолын кесу және ашу.

Аталған заңмен мемлекеттік міндетті атқаратын және оларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін, мүм­кіндіктерін пайдалана отырып, пайда табу сыбайлас жемқорлық деп анықталған.

Уәкілетті мемлекеттік органдар сы­бай­лас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Оның айтарлықтай нәтижесі де бар. Әлемнің көптеген елі секілді, біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқор­лықтың алдын алуға, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты шаралар қолға алынған. Оның нәтижеле­рі бұқаралық ақпарат құралдарында барынша жарияланып насихатталып келеді.

Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті түрі – парақорлық. Пара алудың, пара берудің түп-тамырын жою үшін қоғам белсенділік танытып, оның пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс саналатындай қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болады, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Елімізде парақорлықтың алдын алу, жолын кесу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып отыр. Қазіргі қоғамымызда болып жатқан жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына тән үдерістер сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттілігін арттырды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей сыбайлас жемқорлық – өтпелі ке­зең елдерінің сөзсіз атрибуты екені анық.

Еліміз егемендік алғалы қоғам қа­сіретіне айналып отырған қатерлі дерттердің бірі – жемқорлық. Бір басын шапса, екіншісі өсіп шығатын осынау әбжыланнан арылу үшін атқарылып отырған жұмыстар жетерлік. Өкінішке қарай, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін солардың құрбанына айналып отыр. Шындығында соңғы жылдары жемқорлыққа қарсы қаншама қатаң заңдар қабылданып, қаншама лауазымды тұлғалар темір торға қамалып жатса да жемқорлықтың тамырын біржолата шабудың нақты жолдары табылар емес. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, жемқорлықтың кеселі мен зардабын кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарының сапасын арттыру маңызды. Сыбайлас жемқорлық орын алған жағдайда тиісті уәкілетті мем­лекеттік орган тарапынан қежетті шаралар қолдану үшін бірыңғай «1424» сенім телефоны ашылған. Ол тәулік бойы байланыста және ақпараттар келіп түскен соң заңға сәйкес шаралар қабылданады.

Жоғарыда аталғандардың негізінде және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алдын алу және болдырмау мақсатында Батыс Қазақстан облы­сының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық сотында тұрақ­ты түрде іс-шаралар өткізіліп отыр. Атап айтқанда «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның талаптарын қатаң сақтап, сот қыз­мет­керлерімен іске қатысушыларға құқық­тық насихат-түсіндіру, сот қызмет­керлерімен жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарын болдырмау бағытындағы семинарлар, іс бойынша тараптармен заңды үдерістен тыс қарым-қатынасқа түсуге жол бермеу, сотқа келушілер үшін өткізу тәртібін күшейту мақсатындағы шаралар іске асырылып келеді.

 

Досым ОРЫНБАЕВ,

облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық

сотының жетекші маманы

 

Батыс Қазақстан облысы