Ең қысқа әңгіме • 30 Шілде, 2024

Оғаш ойлар

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Эдгар Поны оқыған жан өмір шеңберіне өзгеше зер салары анық. Бізге ашылған терезелерінен гөрі ашылмағаны жүз есе көп өмір лабиринті тылсым да көне. Оны ашу үшін алға ұмтылу бәрінен ізгі. Бұл өлімге қарсы оқ атқан өмір майдангері Эдгар Поны оқығаннан кейінгі ойлар еді.

Оғаш ойлар

Бейне бір мүйізін жасырған Ескендір секілді ішіңізде бір жанартау ешқашан тыныштық бермейді. Адам қолымен жасалған қағидаттардың сыртқы шеңберіне шығып, «барлығы сендер ойлағандай емес!» деп бақыруды қалайды. Кейде «әлемді түгел мен көріп, ешкім мені білмесе» деп топырақ халіне айналуды көздейді. Жоқ! Бірақ бұл ой аз мерзімге, өте қысқа уақытқа созылады. Еппен сөйлеген ғалымның жүзіне қарап жай ғана тосын сұрақ қою не жан талшығымен сырын жайған мұңлық алдында қарқылдап күлкісі келу – апыр-ай, қандай қорқынышты сезімдер. Осы бір еркіндіктің ұңғысынан соғылған жанартау неге бір сәтке саябыр таппайды? Неге ол соншалық тәкаппар, кейде соншалық ұяң? Ол неге бала күні көз алдында бөтен мысықты талға дарға асып қойған сақалды атаны, тұншыға жылаған беймәлім әйелді, зұлым қолға қарсы тұруға ешбір мүмкіндігі болмаған жетім баланы ойлайды? Адам өмірі қарапайым ғана қателіктер мен немқұрайды, ғылымсыз, талапсыз, армансыз, тек ептілігі ғана бар сананың сәттік шешімімен бүліне салатыны қалай?

О дүниеде адамдар өзінің қандай әрекетке барғанын, не істегенін анық көреді дейді. Қай қиырда жүріп, қандай ізгілік еткенін не зұлымдыққа барғанын қарап, жаны шырқырар екен. Ал қазір өзін үнемі көріп отыратын, бақылап отыратын ақыл көзі ашық адамдар көп пе? Білім иелері надан адам өзін бақылап отыратын көзі сөнген адам деседі. Сіз өз-өзіңізге есеп бересіз бе? Аярлыққа аһ ұрып, жақсылыққа оймен, ниетпен үлес қоса­сыз ба? Сіз қайдасыз? Өзіңіздің қай межеде келе жат­қаныңыздан хабардарсыз ба, ойлы оқырман?