Аймақтар • 30 Шілде, 2024

504 отбасы дайын үйге кіреді

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқынында Ақтөбе облысында 4 087 тұрғын үйге су кірді. Тасқын зардаптарын жою жөніндегі өңірлік комиссия шешімімен 1 014 үй тұруға жарамсыз, ал 3 073 тұрғын үй мен саяжай баспаналары жөндеуге жарамды деп танылды. Сондай-ақ 3 004 үйдің жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 9 млрд теңге бөлініп, осы қаржы үй иелерінің есепшоттарына аударылды. 504 отбасы жаңа үйдің салынуын күтпей-ақ, өздері тұрып жатқан аудан аумағынан сатылымдағы тұрғын үйлерді алуға келісімін берді.

504 отбасы дайын үйге кіреді

Таратып айтқанда, тас­қыннан Ақтөбе қала­сында – 200, Ойыл ауда­нында – 307, Ырғыз ауданында –160, Қобда ауданында – 155, Мұғалжар ауданында – 69, Темір ауданында – 57, Әйтеке би ауданында 51 тұрғын үй тұруға мүлде жарамсыз болып қалды. Сон­дай-ақ Байғанин ауданында – 8, Мәртөк ауданында – 5, Алға ауданында 2 үй қирап қалды. Ақтөбе қаласында үйі суға кеткен 200 отбасыға жаңа пәтер сатып алуға шешім шығарылса, 138 отбасы жаңа пәтерлерге кіріп үлгерді. Ойыл ауданында – 130, Мұғалжарда – 55, Темірде – 36, Ырғызда – 35, Әйтеке би ауданында – 25, Байғанин ауданында – 8, Қобда ауданында – 8, Мәртөкте – 5, Алға ауданында 2 баспана сатып алынды.

Ойыл ауданының Қаратал елді мекенінде су тасқыны ке­зінде 210 тұрғын үй, мәдениет үйі, балабақша, кітапхана бү­лінді. Комиссия ұзақ уақыт судың астында тұрған ауылдағы әлеу­меттік нысандарды қайта қал­пына келтіру мүмкін емес деген қо­рытындыға келді. Қара­тал ауылында мамырдың соңынан бастап 11 мердігер 120 үйдің құрылысын бастады. Бү­гінде салынып жатқан 120 үйдің қабырғалары көтеріліп, 65 үйдің шатыры жабылса, 30 үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа баспананың салынуын күтпеген осы ауылдағы 60 отбасыға аудан орталығы Ойылдан дайын үйлер сатып алынды. Ырғыз ауданының Нұ­ра ауылында тұрғын үй құры­лыстары кешеуілдеп басталды. Күзге дейін осы ауылдағы құрылыс жұмыстары аяқталмай қалуы мүмкін.

Су тасқынынан өңірде 69 кә­сіпкерлік нысаны зардап шекті. Тасқын кезінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына келтірілген мүліктік шы­ғын­дардың өтемақысын анықтау жөніндегі өңірлік комиссияға 22 кәсіпкер арызданса, 17 кәсіп­керге 230,7 млн теңге сомасында өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды. Соның ішінде ең көп зардап шеккен Ақтөбе қаласы мен Темір ауданында орналасқан 6 кәсіпкерлік нысанына 63,5 млн теңге көле­мінде өтемақы төленетін болды. Ырғыз ауданы бойынша кәсіп­керлер шығындары әлі тү­­генделіп бол­ған жоқ. Дүние-мүлкі, ғи­мараты бүлінген кәсіп­кер­лер­дің өтемақы алуға бай­ланыс­ты өтініштері осы жыл­дың 30 қарашасына дейін қа­был­данады.

Ақтөбе облысы