Иә, ол – айрықша жан. Оны ешкім қайталай алмас. Оның атажұртқа келуімен, Күлтегін тасының Астанаға әкелінуімен, «Орхон ескерткіштерінің атласы» үш томдығының жариялануымен тарихи санада үлкен сілкініс пайда болды. Жас ұрпақ өзінің шыққан тегін білді. Ата-бабаларының мың көнелікке, түмен жылдарға арнап қалдырған өсиет сөздерімен, жазу мәдениетінің қайталанбас түпкі айғақтарымен қауышты.
Біздің көк түрікті толыққанды түсінуіміз үшін, көк түріктің рухымен қанаттануымыз үшін осындай бір адам қажет еді. Ол Өтүкен рухымен қайта туған Қаржаубай Сартқожаұлы болды. Уақыт оны сонау айбатты көк түрік дәуірінен бүгінге арнап сақтағандай еді.
Қаржекем жастайынан киелі, сырлы тас жазуларға құштар болды. Тау асып, тас басып ізденді. Қазақтың тәуелсіздігі оны тіптен қанаттандырды. Ол өте үлкен оптимистікпен, елінің, жерінің тарихына деген шексіз махаббатпен, алапат күш-жігермен аянбай еңбек етті. Ғұмыр бойы ата-бабалар сөзінің түпкі сырын, мән-мағынасын ашуға әрекеттенді. Бұл жазулар оған неге керек болды? Не үшін бүкіл өмірін соған арнады? Ол енді бізді терең ойлантатын тақырып.
Оның болмысы, табиғаты қарапайым болғанымен ұлт руханияты үшін баға жетпес байлық еді. Сол байлық арамыздан кетті. Ол бойындағы бүкіл энергиясын соңғы минутына дейін ұлты үшін жұмсап кетті.
Ол жақсы аға, сырлас дос еді. Астанаға бірге келіп едік. Қара қоста қара шайымызды терлеп ішіп, әңгіме-дүкен құрар едік. Бабалар тарихының әр қатпарын ашып, қыр-сырына бойлаған сайын, бірге отырып шексіз тебіренер едік. Қылт еткен жаңалығымызды бөлісер едік. Амал қанша, ол енді арамызда жоқ.
Ғалымның мәңгілік мұраттары, ізгі ісі, армандаған ойлары ұрпақтарымен, шәкірттерімен, мұраттас інілерімен, қарайған халқымен жалғаса береді.
Тұрсынхан Зәкен,
тарих ғылымдарының докторы, профессор