Інжілде пайғамбар санатындағы Даниал елді Жаратқанның ізгі жолына шақырыпты деседі. «Бұрынғы өткен жамағат, бір заманда, пасықтар бек көп болған бұ жаһанда». Шақыра-шақыра өмірі үзіліп, бақиға аттаныпты. Оның ұлы Жамсыб шаруаға қырсыз, тірлікке оғаш болыпты. Шешесі отынға жұмсап, орманға келеді. Орманда терең бойлаған құдық көреді, құдық толы бал екен. Таңырқаған бейкүнә Жамсыб достарын шақырады. Серіктерімен анталасып, балды базарға сатып, байи түседі. Ақыры беті шөккен құдық түбіне Жамсыбты түсіреді. Балды жоғары беріп, өзі шығарда ғаяр достары пайданы жеке көздеп, арқанды алып қашыпты. Қашқан жолмен Жамсыбтың шешесіне барып, ұлын тауда қабылан жеп өлім құшқанын айтады. «Жамсыб үшін біз-дағы көп жыладық, жылағанмен тірілтіп ала алмадық» деген қайран шеше тағдырға мойынсұнады, бірақ үміті өлмейді. Құдық түбінде Құдайға жалбарынған Жамсыб шаян шыққан шұңқырға бас сұғады. Міне, шытырман хикая осы тұстан басталады.
«Ол шұқырдың ішінде
не деген жан,
Баян қылып айтайын
маған қараң.
Шарапатшы падиша
осы екен ғой,
Жыландардың патшасы – Шаһимаран.
Тілі адам, басы һәм адам басы,
Жыландарға ұқсайды бар денесі.
Бастан-аяқ кеудесі аппақ екен,
Осы екен жыландардың
халифасы.»
Сонымен біздің мақсат жырды тарақтап жату емес. Тек ғибратты өрнектерін оқырманға сыр етіп жаю. «Шаһмаран» – ұйық жыр. Тұтас сүбелі тарихты өзіне жұтқан көпсалалы жыр. Мұнда бәрі бар. Ауыз әдебиеті, халық тағдыры, пайғамбарлар тарихы, діни насихат, жерүсті мен жерасты өмірі, магия, сиқыр әлемі, т.б. Жырдың әр тұсында келіп отыратын діни тәлімдер оқырманды даналыққа шақырады. «Дұшпан нәпсім түбіме менің жетті, дос болар деп ойлама нәпсі итті», «Бекер жүріп жаныңа обал қылма», «Дүниеге, нәпсіге ергендер, жесе керек ақырында жуан таяқ», «Артық нәрсе адамда дін болыпты, діні жоқтың дәулеті кем болыпты», «Құдай сізді сақтаса өзі сақтар, болмайды ғой Құдайдың жазбағаны».
«Ортасына дарияның
келіп жетті,
Онда көрді тағы да кереметті.
Ортасына жеткенше
ащы су-ды,
Ортасынан асқан соң
болды тәтті.»
Әлқисса, жырда қосылмаған қос өзеннің тарихы баян етіледі. Ежелде Нәмруд патша әлемді билемеймін, тіпті Құдаймен де ұрыс саламын деп, бүркіттерін жегіп, көкке ұшыпты. Патша аспанға, Тәңіріге оқ атқанда, Құдай Тағала Жәбірейілге бұйырып, дариядан балықты тосыпты. Оқ балықтың бұғазына тиіп, қан болып, оны Жәбірейіл Нәмрудтың қайығына тастапты. Мұны көрген лағин патша «Мiнеки, көк Тәңiрiсiн өлтiрдiм», деп қуаныпты ол малғұн шаттық қылып». Жер жүзiне қайта түсем деп, бүркiттермен төменге қарай ұшқан Нәмруд, бүркiттерiн құрғаққа жеткiзе алмай, теңiздiң жиегiне келiп түскен екен. Сонда ащы мен тұщы екі теңіз ұрысып, тұщы су ащы суға «Құдайдың дұшпаны саған түсті, оны неге түбіңе батырып жоймадың?» деп ашу шақырып, ерегесіпті. Міне, солайша екеуі ешқашан қосылмайтын болыпты дейді жыр.
«Шаһмаранда» күллі мақұлықаттың ең жауызы – адам деп, адамның көкке жеткізер асыл қасиеті мен шыңырауға құлдилатар надандығын сөз етеді. Адамдар қолына түсіп опық жеген жыландар шаһы Жамсыбты жер астынан өз мекеніне жіберсем, тұрағымды айтып, айлалы адамдар қайта қолға түсіре ме деп қорқады. Солайша ер Жамсыбты жыландар елінде ұзақ ұстайды.
«Әй, Жамсыб, адам деген
құртады ғой,
Ақап менiң жүрегiмдi
өртедi ғой.
Бұ дүниеде арыстан, аю,
қабылан,
Баршалары адамнан
қорқады ғой.
Әй, Жамсыб, амал бек көп
адамдарда,
Апарды ғой бiздi де талай жерге.
Дүниедегi жануарлар
рақат көрмес,
Жақынында адамдар
болған жерде.»
Тұңғиығын түбіне жасырған жырды тек көзбен оқып, көңілмен түйсінсек керек. Бұндай жыр кемде-кем. Әр қазақ баласы көкірегіне қаттауға тиіс дүниенің бірі – осы. Сірә, «Бабалар сөзінің» екінші томына енуі де тегін емес. Бұл – бұлақтың қайнары, мұхиттың түбіндегі інжуі іспеттес.