«Кеңістікті кешенді бағалау үшін әрекеттер тізбегі мен тиісті құралдарды әзірлеуге дайындалып жатырмыз. Менің қызметім – жарықшақтардың әрекетін, олардың көмірқышқыл газының қысымы кезінде қалай жұмыс істейтінін сараптау және бағалау. Үдерісті әзірге модельдеу шеңберінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Енді осы практикалық тәжірибемізге қолдау көрсетіп, ыждағат танытатын компания табылса деген ниетіміз бар», дейді Phd кандидат, мұнай-газ ісі инженері Әйгерім Секербаева.
Жобаның қолданыс аясы кең болады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде ғылыми топ жұмысының идеялары мен алғашқы нәтижелері әлемдік ғылыми қауымдастықты қызықтырып отыр.
Еліміз үшін маңызы ерекше
Қазақстан экономикасы негізінен пайдалы қазбаларға иек артатыны белгілі. Энергетика саласы көмірге қатты тәуелді, электр энергиясының 70%-дан астамы соның үлесіне тиеді. Қара алтынның ауқымды қоры – экономикалық өсудің қозғаушы күші. Сондықтан оны тиімді пайдаланбау үлкен қиындықтарға әкеліп соғады.
Сол себепті техногендік қалдықтарды кәдеге жарату – мемлекетіміздің өзекті әрі басым бағыты. Ойлансақ ойран боп жатқан дүние көп. Халықаралық энергетика агенттігінің мәлімдеуінше, 2022 жылы Қазақстандағы көмірқышқыл газының қалдықтары 260 миллионға жуық тоннаны құраған. Бұл жан басына шаққанда 14 тоннадан келеді. Яғни 4,7 тонна болатын әлемдік орташа көрсеткіштен 3 есе артық.
2023 жылдың ақпанында Президент Жарлығымен қабылданған стратегияға сәйкес Қазақстан көміртекті 2060 жылы бейтараптандыруға жауапкершілік алған-тұғын. Соған орай Үкімет климаттың өзгеруімен күресу және елдегі көмірқышқыл газының қалдықтарын азайту бойынша жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Жоба бірнеше бағытты қамтиды.
Соның біріншісі – жаңартылатын энергия көздеріне жүйелі түрде көшу. Мақсаты – 2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндірудің 15%-ына қол жеткізу.
Екіншісі – жалпы энергия тұтынуды азайту үшін өнеркәсіптік, коммерциялық және тұрғын үй нысандарының энергия тиімділігін арттыру.
Тағы бір маңызды бағыт – ірі өнеркәсіптік көздерден СО2 қалдықтарын қамтып және оқшаулау бойынша жобаларды кеңейту. Көмірқышқыл газының көлемді шығынын ескере отырып, біздің еліміз қазіргі уақытта экологиялық саясаттың сындарлы сәтін өткеріп жатқанын бағамдауға болады.
Жас ғалымдар жобасының пайдасы
Бұл Қазақстанның декарбонизация стратегиясы мен Үкіметтің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемесінің жүйелі түрде жүзеге асуына оң ықпал етеді.
Әлбетте экономиканы декарбонизациялау – жаһандық деңгейдегі маңызды үрдіс. Бірақ қаржылық тұрғыда әжептеуір қымбатқа соғады. Мұнай өндіру және көмірден арзан энергия алу ісін меңгерген Қазақстан үшін көмірқышқыл газын жинау және оны қайыра өңдеу мақсатында газды қауіпсіз орында сақтау әлдеқайда тиімді болмақ. Әлем жұртшылығы CO₂-ні арзан әрі тиімді өңдеуді әлі толық үйренген жоқ. Бірақ технология бір орында тұра ма? Қазіргі бос кеңістікті толтыратын көмірқышқыл газының қоры ертең «байлықтың қазынасына» айналмайды деп кім айта алады? Бұған қоса бұл жоба жүзеге асса, зиянды парниктік газдың ауа қабатына таралуын әлдеқайда азайтар еді.
Сондай-ақ біздің еліміз көмірқышқыл газын арнайы сақтау арқылы экономика үшін қолайлы қарқынмен экологиялық зардаптарды азайта отырып, көмір қорын пайдалануды жалғастыра алады. Яғни газ қалдықтарын күрт азайту қажеттілігі ұзақмерзімді баянды жоспарға енгізіледі. CO₂-ні сақтаудың технологиялық әлеуеті елімізге екінші дәрежелі пайданы да түсіреді.
Мысалы, сарқылған мұнай мен газдың қабаттарына көмірқышқыл газын айдау оның тасымалын жеңілдетіп, өндіруді қайыра арттырудың қосымша пайдасын қамтамасыз етеді.
Мұнымен қоса көмірқышқыл газы жинақтала келе көмірдің игерімсіз қабаттарындағы метанның екшелуін жеңілдетеді. Әлбетте жобаға құйылған инвестициялар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, техникалық инновациялардың іске қосылуына және экологиялық тұрақтылық бойынша мемлекетіміздің аймақ көшбасшысы ретінде танылуына септігін тигізеді.
Парниктік газды сақтау жолы
Жер астындағы геологиялық қуыстар себебінен және кәсіпорындар шығаратын зиянды қалдықтардың өте көп болуына байланысты Қазақстанның біраз аймағында көмірқышқыл газын арнайы сақтаудың маңызы ерекше.
Мысалы, Батыс Қазақстандағы Теңіз және Қашаған кен орындары, Орталықтағы Қарағанды және Павлодардағы Екібастұз көмір бассейндерін атап айтуға болады. Шығыс Қазақстанда өндірілген жерасты кеніштерінде де CO₂-ні сақтау үшін пайдалануға болатын ауқымды қуыстар бар.
Жүзеге асыру кезеңдері
Отандық жас ғалымдардың ғылыми жобасы университеттің «Тұрақты энергияға көшу» ғылыми зерттеу бағдарламасы аясында әзірленіп жатыр. Гранттар конкурстық негізде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін тың жобаларға беріледі. Университет ғалымдарын қынжылтатыны – экологиялық жобаға әзірге жалғыз-ақ, оның өзінде шетелдік инвестор қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі таңда ғалымдар «Shevron» компаниясымен серіктесе отырып, жобаны әрі қарай жалғастырып жатыр.
«Біз бұл бағдарламаны университет оқытушылары мен студент-зерттеушілерді экологиялық жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру үшін ашқан едік. Кейінгі екі жылда бұл бастама ғылыми ортада үлкен танымалдыққа ие болды. Қанша рет өтініш айтып, жобамызды таныстырғанымызбен, өзіміздің қазақ кәсіпкерлер бұған бірде-бір рет қызығушылық танытпады», деп кейиді Назарбаев университеті президентінің ғылым жөніндегі кеңесшісі, ғылым докторы Қанат Байғарин. Бірақ жоғарыда атап өткен елімізде жұмыс істейтін инвестордың зерттеуге деген қызығушылығы өте жоғары.
Алайда көңіл сүйіндірер жаңалық та жоқ емес. Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры Милован Фустичтің жетекшілігімен жұмыс істейтін НУ докторанттары мен магистранттарының екінші жобасы Үкімет грантпен қолдау көрсетіпті. Бұл ғалымдар тобы минералдарды меңгере отырып, атмосферадан көмірқышқыл газын алу технологияларын зерттеп жатыр. Әзірге оны математикалық модельдеу шеңберінде сынау үстінде. Аталған жобаны енді дала жағдайында жасап көруге асыға күтіп жүр.
Жаһандық ауқымы да кең
Қазақ университеті профессорларымен тізе қосқан ұйымдардың бірі – Норвегия геотехникалық институты. Ал Хьюстондағы «Chevron» ғылыми зерттеу бөлімі қазақстандық ғалымдар тобының тұжырымдарын толықтырып, бірлескен зерттеулер жүргізу туралы ұсыныстарды асыға күтіп жатыр.
Тағы бір қосарымыз, Ғылым министрлігі Назарбаев университетінің тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар командасына грант тағайындады және алдағы зерттеу жұмысының демеушісі ретінде тағы да Қазақстан Үкіметін көргісі келетінін айта кеткен жөн.
«Қазақстан үкіметі – әлеуеті жағынан ең жақсы серіктес. Өйткені ол нақты геологиялық қуыстар мен өндірілген шахталарға кешенді зерттеулер жүргізуге қажетті дүниелерді қамтамасыз ете алады. Өзекті жоба болғаннан кейін селбесіп жұмыс істеуге өте қатты ынталымыз», дейді профессор Әли Мортазави.
Әріптесінің сөзін тірілтіп, Милован Фустич былай дейді: «Далалық зерттеулер мен сынақтар үшін, неғұрлым қолайлы алаңдарды іріктеу үшін біздің ғалымдар жүргізген алдын ала бағалау нәтижелері бойынша Ақтөбе облысының массивтерінде ғана химиялық белсенді минералдардың құрамы бүкіл Қазақстандағы CO₂ шығарындыларының жалпы жылдық көлемін кемінде 15 жылға төмендетуге қабілетті болып шықты».
Қош, жобаның дүниежүзілік деңгейде маңызды екені тек ғалымдар арасында мойындалып отыр. Әзірге қалталы инвесторлар экологиялық жобаның айрықша маңызды екенін толық түсініп жатқан жоқ секілді. Еліміз үшін көмірсутектік бейтараптыққа қол жеткізудің өте маңыздылығын ескерсек, мұны сөз жүзінде қалдырмауымыз керек.
Күш біріктіру керек
Жақында Үкіметте «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа жобаларды жүйелі жүзеге асыруды жолға қою туралы айтқан болатын. Әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «жасыл» экономика индикаторларына қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды өңірлік даму жоспарына енгізуді тапсырған-тұғын. Ал енді бұл жоспарға біздің ғалымдардың жобасы ене ме?
«Өнеркәсіп пен зерттеу институттары арасындағы байланыстың болмауы – Қазақстанның ең маңызды проблемаларының бірі. Біздің еліміз озық технологияларды енгізуді жеделдету үшін осындай байланыстарды нығайтуы қажет. Бизнес пен ғылыми орталар арасындағы тығыз ынтымақтастық инновациялық шешімдер мен қарқынды экономикалық өсудің қозғаушы күші», дейді Қанат Байғарин.
Мақаламыздың тізгін тартар сәтінде бір дерек келтіре кетейік. АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея сияқты әлемдегі «жасыл дамудың» көшбасшы елдерінің жетістігі жоғары мемлекеттік қызығушылықтың негізінде құрылған ғалымдар мен бизнесмендердің өзара сапалы іс-қимылына негізделген.