Туризм • 30 Шілде, 2024

Шымкент туристерге несімен қызық?

96 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының өкілі Бағдат Пардабайдың айтуынша, былтыр Шымкентке 450 мыңдай турист келген. Оның 30 мыңға жуығы – шетелдік туристер. Ал статистика департаментінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың кейінгі үш айында мега­полиске сапарлаған саяхатшылар саны 111 мыңнан асқан.

Шымкент туристерге несімен қызық?

Бүгінгі таңда туристерді тіркеу миг­ра­циялық полицияда емес, eQonaq бірың­ғай базасы арқылы жүргізіледі. Шетел­дік ­саяхатшылар Шымқалаға негізі­нен Өзбекстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Түркиядан келеді. Шетелдіктердің көшін бастап тұрған – осы мемлекеттердің азаматтары. Испания, Италия, Ұлыбрита­ния, Германия, АҚШ пен Аустралиядан келе­тін туристердің де саны жетерлік.

Жалпы, саяхатшылар бірнеше мақ­сатпен мегаполисті туристік бағыт ре­тін­де таңдайды екен. Бұл – біріншіден, киелі орындарға зиярат ету. Бұларға, көбінесе, өзбекстандық туристер бара­ды. Мәселен, Сайрамдағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың әке-шешесі жатқан жер Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенесі бар. Көрші елдің туристері Шымкентке қонақтап, арасында Түркістанды да кө­ріп қайтады. Сондай-ақ өзбекстандық сая­хатшыларды қызықтыратыны – шопинг екен, яғни дүкен аралау. Себебі көп­теген әлемдік брендтік киімдер сататын дүкендер Шымкентте орналасқан. Сон­дықтан өзбек ағайындар бізден келіп қымбат киімдер кигенді, косметика сатып алғанды ұнатады екен.

Ал еуропалық туристерді біздің өмір сүру салтымыз, тұрмыс жағдайымыз бен мәдениетіміз көбірек қызықтыра­тын көрінеді. Оларға инфрақұрылым, қонақүйдің жағдайы маңызды емес. Бар болғаны бұрынғы көшпелі халықтың бүгінгі өмірін көргісі келеді. Қалаға келуші туристердің баратын жері – ескі қорған орналасқан цитадель, қуғын-сүр­гін құрбандарына арналған музей, Түр­кістан облыстық өлкетану мұражайы мен тағы басқа тарихи-мәдени орындар. Сондай-ақ Шымкентте бірінші рет өн­дірістік туризм саласы қолға алынып отыр. Яғни шетелдік саяхатшы-блогерлер мегаполистің Шымкент сыра зауыты, Бал текстиль кілем өнімдері фабрикасы, Сайрамдағы наубайханалар, қалаға іргелес жатқан Бөрте Милка сүт өнімдері фабрикасы секілді өндіріс орындарын аралап, арнайы сюжет түсіріп қайтады. Сонымен қатар туристерді оңтүстіктің тамылжыған табиғаты да қызықтыра­ды. Бұл ретте олар Ақсу-Жабағылы қорығы­на, Қасқасудағы демалыс аймақтарына, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне бар­ғанды ұнатады екен.

Қонақүйде жатуы, көлікті пайдалануы, түрлі кәдесыйлар алуы немесе басқа да қосымша сервистерді қосқанда бір турист мегаполистің қазынасына бір күнге 45-50 мың теңге табыс әкелетін көрінеді. Былайша айтқанда, бір туристің бір күндік шығыны шамамен 100 долларды құрайды.

Саяхатшылар негізінен әлеуметтік желі, сайт, бір-бірінен есту арқылы Шым­кентті тауып келіп жатады. Биыл Қытай­дағы Қазақстан туризмі жылына орай бұл елдің де туристерінің саны артқан. Оған жыл басында Қытайда өткен туристік көр­ме де сеп болды. Аталған іс-шара аясында қонақүйлермен, одан бөлек турис­тік операторлармен екіжақты іскерлік байланыстар орнатылған. Біз қолданып жүр­ген әлеуметтік желілердің көпшілігі Қытайда тыйым салынған екен. Осыған бай­ланысты жуырда Шымқалада блок-тур ұйымдастырылып, оған 30-ға жуық ше­телдік танымал блогерлер шақырылып, шаһардың көрнекті орындары таныстырылды. Олардың қатарында Қазақстан­ның да белгілі блогерлері болды. 300 мыңға жуық оқырманы бар шетелдік блогерлер еліне оралған соң Шымкент туралы арнайы бейнероликтерін жариялаған. Ал оның қаралымы миллионнан асып жы­ғылыпты. Яғни мегаполисті таныту мақ­сатында қала әкімдігі осындай әдістерді де қолданып жатыр. Бұл да жарнама­ның бір түрі дейді маман. Бір сөзбен айтқан­да, әлемдік әлеуметтік желіге қосылма­ған Қытайға Шымқаланы таныстыру­дың ебін қала әкімдігі сол елдің блогерлерін қонаққа шақырып, өзімізді жарнамалату арқылы да тауып жатыр.

Туристерді қызықтыратын Шым­кент­­тің тағы бір ерекше қасиеті – гастроно­миясы. Өйткені мегаполисте шығыс асха­на­сының исі мен дәмі сезіліп тұрады. Қалада тамақтанудың үш түрлі дең­гей сатысы бар. Бұл – біріншіден, қымбат мейрамханалар. Мұндағы бір реттік тамақ­тану­дың чек бағасы 10 мың теңгеден бас­талады. Екіншіден, бағасы орта дәмхана­лар желісі. Бұл жерде клиент бір реттік тамақтанғанына 3 мың теңгедей ақша жаратады. Үшіншісі – арзан көше тамақта­ры. Мұнда жол-жөнекей тоқтап жеп кететін самсалар мен квас, айран көжелерді айту­ға болады. Шетелдік туристер осының барлығын да татып, тілімен дәмін сезіп көргісі келеді. Самса көше тамағы санал­ғанымен, оның да тіл үйірер дәмі ерекше. Сосын самсаның тамшы, кесе деп аталатын неше түрлісі тек Шымкенттің асханаларынан табылады. Мәселен, қала­ның 112 квартал, 4 шағын ауданында осы самсаның түр-түрін дайындайтын орын бар. Өткендегі блок-турда шетелдік турис­тер сол жерге барып, қазақ самсасынан дәм татып көріпті.

Жалпы, «Visit Shymkent» мекемесі туристік саланы дамыту мақсатында қыз­мет атқарады. Оның ішінде туристерге ақпарат беру, туроператорларды бір-бірі­мен байланыстыру секілді міндеттерді мойнына алған. Сондай-ақ туриндустрия саласында кәсіп бастап, туроператорлық немесе турагенттік бизнес ашамын деген кісілерге лицензия әперу, құжат рәсімдеу жағынан көмек көрсетеді. Ресми мәлімет бойынша қалада 140-тан аса қонақүй, 100-ден көп туристік оператор мен агенттік бар.

«Кейінгі жылдары мемлекет туризм­ге қатты көңіл бөле бастады. Себебі бұл саладан түсетін пайда көп. Еуропа елдерін алсақ, Испания, Францияда бюджеттік кірістің басым бөлігін туризм құрайды. Түркия елінде де сондай. Бір кезде Ресей отандастарын Түркияға баруға тыйым сал­ған кезде олардың бюджеті әжептәуір ойсырап қалған еді. Әрине, Шымкент Таи­ланд, Түркия, Дубай секілді табиғаты­мен туристерді тарта алмайды. Дегенмен мега­полистің де өзіндік қызықтыратын тұстары бар. Бұл – қала туризмі, сосын іскерлік туризм. Шетелдік ірі инвесторлармен келісімшарттар түзу де туризмнің дамуына оң ықпалын тигізеді. Соның бір айғағы – бүгінде шаһарға бизнес ашсам деген ниетпен келетін шетелдік инвесторлар саны көп. Олар индустриалды, арнайы экономикалық аймақтарда болып, ішкі нарықтың жағдайымен танысып қайтады. Сондай-ақ гастрономиялық туризм бар. Бірақ Шымкенттің дәмді әрі арзан тама­ғын іздеп келушілер – әзірге өзіміздің отан­­дастар. Оның үстіне «Сандық», «Боз­жыра» секіл­ді қазақтың ұлттық тағамда­рын да­йындайтын мейрамханалар қалада өте көп. Осы тұста бір нәрсені айтқым келгені шетелдік туристер ешқашан жайлы күй, рахат іздеп Шымкентке келмейді. Мұнда оларды қызықтыратыны – бұрынғы көшпелі халықтың қазіргі тұрмысы мен әлеуметтік жай-күйі. Шетелдік туристерге қымбат қонақүйге тоқтағаннан гөрі қазақтың киізүйінде дамылдаған әлдеқайда қызық. Олар ең алдымен соны қалайды», деді «Visit Shymkent» туристік ақпарат­тық орталығының өкілі Бағдат Пардабай.

Сонымен қатар жуырда қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креа­тив­ті индустрия басқармасы алты айлық жұмыс­тарын қорытындылап есеп берген еді. Жиында аталған басқарма басшысы Бексұлтан Әділханов шаһардан тағы бір әлемге әйгілі бес жұлдызды қонақ­үйдің бірі «Hilton» қонақүйінің құры­лысы Шымсити шағын ауданынан басталып, 2026 жылы аяқталатынын жеткізді. Президент тапсырмасына орай елімізде креативті индустрияны қолдау мақсатында басқарманың ұйымдастыруымен әр сенбі сайын қаланың Арбат жаяу жүргінші­лер алаңында арнайы жәрмеңке өтіп тұра­ды. Онда осы кәсіппен нан тауып отырған жандар өз дүниелерін саудаға шығарады. Сала басшысының айтуынша, алдағы уақытта басқарма мегаполистен креативті хаб орталығын ашып, Баку мен Самарқанд қалаларына роуд-шоу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

ШЫМКЕНТ