12 Маусым, 2015

Ізгілік оты өшпесін

451 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өз жұмысын жалғастырды. Форумның секциялық отырыстарында талқылауға шыққан мәселелер бойынша делегаттар өз ойларын ортаға салды. 20150612 (20) «Дін және саясат: жаңа үрдістер мен перспективалар» тақырыбында өткен секцияға төрағалық еткен Англикан шіркеуінің өкілі, Бэдфорд епископы Ричард Аткинсон Астанада дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген алқалы жиынның маңызына тоқтала келіп, алғашқы сөз кезегін «Жамиғат әл Шабаб әл Ислам» өкілі шейх Сәлман әл Хусейн әл Надвиге ұсынды. Шешен алдымен сөзін осындай жиынды ұйымдастыруды жол­ға қойған Қазақстанға, оның Прези­ден­тіне алғысын айтып, әрі қарай: “Біз әлем үшін күрделі бір кезеңде жүз­десіп отырмыз. Адамзат баласының өзі­нің бастапқы кезде дін танымаған жа­байы кездеріндегідей бір-бірі­мен соқтығысып, түрлі майдандар ашып, дін жолындағы соғыс деп желеу­летіп, елді алаңдатып тұрған тұсында дін көшбасшыларының ой то­қай­ластыруының маңызы зор. Жаратушы Ие адамзатқа жол көрсетуге, адамдарға діннің маңызын үйретуге, әлдеқалай бір теріс қылық, діни фанатизмді болдырмау үшін пайғамбарларды жіберді. Ал пайғамбар өмірі, оның уағызы адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, әділдікке шақырады. Имандылық – мұсылман дініндегі ең басты қасиеттердің бірі. Адамның амалдары осыған сайғанда ғана әлемге ізгілік шуағы төгіледі, зорлық пен зомбылыққа, қатыгездікке орын мұндай ортадан еш табылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, біз әділ болуға тиіспіз, тарихи тұрғыдан қарағанда, мұсылмандар ізгілікті құрметтеп, қайы­рымдылық отына жылынып, көмек­ке зәрулерге қолұшын созған мейірім­мен жер бетіне жайылды. Бұл – Алла­дан. Мұсылмандардың ізгілік пен иман­ды­лыққа негізделген ұстанымын өзге дін өкілдері де мойындап келді. Зорлық, зомбылық, қантөгіске исламда орын жоқ, деді. Ал Үндістаннан келген дін лидері Ачария Свами Вишвешварананд осы­мен бесінші рет өтіп отырған съез­дің табыстылығына мән бере сөйледі. Түрлі дін өкілдері бас қосатын әлемдік маңызды платформада айтылған ой­лардың адамзат баласын дұрыс бағытта дамуына бастайтынын тілге тиек еткен ол ортақ құндылықтың бейбіт өмір екеніне екпін түсірді. Жаратушы Иемізді біз әрқайсымыз түрліше атағанымызбен, ол Ұлы Жаратушы болып қала береді. Бізді ол түрліше етіп жаратты және бізді өзін тануға шақырады. Сол тұрғыдан біздің барлығымыз Жаратушының отбасының мүшелеріміз. Сондықтан да, біздер бір-бірімізге деген құрметті жалғастыруға тиіспіз. Үндістан тәу­ел­сіздікке қол жеткен алпыс жылдың ішін­де көптүрлілігін сақтап қалды, ол өзара құрметтің арқасында мүмкін болды. Рух түрлі сындар мен тексеру­лерден өтеді, ал адами бейнеде қалып, ізгілікті серік ету бұл бүгінде планета тұрғындары алдында тұрған мәсе­ле деген ойына алғысын жеткізген моде­ратор келесіде елдің назарын Хорва­тиядан келген «Месихат» ислам қауым­дас­тығының төрағасы мүфти Әзиз афенди Хасановичке аударды. Мен сіздерге арнаған сөзімді хорват тілінде әзірледім, сол үшін арнайы аудармашым бар, деген шешен өз елінде бейбіт өмір сүруге негізделген түрлі діндер арасында келісімге қол қойылғандығын көңілі тола тұрып мәлімдеп, әрі қарайғы ойын былайша жалғады. Қазір бір тілде ғана сөйлейтін, тек бір ғана мәдениетті ұстанатын, халқы тек бір ғана этнос­тан тұратын мемлекет жоқ. Ал әр текті жерде жолын тауып, келісімге келіп, халық бір-біріне деген құрметке жұмылса, жеңбейтін қиындық жоқ. Хорватиядағы мұсылмандар өз елінде осы іске үлесін қосуда, дегеніне модератор ризашылығын білдіріп, сіз бізге аса маңызды мәселені, еліңіздегі келісімге келу жолдарын айттыңыз, сол үшін сізге алғыс айтамыз, деді. Келесі кезекте өз ойымен бөліскен Папа университетінің профессоры Аль­берто Ло Прести толеранттылық жайына тоқталды. Бұл ретте үнқатысудың маңызы зор екеніне мән берген ол діннің бейбітшілікке қарама-қайшы дүние еместігін, діннің негізгі қағидаттарына адамзаттық құндылық – бейбітшілік жататынын баса айтты. Кейде мемлекеттер дінді өз пайдаларына – соғысқа, жаулап алуға жаратқысы келген, оның мысалдарын тарихты парақтасаңыз көптеп табуға болады, ал шіркеудің мақсаты мүлде басқа. Сондықтан шіркеу емес, қайта мемлекет дінді құрметтесе, сол арқылы қоғамын да ізгілікке тәрбиелей алады. Мемлекет заңдық қағидаларға, әкімшілік басқаруға негізделсе, ал дін қағидаттары имандылықты күшейтеді. Биік адамгершілікке негізделген қоғам­ның күші алапат, онда қиянатқа орын жоқ, әділдік үстемдік құрады, деді. Египет Араб Республикасының Дін істері министрінің орынбасары Мұ­хаммад Азаддин Абсаттар лаңкестік әрекеттермен күрестегі үнқатысудың маңызына тоқталды. Діни мақсат саяси кейіпке енбеуі тиіс, дінді қақтығыстарды жоятын ізгі күш деп тануға болса, біздің осындай форумдар арқылы зорлыққа, қантөгіске қарсы тұруға жұмылғанымыз абзал. Озбырлыққа дін атаулыда орын жоқ. Ешбір пенденің Алла берген өмірді қиюына, сөйтіп, Жаратушы иемізге қарсылық танытуына жол бермеуіміз керек, десе, келесі бір шешен, Араб мемлекеттері лигасының Халықаралық және өркениетаралық үнқатысу департаментінің директоры Самия Бибарс та өзінің алдында сөйлеген форум делегатының ойын әрі қарай жалғағандай болды. Озбырлық пен қанқұйлы әрекет­тер­мен, сондай-ақ, кедейшілікпен күрес те біздің әңгімеміздің арқауына айналса еш артық етпейді. Экстремизм – дінді өз мәнінде түсінбеуден туатын қасірет. Бүгінде Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар шын мәнін­де исламға қарсы, дін атын жамы­лып адамзатқа қарсы жасалған қыл­мыс деп білемін. Сондықтан осы басқо­суда дін лидерлерінің маңызды рөл ат­қаратынына мән бергім келеді. Қазір­гідей жаһанданған заманда діни сенім­нің көптүрлілігін құрметтеу шын мәнінде өзің өмір сүріп отырған қоғам­ды құрметтеу екенін айтуға тиіспіз, деп ой қорытты шешен. Қытайдан келген Цзянсу про­вин­циясындағы Даоцист ассоциациясының басқарушы директоры Ян Шихуа әлем­нің дамудың өте күрделі сатысында тұрғанын айтты. Дінаралық қақты­ғыстарға алып келіп отырған экстремизм, терроризм дегеннің халықтың қай­ғы шегуіне жол бергені кім-кімнің де жанына батады. Біз қазір бейбітшілікті іздеу жолындамыз. Біздің іліміміз бойын­ша билік халықтың құлы болуы тиіс. Адамзат қоғамының дамуында соғыс­сыз әлемді құндылық тұтатын Лао Цзы ілі­мі бейбітшілікке негізделген. Ол – со­нысымен құнды, деді. Одан кейін мо­де­ратор мінберге Жаһандық бірқа­лып­ты қозғалыс күшінің бас директо­ры Дато Сайфуддин Абдулланы ша­қырды. Бейбітшілікке сенімді болудың негізі – келісім, үйлесім. Ол – экстремизмен сенімді күресте болатын мықты күш. Мұнда үнқатысудың атқарар жүгі қомақты, деген пікірімен ортақтасып, жастардың қай бағытқа бет түзегенін біліп отырудың маңыздылығы жайында форум делегаттарына ойтамызық тастаған шешеннен соң, Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінің президенті Ахмед Юсиф шариғат жайында көсілді. Шариғат жолымен жүрудің адамды адастырмайтын шамшырақ екеніне тоқталып, нағыз мұсылманның өзге дін өкіліне құрметпен қарайтынын алға тосты. Шариғатта барлық әлемнің бейбітшілікте өмір сүруін, мұсылманды да, мұсылман еместі де құрметтейтінін, ал мұсылман баласын бауыр санайтын ізгілікке баулитынын ортаға салды. Ислам діні ешкімге де зорлық көрсетпейді, ол – бауырмалдық діні, тамырында ізгілік пен имандылық бар асыл дінде шариғаттың түзу жолын ұстанған жан қиянатқа бармайды, деді. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Дмитрий Саблин жуырда өзінің Сириядан оралғанын айтты. Аяусыздықпен төгіліп жатқан қан­ды көріп келген мен бүгінгідей үнқа­ты­судың маңызды екенін қатты түсіне­мін. Ресей – өте көпұлтты мемлекет, бізде барлық конфессиялардың өкіл­дері бар, ал үнқатысу, бір-бірінің наным-сенімдеріне құрметпен қарау – қо­ғамдағы тыныштықтың кепілі, деген депутат форумды тамаша етіп ұйым­дас­тырған қазақстандықтарға ризашы­лығын білдірумен сөзін аяқтады. Жарыссөзге шыққан доктор Мо­хаммед Ильяс: «Ислам – табиғатында қатыгездіктен мүлде ада дін. Біз мұсылмандар ретінде жанкештіліктің, қантөгістің біздің дінімізге жуыспайтыны жайлы жар салғымыз келеді. Терроризмнің діні де, отаны да жоқ. Сондықтан біздің барлығымыз бірігіп, осы зұлматпен күресуге жұмылайық, оның таралуына жол бермеуге жүрегінде ізгілік нұры ұялаған адамзат баласын үндейік, әлемде шынайы қауіпсіздік орнасын десек, бұл біздің атқарар миссия­мыз болуы тиіс, бәрімізге Алла тағала жар болсын», деді. Испанияның экс-сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратинос секция жұмысында модераторлық атқарушының бірі деп белгіленгенімен, оның жұмысы тек тыңдаумен шектелді. Бірақ, отырыс аяқтала бере, қорытынды сөз айтуды жөн көрді. Тізгінді епископ Ричард Аткинсон шебер ұстап отырған соң араласпағаныммен, секция соңында менің де бірер ауыз сөз айтуым орынды болар, деген экс-министр жалпы форум күндерінің өте табысты өтуіне көңілі әбден толғанын жеткізді. Дін мен саясат арасындағы қарым-қатынаста түрлі кезеңдер болғаны тарихтан аян. Испания Түркиямен бірлесе Өркениеттер альянсы мәселесін көтерді. Біз алшақтайтын емес, тоқайласатын тұстарды қарас­тыр­дық. Бүгінгі съезд жұмысы да осы үндес­тікке ұмтылдырады. Тамаша ойлар, құнды пікірлер ортаға салынды. Ме­нің ойымша, олар съездің қорытынды құжаттарынан орын алуы тиіс, деді ой қорытқан экс-министр. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.