фото:«Samruk-Kazyna Construction» АҚ
Қаражат игеріліп жатыр
Маусым айында ҚР Жоғары аудиторлық палатасы жоба бойынша 2023 жылға арналған қаржыландыру толық көлемде беріліп, тек 38% игерілді деген қорытынды шығарды. Алайда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Қаражат бірден 2 жылға бөлінгендіктен, келесі жылға аусытырылады. Негізі, 2023 жылы бөлінген 500 млрд теңге толық көлемде игерілді, дәлірек айтсақ, мердігерлерге аванстық төлем ретінде берілді. Сондықтан Жоғары аудиторлық палата төрағасы берген ақпарат қате», деп мәлімдеді компания.
2024 жылғы қаржыландыру жоспарына сәйкес сәуір айында 323 млрд теңге қарастырылған еді, алайда іс жүзінде әзірге тек 110 млрд теңге түсті. Бұған қарамастан биылға жоспарланған 208 мектептің 90%-ында құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Сондай-ақ құрылыс жобалық-сметалық құжаттамасыз басталып кетті деген пікір де – жаңылысу. Құрылыс-монтаждау жұмыстары сметалық есептерсіз, алайда тапсырыс беруші тексерген және бекіткен жұмыс сызбаларына сәйкес жүргізілді. Бұл мердігерлермен жасалған ЕРС келісімшарт арқасында мүмкін болды. ЕРС дегеніміз сапаны жоғалтпай құрылыс мерзімдерін қысқарту мақсатында жобалау, салу және жабдықтау жұмыстарын бір уақытта жүргізу.
«Қымбаттау емес, болжамды баға»
Сондай-ақ компания ұлттық жобаның қымбаттауы және қаражат тапшылығы туралы мәлімдемеге жауап берді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «бұл қымбаттау емес, болжамды баға» екенін баяндады. Бір оқушы орнына бөлінетін сметалық калькуляция 2022 жылы қарапайым мектептердің құрылыс шығындары негізінде жасалған, өйткені ол кезде жайлы мектептердің дайын жобалары болған жоқ.
Айта кету керек, ҚР Үкіметінің «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы» №963 қаулысының 4-бөліміне сәйкес ұлттық жоба шеңберінде мектептерді салуға және технологиялық жарақтандыруға арналған бюджет көлемі мектеп құрылысының алдын ала құны негізінде айқындалған.
Яғни, бір оқушы орнының нақты құны ЖСҚ мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін айқындалды. Бұл тәжірибе кез-келген нысандарды салу кезінде қолданылады, өйткені құрылыстың түпкілікті бағасы әрқашан мемлекеттік сараптаманың нәтижелері бойынша анықталады. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Мемсараптама» РМК-мен бірлесіп, 100 ЖСҚ тексеру және талдау кезінде мектеп жобаларының 16,5% қымбаттауына жол бермеді, бұл шамамен 100 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Дирекция және мемлекеттік сараптама мамандарының арқасында қазынаға түсетін әлеуетті жүктеме 900 млрд теңгеден 446 млрд теңгеге дейін төмендеді. Жергілікті атқарушы органдар мұндай үнемдеуге қол жеткізе алмас еді, өйткені қазір елде инженерлік-техникалық мамандардың тапшылығы өткір сезіледі.
Жер учаскелеріне қатысты қиындықтар
Жаңа мектептерді орналастыру және жер телімдерін бөлу – бұл бөлек мәселе. Оны шешу жергілікті атқарушы органдарға жүктелді, өйткені олар білім беру нысандарының қай жерде қажет екенін жақсы біледі.
Әкімдіктерге заңнаманың барлық талаптарына сәйкес болашақ мектептер үшін учаскелерді алдын ала дайындап, құрылыс кезеңіне оларды «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға рәсімдеуі қажет болды. Алайда, жергілдікті атқарушы органдар таңдаған телімдердің көбі елді-мекеннің бас жоспарына, қызыл жолақ бойынша талаптар мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болмай шықты. Басым бөлігінде аумақты кеңейту талап етілді.
«Учаскелерде ескі ғимараттар мен нысандарды, үйлерді сүру, жасыл желекті отау және қолданыстағы инженерлік желілерді шығару мәселелері болды. Санитарлық-қорғау нормалары мен талаптары сақталмады. Геологиялық және геодезиялық жағдайлар мен ерекшеліктер де ескерілмеді. Сол себепті құрылыстың сметалық құнына қосымша шығындар қосылды».
Дегенмен, қателіктерден сабақ алу керек. Сондықтан ұлттық жобаның екінші кезеңінде салынатын жайлы мектептерге жер учаскелерін таңдап, рәсімдеу процесі аяқталуға шақ. Бүгінгі күні Дирекцияға 151 учаскенің тек 2-і ғана рәсімделмеген: Павлодар қаласындағы 1200 орындық мектеп және Ұлытау облысының Ұлытау кентіндегі 300 орындық мектеп үшін жер учаскелері. Бұл мәселе жақын арада шешіледі.
«Қаражат түскен бойда конкурс жарияланады»
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында құрылысы келесі жылға жоспарланған мектептердің мердігерлерін анықтау бойынша конкурс әлі жарияланбағандықтан, нысандардың уақытылы салынып бітетініне күмән келтірді. Осы орайда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ келер жылға жоспарланған 151 мектеп бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында конкурстық рәсімдерді бастауға дайын. Ол үшін 130 млрд теңге қажет.
«Мердігерлерді анықтауға 2024 қазан айына жоспарланған бұл қаражатты тамызға ауыстыру керек. Жер учаскелерінің ерекшеліктері ескерілген әрі мемлекеттік сараптамадан өткен 40 дайын жобаның барын ескерсек, екінші кезеңдегі мектептердің құрылысы жедел қарқынмен жүзеге асырылатын болады. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін білім ошақтарын аяқтау үшін конкурсты 2024 жылдың тамызында бастау маңызды. Дирекция объектілерді учаскелерге отырғызу, геологиялық зерттеу жұмыстарын бастауға дайын.
Дирекция тарапынан барлық дайындық және басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр, мәселе тек қаржыландыруға қатысты. Егер қаражатты тамызда аудару жөніндегі компания ұсынысы қолдау тапса, келесі айда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ конкурстық рәсімдерді бастауға дайын екенін жеткізді.
Жобалаушы ұйымдардың әлсіздігі және сметаны қасақана қымбаттату
Жақында «Informburo» ақпараттық порталына берген сұхбатында «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Мұрат Әмірин ЖСҚ әзірлеудің ұзаққа созылып кеткенін, ал отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жеткіліксіздігі туралы мәлімдеді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мұндай айыптаулармен үзілді-кесілді келіспейді.
Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттаманы тексеру кезінде сметалық бағаларды 1,3–2 есеге қасақана арттыру фактілері анықталды. Бұған жобалаушы ұйымдардың әлсіздігі, кәсіби деңгейі төмен мамандар және мердігерлердің артық пайда табуға ұмтылысы себеп.
2023 жылдың күзінде барлық жобалар ірілендірілген саметалық нормативтерге сәйкестендірілді, яғни шығындарды оңтайландыру жүргізілді. Бұған бірнеше ай жұмсауға тура келді. Нәтижесінде 89 жоба бойынша 44,6 млрд теңге қаражат үнемделді.
«Жобаларда барынша қазақстандық тауар өндірушілердің тауарлары қарастырылған. Инертті және құрылыс материалдарының басым бөлігі жергілікті өнім. Шатыр және қасбет материалдары да толығымен қазақстанда жасалған. Жайлы мектеп салынып жатқан өңірдегі зауыттар мен фабрикаларға басымдық беріледі. Осылайша, бүгінгі таңда ұлттық жобада отандық тауарлар мен материалдарды пайдалану үлесі орта есеппен 70% құрайды», деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Ұлттық жобаға қатысу үшін қазақстандық өндірушілердің материалдары мен тауарлары «ҚазҚСҒЗИ» АҚ (КазНИИСА) қалыптастыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына (АГСК) енгізілуі тиіс. Бұл басты талаптардың бірі. Сондай-ақ бизнесмендерге отандық өндіруші мәртебесін растайтын «СТ-KZ» сертификаты және/немесе индустриялық сертификат алу қажет. Мердігерлер ай сайын отандық тауарларды пайдалану үлесінің көрсеткіштері бойынша есеп беруге міндетті. Құрылыс компаниялары қазақстандық жиһаз компанияларымен парталар, орындықтар, шкафтар және басқа да мектеп жиһаздарын жеткізуге келісім-шарттарға отыра бастады.
«Алайда, отандық желдету және электр жабдықтарын өндіретін қазақстандық кәсіпорындар ұлттық жобаны іске асыру кезінде сұраныстың артқанын пайдаланып, өз тауарларының бағасын 29-148% - ға арттырып жіберген».
Осыған байланысты дирекция мұндай өндірушілерге қатысты тексеріс ұйымдастыруды ұсынады. Егер баға тым қымбат болып қала берсе, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында тауарларды шетелдік өндірушілерден төмен бағамен сатып алуға тура келеді. Бағаны негізсіз көтеру туралы барлық ақпарат құзырлы органдар мен «Атамекен» ҰКП жолданды.
«Е-Qurylys» - уақыт пен Үкімет талабы
Мамыр айында ұлттық жоба бойынша құжаттама «Е-Qurylys» ақпараттық порталына көшірілді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бұл уақыттың ғана емес, Үкіметтің де талабы екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 68-1-бабының 4-тармағына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілер қызметті жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган айқындаған мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қолдануға міндетті. Өзге жағдайларда субъектілер қызметінің нәтижесі жарамсыз деп танылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қолдануға жатады.
Сондай-ақ 2023 жылғы 16 қаңтарда Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастыру және функцияларын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер күшіне енді. Оған сәйкес мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларда мемлекет құрылыс барысын «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайды. Сондықтан қағаз актілері мен басқа құжаттар қабылданбайды, барлығы ақпараттық жүйеге жүктелуі керек.
«Ақпан айынан бастап компанияның алғашқы актілерді қағаз түрінде қабылдауға мүмкіндігі болды. Алайда, біз құжат айналымын электрондық форматқа толығымен ауыстыруды мақсат етіп қойдық. Оған 3 ай жоғалтсақ та, мақсатымызға жеттік. Ақпараттық жүйеде барлық процестер цифрландырылған. Сондықтан жобадан ауытқуға, орындалмаған жұмыстарды қабылдауға жол берілмейді», деп толықтырды квазимемлекеттік компания.
Толтырылған жұмыс журналдарының, жасырын жұмыс актілерінің, фотоматериалдардың және жүйеде тіркелген басқа да маңызды құжаттардың негізінде атқарылған жұмыстардың актілері автоматты түрде жасақталады. Бұл сыбайлас жемқорлық, «бейресми қарым-қатынас» қаупін азайтады.
Егер қағаз актілерге қол қою мерзімі 5-7 күн болса, жүйеде бұл процесс 1-3 күнге дейін қысқарады. Бұл жаңашылдықты коммуналдық қызметтерге ақы төлеумен салыстыруға болады. Мәселен, бұрын кассаға барып, кезекте тұру қажет болса, қазір мұның бәрі мобильді қосымшаларда экранды бір рет басу арқылы жасалады.
«Бүгінгі таңда жүйенің жұмысына қатысты барлық проблемалық мәселелер толығымен шешілді. «E-Qurylys» үздіксіз жұмыс істейді. АЖ-да жұмыс істеуге ниет білдірген мердігерлік ұйымдар тез оқытылады және орындалған жұмыстардың электрондық актілерін жабады».
Егер 20 маусымда «Е-Qurylys» жүйесінде қол қойылған электронды актілердің саны 100-ге жетсе, араға бір айдай уақыт салып, 16 шілдедегі жағдай бойынша олардың саны 488-ге жетті.
Алайда, ескі тәсілмен жұмыс істеуге дағдыланған немесе өз мүдделерін көздейтін кей мердігерлік ұйымдар электрондық құжат айналымына көшу процессін қатаң сынап жатыр. Олар қағаз жүзінде құжат айналымын қалдыруды сұрайды. Алайда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан нақты шешім қабылданды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП атқарылған жұмыстардың актілерін қағаз жүзінде қабылдап, кейін асықпай «Е-Qurylys» жүйесіне жүктеу туралы ұсынысын дирекция дұрыс емес деп санайды.
Жоба «пилоттық» деген мәртебеге ие, сондықтан болашақта тек жайлы мектептердің ғана емес, басқа да әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысында ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе сынақтан өтіп жатыр.
Мектептер қашан тапсырылады?
Қаржыландырудың кешігуі, сондай-ақ ұлттық жобаның асығыс жоспарлануына байланысты 98 жайлы мектеп ағымдағы жылдың күзінде 2 кезеңде пайдалануға беріледі. Бірінші кезеңде 50 нысан берілсе, қалған 48 нысан екінші кезеңде тапсырылады.
Бұл ретте, мектепті қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін өңірлік білім басқармалары 30 күнтізбелік күн ішінде объектілерді балансқа қабылдап, оқу процесін жүргізуге рұқсат беретін құжаттарды алуы тиіс. Жалпы, бұл процедуралардың барлығы 1 айдан 2 айға дейін созылады, сондықтан жайлы мектептер екінші тоқсаннан бастап толық жұмыс істей бастайды деп жоспарланған.
Тағы 151 мектепсалынатын ұлттық жобаның екінші кезеңіне келетін болсақ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов нысандардың орналасқан жері мен қуаттылығына қосымша қайта талдау жүргізуді, сондай-ақ қолданыстағы мектептерге 275 орындық шағын ғимараттарды қосып салу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс енгізді. Оқу-ағарту министрлігінде жайлы мектептердің құрылысы жергілікті жерлерде апаттық және үш ауысымдық оқыту мәселесін шешетінін тексеру керек, ал перспективалы оқу орындары болашаққа қалдырылуы тиіс. Бұл қаражатты үнемдеуге және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға ғана емес, сонымен қатар апаттылық пен үш ауысымды оқыту проблемаларын аз уақытта әрі дәлдікпен жоюға мүмкіндік береді.