Мәдениет • 31 Шілде, 2024

«Джунгли» – тазалық рәмізі

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кореяның заманауи би ұлттық компаниясы (Сеул) Корея Республикасы елшілігі Корей мәдени орталығының қол­дауы­мен 10 тамызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Джунгли» хореографиялық туындысын ұсынады. Көрермендер бірегей әрі терең эмоциялық корей хореография өнерін елордада жиі тамашалай бермейтіндіктен, бұл оқиға қазірдің өзінде көпшіліктің назарын аударып отыр.

«Джунгли» –  тазалық рәмізі

Корея заманауи би ұлттық компа­ния­сы­ның негізі 2010 жы­лы қаланған. Труппа біртуар сурет­ші­лермен бірлесіп жасаған үздік қойылымдарымен танымал. Өнер ұжымы Кореяның қазіргі өмірі мен қоғамын бейне­лей­тін туындылар жасап, оларды мәдени кодына қарамастан дүние жүзі көрер­мендеріне түсінікті етіп, маңыз­­дылығын арттыруды мақ­сат етеді.

2023 жылы мамырда Ким Сонëн труппаның көр­кем­дік жетекшісі атанып, оның шығар­ма­шылық қуаты мен көзқарасы ұжымның қыз­ме­тіне тың серпін берді. Оның қойылымдары адам өмі­рі­нің мәніне терең енуімен ерек­ше­ле­неді, бұл оларды бірегей әрі ұмытылмастай етеді.

Біздің көрерменге кореялық труппа Ким Сонëн қойған «Джун­гли» хореографиялық туын­дысын дайындаған. Бұл спек­такль ағымдағы жылы сәуір­де Сеулдегі CJ Towol арт-орта­лы­­ғы­ның сахнасында алғаш рет орын­далды. Сондай-ақ 23-24 шілде­де Le 13ème ART театрын­да ұсы­­нылып, Париждегі көрер­мен­­дердің жүрегін жаулап үлгерді.

«Джунгли» туындысы қа­ра­пайым табиғат призма­сы арқылы адам өмірін фило­со­фиялық тұрғыда қалай зерттеуді көрсетеді. Ол қимылдардың ерекшелігіне көңіл бөліп, ақыл мен эмоцияның, сана мен түйсіктің, сұлулық пен көріксіздіктің қатар өмір сүре­тінін суреттейді.

Спектакльді жасаумен жа­рық бойынша суретші – Ли Чжонюн, костюмдер бойынша суретші Бэ Гёнсуль де айна­лысты. Төбеден сал­бырап тұра­тын шөп түйіні сахна­дағы негізгі элемент саналады. Ол осынау мәтінде табиғи орта ғана емес, түй­сік әлемінің метафорасы ретінде де қабылданатын джун­­гли­ді бейнелейді. Мұнда ең мық­­ты­­ның аман қалатыны, заманауи қоғамда түйсіктер қалай байқа­­латыны туралы ой пайда болады.

Қойылым басында әртістер шеңберді айналып жүреді. Қимылдары көзге үйреншікті және қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олар біздің күнделікті өмірімізді және қалалық ортадағы түйсік­тік жү­ріс-тұрысымызды бей­не­лей­ді. Бишілердің қимылдарды сол мезетте ойлап тапқандай орындауы олардың өнер көрсетуіне бірегейлік пен ерекшелік үстей­ді. Спектакльдің соңында әртіс­тер бір-біріне қарап, ой толғау үшін жаңа кеңістік жасайды. Топ жеке адамдарды бақыласа, ал олар өз кезегінде топқа бір бүтін ретінде қарайды.

Сонымен астаналық көрер­мен асыға күткен «Джунгли» – би шоуы ғана емес, 17 әртіс­тің қимылы арқылы адам таби­ғаты­ның терең зерттеуі, сондай-ақ ол та­би­ғаттың бейнесі, тазалық пен табиғилықтың рәмізі іспеттес.