Денсаулық • 31 Шілде, 2024

Алматыдағы заманауи емхана

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шаһардың Жетісу ауданында қараусыз қалған ғимараттар адам танымастай өзгеріп келеді. Кейінгі бірнеше жыл ішінде 8 жалпы білім беретін мектепке жапсарлас нысан қосылды. Осы арқылы қосымша 1 600 оқушы орны пайда болып, кейбір мектептерде жаңа мәжіліс залдары, асханалар мен спорт залдары салынды. Енді міне, осы ауданда заманауи емхана ашылып жатыр.

Алматыдағы заманауи емхана

Жалпы, Жетісу ауданында 2024 жылдың соңына дейін үш емхана ашу жоспарланған болса, осы емдеу меке­мелері келешекте ауданды толық меди­­­­­ци­на­лық қызметпен қамтамасыз етпек. Сонымен қатар «Саяхат» автовокзалы мен «Құлагер» шағын ауданындағы емханалар жаңғыртылып, пайдалануға берілгелі отыр. Жұмысшылар кентін­дегі №33 емхана да сақадай сай дайын.

Жетісу ауданында бірнеше жыл бұрын үш қана емхана болғандықтан, жергілікті халық көбінесе көршілес Түрксіб, Алмалы, Медеу аудандарына қаралуға мәжбүр еді. Бұл бір жағынан Жетісу ауданында емхана салуға жер телімінің тапшылығынан туған мәселе болатын. Осы түйткілді тарқату үшін медициналық мекемеге жарамды ғимарат қарастырылып, аудан әкімі Гүлнәр Көкебаева мәселенің заңды жағын қолға алып, бірте-бірте емханаға айналдыруға жарамды үш ғимарат сатып алынды.

Бұған қоса Кемел шағын ауданында ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынды. Бұл қазір аталған шағын аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ №11 емханада күрделі жөндеу жүргізілді, КТ мен МРТ қызметі бар өзінің диагностикалық орталығын ашты.

Осы аудандағы өзге де оң өзгерістерге тоқта­ла­тын болсақ, ұзақмерзімді жобалар сәті­мен іске асырылып, жұрт ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың игілігін көре бастады. 2019 жылдан бері 190 мыңнан аса халқы бар ауданда 96,7 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту сияқты басым жобаларды атқару ісі кешеуілдеп тұрған еді. 2020 жылдан бастап ауданды басқаруға келген  Гүлнәр Көкебаева осы жұмысты ілгерілетіп, тапсырысты «Электроремонт» ЖШС мердігерлік ұйымдары орындады. Биыл қазылған көшелерді толық асфальттап, екінші мердігер ойдым-ойық жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Сол сияқты биыл Алматы облысынан қалаға қосылған шағын ауданы тұрғындарының бір бөлігі тұрақты қалалық сумен қамтамасыз еті­ле­ді. Кемелдің тұрғындары да жылдар бойы су тапшылығын әбден тартып келген еді. Оған қоса Кемелге 43,5 шақырым электр сымы тарты­лып, қаланың жаңа шағын ауданы тұрақты қа­лалық электр қуатына қосылды. Сондай-ақ 32,5 шақырымдық Палладин – Павлодар – Боралдай, Таймыр көшелерінің аумағында жаңа электр желілері тартылды. Ұзындығы 8,4 шақырым болатын магистралдық жылу желілері қайта жаңартылды. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешімін тауып, биыл жаңа бағаналар орнатылып, 150 жартылай жарық жүргізілмеген көшеде 35 мың шақырымнан аса кабель салынды.

Осынау оңды жаңалықтар – бір ғана Жетісу ауданына тиесілі.

 

АЛМАТЫ