Инвестиция • 31 Шілде, 2024

Биотехнология мен фармацевтиканың өрістеу мүмкіндігі

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мамандар биотехнология және фармацевтика секторына инвестиция құюды заманауи нарықтағы болашағы зор мүмкіндіктердің бірі деп бағалайды. Өйткені аталған екі сала инновациялардың қозғаушы күші саналады. Бұл сегменттегі компаниялар үнемі жаңа препараттарды, гендік терапияны және диагностикаға арналған құралдарды әзірлеп отырады. Түрлі емдеу әдісі мен жаңа технология ұсынып отыратын компаниялардың қаражат тарту қабілеті де анағұрлым жоғары болса керек.

Биотехнология мен фармацевтиканың өрістеу мүмкіндігі

«Халықтың қарқынды түр­де қартаюы және созылмалы ауру­лардың таралу дең­гейі­нің үнемі артуы озық медицина­лық технологияларға деген сұра­нысты ынталандырады. Бұл үрдіс денсаулық сақтау мәселе­лерін тиімді шешуге қабі­летті компаниялардың өсуін қол­дау үшін негіз болады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер басқармасының (FDA) тиісті сертификаттарын алса, компанияның акциялар құны айтарлықтай өсуі мүмкін. Нарыққа шығатыны және жаңа препараттың сатылымы басталатыны туралы хабарландырулар нарықтық капиталдандыруды және кірістілікті біршама арттырады», дейді сарапшылар.

«Nova One Advisor» компа­ниясының соңғы зерттеуіне сәй­кес 2023 жылы әлемдік биотехнологиялар нарығының көлемі 1,54 трлн долларға бағаланды және 2033 жылға қарай 5,68 трлн дол­ларға жетеді деп болжанып отыр.

Дегенмен салада тәуекел де жоқ емес. Соның бірі де бірегейі – реттеушілік кедергілер. Реттеуші органдардың сертификаттауы құжаттық рәсімдерге байланысты ұзаққа созылып жатады. Болашағы бар бағыттардың көбі клиникалық сынақтардан өтпей қалады немесе нормативтік стандарттарға сәйкес келмейді, бұл айтарлықтай қаржылық шығындарға әкеледі.

Одан кейінгі тәуекел – зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын үлкен шығындар. Жаңа дәрі-дәрмектер мен ме­дициналық технологияларды әзірлеу үшін зерттеулер мен әзірлемелерге (ҒЗТКЖ) айтар­лықтай инвестиция қажет. Бұл ретте эксперименттік препа­рат­тардың аз ғана бөлігі нарыққа шы­ғады, бұл ҒЗТКЖ-ны тым қауіп­ті және тұрақсыз етеді.

Үшінші тәуекел – нарықтағы бәсекелестік. Екі сала да жоғары бәсекеге қабілетті. Бәсекелес­тік артықшылықты сақтап қалу үшін компаниялар үнемі жаңа­шылдық жасап отыруы керек. Бұл жылдам өзгеретін жағдайларда, әлемдегі және жалпы нарықта­ғы жағдайларда қиынға соғуы мүмкін.

Акциялардың құбылмалы­лығы да – еңсерілуі ауыр ке­дергі. Биотехнологиялық және фармацевтік компаниялардың акциялары, әсіресе клиникалық сынақтар, реттеуші шешімдер және нарықтағы жағдайлар туралы жаңалықтарға байланысты өте құбылмалы болуы мүмкін. Бұл акциялар бағасының айтарлықтай өзгеруін туғызады.

Сарапшылар саладағы келе­шегі бар ұжымдар қатарына «Schrödinger», «CRISPR Thera­peutics», «Illumina», «Abbott Labo­ra­tories», «Legend Biotech Corpo­ration» компанияларын қосады.

Әңгімемізді түйіндей келе «егер инвесторлар биотех­но­ло­гиялық және фармацевтік ком­панияларға қаржы құйса, оларға жоғары кірістілік үшін бірегей мүмкіндіктер ашылар еді» деп пәтуа жасауға болады. Әрине, ең алдымен, компанияларды мұқият талдап, олардың ғылыми жетістіктерін, қаржылық жағдайын және стратегиялық жоспарларын бағалау қажет. Әр­тараптандырылған тәсіл және тәуекелдер туралы хабардар болу инвесторларға биотехнологиялық және фармацевтік компаниялар беретін мүмкіндіктерді барынша пайдалануға және ықтимал шығындарды барынша азайтуға көмектеседі.