Театрлар жыл сайын көрерменге ауқымды бағдарлама ұсынады. Оның ішінде тек халық ықыласына бөленген туындылар ғана емес, жаңа қойылымдар да бар. Мәселен, жыл басынан бері 170 премьера сахналанған.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына осы жылдың бірінші жартысында 70 мыңнан астам көрермен келген. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының келген көрермен саны – 64 291.
Жарты жыл ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 50 мыңнан астам көрермен жинады. Айта кетейік, аталған театр 90-мерейтойлық маусымын Х.Левенсхольдтың «Сильфид» романтикалық балетінің жаңа қойылымымен аяқтады.
Одан бөлек, биыл Ақмола облыстық орыс драма театры ең көп премьера қойып, көрермен назарына 10 жаңа спектакль ұсынған.
Жарты жыл ішінде театр әртістері 218 гастрольдік сапарға шықса, оның 201-і ел ішінде, 17-сі шет мемлекеттерде болды. Мемлекеттік театрлар ұжымдары Корея, Түркия, Франция, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің сахнасында өнер көрсетіп үлгерді.