Руханият • 01 Тамыз, 2024

Жошы ұлысы туралы тың туынды

181 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Францияның Шығыс Археология институты мен Оксфорд университеті бірлесіп атқарып жатқан «Көшпелілер империясы» жобасының белсенді мүшесі һәм Парис Нантерре университетінің профессоры Мари Фавэру ханым (Marie Favereau) үш жылдың алдында «Алтын Орда» (The Horde) атты кітап ­жазып, бұл туынды Гарвард университеті баспасынан жарық көрген болатын. Жаңа пайым, тосын көзқарас, тың деректерге құрылған бұл шығарма қазіргі таңда әлем назарын аударып отыр. Туынды үш жыл ішінде барлық Еуропа тілінде сөйледі. Ғалым өзінің жаңаша пайымы туралы әлемдік баспасөз беттеріне мақала жазып, телесұхбаттар беріп жүр. Осы дереккөздерді негізге ала отырып, аталған туындыны таныстыруды жөн көрдік.

Жошы ұлысы туралы тың туынды

«Жошы ұлысы һәм Алтын Орда тарихын зерттеуіңізге не себеп болды?» деген сұраққа кітап авторы Мари Фавэру ханым былай деп жа­уап беріпті: – Францияның Сорбонна уни­вер­сите­тінде тарих маман­­ды­ғы бо­йын­ша бакалавриатты бітір­дім, кейін жалғастырып магистрлік қорғадым. Жошы ұлысы туралы алғашқы мәліметті осында жүріп оқыдым. Сөйтіп, ортағасырлық көш­­пелілер тарихын зерттей бас­тадым. Магистрлік жұмысымды осы тақырыпқа бағыттадым. Бірақ жетекші ұстаздарым «бұл сала бойын­ша дереккөздер көп емес, қайталап ойлан» деп ескертті. Мені қызықтырған дүние – «дереккөздердің аздығы». Демек бұл нағыз зерттеушіге лайық күрделі тақырып болар деген ойға келдім, – дейді.

Жошы ұлысы һәм Алтын Орда империясы туралы дерек іздеуді бастаған Фавэру ханым зерттеуді ең әуелі Ыстанбұл, Санкт-Петербург, Вена, Париж архивтерінен, Алтын Орда хандарының еуропалық билік иелеріне орта ғасырда жазған көптеген хатынан бастапты.

 – Расын айтар болсам, – деп жазады француз зерттеушісі, бұл хаттар бұған дейін тек құнды құжат ретінде оқылғаны болмаса, сол дәуірдің сая­си оқиғаларына қатысты ешқан­дай ғылыми тәпсір жасалмаған екен. Ғалым осы құжаттарда айтылған де­рек­­тер­ді еуропалықтарға мәлім жанама фактілерге салыстыра отырып зерттеген.

Келесі кезекте ол Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінде соғылған нумиз­матикалық (теңге, дирхам, т.б.) жәдігерлерге назар аударған. Осы арқылы алтынордалықтардың орыс жері мен оған жалғас еуропалық аймаққа сауда-саттық ісін жолға қой­ғанын дәлелдеген. «Бұл іске менің университетте үйренген араб тілі көп көмегін тигізді», дейді ғалым.

 Ғалым қыз ең әуелі бұған дейін қалыптасқан түсінік «Алтын Орда империясы ХІІІ ғасырда пайда болып, кешікпей ыдырады» деген ұғым түбірімен қате екенін дәлелдеп шығыпты. «Менің көзім жеткен дүние», деп жазады ол. «Алтын Орда сияқты керемет басқару жүйесін өмірге әкелген мемлекет жоққа тән. Сонымен қатар аталған тақырыппен айналысқан көптеген ғалым көшпелі тұрмыстың өкілі алтынордалықтар бірнеше жылдың ішінде қалайша отырықшы қоғам құрып үлгерді деп таңғалып жүр. Ал менің пайым­дауымша, бұлар – әрі көшпелі, әрі оты­рық­шы классикалық қоғамның үлгісін жасай алған әлемдегі бірден-бір ұлыс».

Расында, бұған дейінгі еуроцент­ристік көзқарас: «көшпелілерде оты­рықшылық мәдениет, өнеркәсіп болмаған, олар жүрген жерін бұлап-талап талқандап күн көрген» деп түсін­діріп келгені анық.

«Шын мәнінде, олай емес», депті автор. «Сол дәуірге тән жылнамаларды терең таныған адам көшпелі­лер­дің ешқандай адамзат қоғамын кері тартатын әрекетке бармаға­нын аңғарады. Расын айтар болсам, алтынордалықтарға дейін Еуропа діндер соғысының алаңы болатын. Әсіресе мұсылман мен христиан­ өкілдері арасында ғазауат майданы мен кресшілер жоры­ғы күшейіп, бұқара­ның тыныштығы бұзылып тұрған. Осы берекесіздік тиылды. Яғни Алтын Орда хандары екі дін өкілдерін мәмілеге шақырып, соғысты тоқтатып, күллі Еуропаға бейбітшілік орнатты. Олар өздеріне бағынған халық­тың діни наным-сеніміне құрметпен қарады да, «билікке мойын ұсынып, салық төлесең болды» деген қағидат ұстанды», дейді.

Сондай-ақ автор аталған кітапта алтынордалықтардың сауда-сат­тық ісін жүйелеуі туралы түсінік береді. Олар өз дәуірінде Орталық, Шығыс Еуропа, Жерорта теңізі, Сібір даласы, Қара теңізді байланыстырған сау­да желісін өмірге әкелгені, бұл тек аса қуатты мемлекеттің ғана қолынан келетін іс екені хақында шебер баяндапты.

Ал біздің пайым бойынша, мұндай аса күрделі һәм келелі істі атқару жолында ғаламдық мәдени алмасулар мен саяси ұстанымдар әсері болатыны анық. Мысалы, еуропалықтар ХІХ ғасырда экономикалық даму­дың тетігі деп таныған капитализм­ді алтынордалықтар іске асырып, қажет болса қазіргі жаһанданудың алғышартын ХІІІ – ХV ғасырда қалаған дер едім. Бұл – дау тудырмайтын мәселе. Бұндай жүйе құру үшін керемет данышпандық көзқарас қажет болары хақ. Бірақ бұл іс алтын­орда­лықтардың қолынан келді.

Жалпы, еуропалықтар қоғамдық дамудың критерийлерін тас қала, отырықшы қоғам мәдениеті, т.б. өлшемдермен өлшейді. Бұл көш­пелілер танымына жат. Тіпті жоқ деуге болады. Сол себепті олар өздері қалып­тастырған қоғамдық қатынастың ең әуелі тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етуді басты шарт ретінде ұстанды. Нәтижесінде, Алтын Орда билеушілері әлемді басқарудың жаңа негізін қалады. Бұл пайым Жошы ұлысы туралы жазылған жоғарыдағы жаңа туындыда тарқатылыпты. Яғни кітапта: Шыңғыс қаған мұрагерлері өз иеліктерін көркейту арқылы территориясы Орта Азиядан басталған, Шығыс Еуропа мен Сібір даласын қамтыған классикалық көшпелілер ұлысын құра алғаны жазылған.

Алтын Орда билеушілері ұлыс басқару ісінде өздеріне бағынышты этностардың ұлттық һәм діни ерек­шелігіне қатты мән берген. Баз бір тарихшылар айтып жүргендей, «атқа мініп, садақ асынған» жабайылар емес екенін дәлелдейді автор. Тіпті орда­лықтардың қоғамды біріктіру үлгісі мен ел басқарудағы әдіс-тәсілдерін әлемдік үлгі ретінде тануға болатынын, қазіргі Ресей мен Орталық Азия мемлекеттерінің ұлыстық тарихы Алтын Ордадан бастау алатынын автор дәлел-дәйекпен жазыпты.

 Біз бұл туынды хақында жуықта моңғол тілінде жарық көрген сұхбат­тарды шолып отырып, ресейлік әріп­тесіміздің: «Сіз осы кітапты жазу барысында Алтын Орда тарихына қатысты бұрын ашыққа шықпаған қандай құндылықтарды байқадыңыз?» ­деген сұрағына берген жауабын байқап қалдық. Әрі бұл сұрақ қазір екінің бірінің көкейінде жүргені де анық. Жауап былай деп беріліпті:

 – Тарихшылар көп айтатын орта­ғасырлық моңғол шапқыншылығы негізінде пайда болған ірі ұлыстың бірі – Алтын Орда екені анық. Оның территориясын қазіргі география­лық тұрғыдан қарастырсақ, Украина, Бұлғар, Молдавия, Әзербайжан, Гүржстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Татарстан, Қырым, Ресей аумағын қамтығаны анық. Сол себепті Алтын Орда тарихының бас­ты құндылығы – оның территория­лық тұтастығы мен әділетті әкімші­лік жүйе жасай алуы. Тарқатып айтар болсам, олардың бұған дейінгі көшпелі тұрмысы табиғи сұрыпталу­ға негізделген әділетті қоғам болатын. Осы үрдісті олар отырықшы халықтың таным-тұрмысына сәй­кестендіре алды. Ордалықтардың осы құндылығы – болашақ үшін үлгі болатын ұлыс басқарудың кемел тетігі. Бізде «тарих қайталанады» деген ұғым бар. Өз басым бұған қосылмаймын. Себебі тарихи оқиғалар пайда болған қоғам басқа, түсінік басқа, әдет басқа, философиялық мағына басқа дегендей, – деп түйіндепті.

Сондай-ақ тың туындыда Алтын Орда ұлы­сы­ның тарихын зерт­теу­шілер аңғара бер­мейтін бір мәселе бар. Мысалы, Ұлық ұлыспен қатар им­пе­рияның оңтүстік ше­бін­де Шағатай, Елхан мем­лекеттері, қазіргі қытай жерінде Юань хандығы қатар өмір сүріп жатты. Бұлардың бәрін Шыңғыс тұқымдары басқарды. Осындағы Юань хандығы мен Елхан елінде ішкі қайшылық орын алған тұста Алтын Орда былқ етпей XV ғасырда тұрақты даму жолына түсті. «Неге бұлай?» деген сұраққа жауап іздеп көрдім» деген ғалым оны былайша түсіндіреді: «Себебі ордалықтар ұлыстың экономикалық ұстынын өте дұрыс қалай алды. Иелігіндегі барлық аймаққа «ашық есік» идеясын енгізді. Осы арқылы Сібірдің тұнып жатқан байлық қорын нарыққа шығарды. Келесі бір айтуға тиіс дүние – Алтын Орда хандары ел басқаруда ілім-білімге сүйенді. Болашақ хандарды ел басқару ісіне дайындайтын мектеп қалыптастырды. Менің көзім жеткен бір дерек – Алтын Орда хандарының көбі жеті-сегіз жұрттың тілін білген», дейді.

Фавэру ханым жазған құнды еңбек­те, айрықша атап өтерлік тың па­йымдар жетерлік. Кейбірін атап айтар болсақ, бұған дейін еуроцентристік көзқарастағы тарихшылар, әсіресе орыстар алтынордалықтар дәуірін «моңғол-татар шапқыншылығы» деп түсініп келді. Әлі күнге осы па­йым жетегінде жүргендер қаншама. Фавэру ханым өз кітабында осы ұғымды дәлел-дерекпен жоққа шығарған. Бұл кісінің пайымы бойынша, ордалықтар орыс князьдықтарының басын қосып, олардың экономикалық, мәдени, саяси мақсаттарына сәйкес қоғам құрып берген. Бұл пікір қазіргі орыс тарихшыларының талғамына сай келмесі анық. Расында, орыс князьдары орда билігіне бағынудан ұтпаса, ұтылған жоқ. Бұған дейінгі қатып қалған қасаң ұстаным «моңғол-татар шапқыншылығы» дейтін мифтен ажырайтын кез келді. Батыс тарихшылары бұл пікірден баяғыда бас тартқаны ­туралы жазыпты Фавэру ханым.

 – Шын мәнінде, алтынордалықтар адам факторын алға шығарды, – деп жазады ғалым. Оның тұжырымдауы­на қарағанда, Алтын Ордаға салық төлейтін, мемлекет қазынасын толтыратын адам керек болды. Яғни орда­­лықтар үшін салық төлеуші қара бұқараны жойып жіберу мақсаты болған емес. Қара халық қаншалық көп болса, салық та қомақты боларын жақсы білді. Қайта олар бағынышты бұқараны еңбек істеуге бұйырды. Бұқара еңбек етсе, ұлыс бай болады. Бұл қарапайым ғана түсінік. Сонымен қатар орда билігі бағынушыларды құлдық кеспірге түсір­ген жоқ. Өйткені қатыгездіктің ақыры бүліншілік туды­ратынын олар жақсы біле­тін. Бұл туралы ұлы қағанның өсиет­тері мен жар­лық-жосындарында айтыл­ған, жа­зылған. Осыны бұлжымас заң деп ұқ­ты. Ордалықтардың еуропалық бас­­қын­­­шылардан айырмашылығы осында.

Орда билеушілерінің тағы бір ұстанымы әрбір адамның сауда-саттық ісімен айналысуына жол ашты. Бағынған халықтардың ежелден өмір сүріп келе жатқан атакәсібін дамытты. Орыс князьдықтарының ең бір дамыған, өркендеген кезі – осы тұс. Жаңадан 40 қала бой көтерді. Қолөнер мен өнеркәсіп дамыды. Әсіресе Берке хан кезі мен одан кейінгі Мөңкетемір ханның тұсында. Өзбек хан билікке келген шамада орыс саудагерлері Генуя, Венеция, Мысыр, Византияға дейін қанат жайды. Алтын Орда билеушілері Батыс тарихшылары көп айтатын «көшпелілер байлық жасаудың жолын білмейді һәм мәдени өресі тар» деген түсінікті жойды, деген екен Мари Фавэру ханым.