Қор нарығы 50 пайызға құлағалы тұр
Американың қор рыногы жақын арада 50 пайызға құлауы мүмкін. Бұл туралы беделді сарапшылар арнайы тұжырымдар жасады. «Біз қор рыногының қазіргі ауыр халі мен сөзсіз құлайтындығына таңғалуға тиіс емеспіз. Мұның өзі біздің күткен нәрсеміз еді», – деді қордың 2008 жылғы дағдарыстың кезінде табыс ставкасына $1 млрд. салуымен аты шыққан хедж-менеджері Марк Спицнагель. «Біз қазір қаржы активінің алып көпіршігі үстінде отырмыз, – деп ескертеді швейцариялық қаржы кеңесшісі және қордың менеджері Марк Фабер. – Оның кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін». Фабер мұның бәріне АҚШ президенті Барак Обама мен федералды резерв жүйесінің ойланбай жүргізіп келе жатқан саясатын кінәлайды. «Олар жеке іскерлерге де, салымшыларға да, сондай-ақ, ата-аналарға да қатты қиянат жасап отыр, енді біздің әке-шешемізге акциялар мен жылжымайтын мүліктерді тықпалап не керегі бар еді?», – деп ашынады ол. Кейбір қауесеттерге қарағанда, төніп келіп қалған апат инвестор Уоррен Баффеттің миллиард долларын да айналып өтпейді. «Уоррен Баффеттің индикаторы» қазір шынында үлкен қауіптің қарсаңында тұрған сияқты. Қор нарығының тарс ете түсуі кез келген сәтте орын ала салуы әбден ықтимал. Мұндай кезде инвесторларға не істеген ләзім? Бірінші нұсқа – өзіңнің барлық акцияларыңды сат та, ақшаңды жастықтың астына тық. Екінші нұсқа – тәуекел етіп, тас жұтып, дауыл дүркіреп өтіп кеткенше, әліптің артын баға тұр. «Алайда, – дейді Absolute Profits-тің негізін қалаушы Шон Хайман осыған орай, – мұның үшінші нұсқасы да бар. Нарықта алдағы апталарда ешқандай қауіп-қатерге ұшырамайтынына кепілдік беруге болатын нақтылы бір секторлар бар. Ақшаны әзірге солай қарай шығара тұру оншалықты қымбатқа түспейді». Хайман неліктен өзінің ойына өзі сенімді болып отыр? Ол Уолл-стриттің құпия күнтізбесінен хабардар. Ол соның арқасында 1968 жылы нарықты 250 пайызға басып озуға қол жеткізген. Ал күнтізбеде 19 инвестиция (рынок секторлары негізінде) мен 38 дата атап көрсетілген. Сіз тек акцияларды қажетті уақытында сатып ала қоясыз да, оларды қажетті уақытында сатып үлгересіз. Осылайша 1 мың долларды жиырма жылдың ішінде 178 мыңға айналдырып аласыз. «Бірақ бұл күнтізбе менің инвестициялық жүйемнің бір бөлігі ғана, – дегенді қосады Хайман. – Менде, сондай-ақ, нарықта кез келген бір айтарлықтай өзгерістердің болғалы жатқанын ескертіп тұруға арналған апат туралы хабар беру жүйесі де бар». Апат туралы хабар беру жүйесін ядролық зымырандардың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі ұшу өрісін есептеп шығарған адамдардың бірі талдап жасаған екен. Олай болса, жүйенің ешбір ақаусыз дәлдікпен жұмыс істеп, көрсететін болжамының деңгейі 100 пайызға барады. Хайманның айтуынша, нарық құлай бастаған кезде апат туралы хабар беру жүйесі инвесторларға акцияларды қолма-қол ақшаларға айырбастайтын кездің жеткенін білдіреді. «Егер сіздерде осы жүйе бар болса, 2000 және 2008 жылдарғы дағдарыстардан ешбір қиындықсыз шығып кеткен болар едіңіздер, – дейді Хайман. – Енді ойланыңыздар, егер сол бір жаппай сатушылыққа ұрынып қалмаған болсаңыздар, қанша ақшаны алып қалар едіңіздер?». Шон Хайманның бұл сөздерін жеңіл-желпі көретіндер де бар. Бірақ ол өзінің алған бағытының ешқашан бұрыс болмағанын ұдайы дәлелдеумен келеді.«Мистральді» Ресейге беруді жақтайды
Француздың қоғамдық пікірлерді зерттеу институты La Tribune газеті берген тапсырыс бойынша жүргізген сауалдама ел тұрғындары 64 пайызының тікұшақ тасымалдаушы екі «Мистральді» Ресейге беруді қолдайтынын көрсетті. Француздардың басым бөлігі президенттің «жаңа өкімі берілгенше» операциясы тоқтап қалған «Мистральді» Ресейге беруді жақтайтынын президент Франсуа Олланд жоққа шығара алмайды. Орыс флоты 2011 жылғы маусымда Францияның DCNS компаниясымен 1,2 млрд. еуроға келісімшартқа отырып, осы тапсырысты берген болатын. Ал өткен аптада Ресей Франциядан әскери кемелерді беруден бас тартудың себебін сұрап, ресми хат жолдады. «Мәселені бұдан әрі қараудың сотқа барып тірелер-тірелмесін шешу үшін француз тарапының әлі де ойланатын уақыты бар, Ресей бұған жазбаша түрде түсініктеме алуы тиіс», – делінген осыған байланысты жолданған сұраныста. Ал ел тұрғындары екі «Мистральді» Ресейге беру керек екеніне еш күмәнданбайды. Олардың басым бөлігі (75%) Францияның Ресей флотына корабльді беруден бас тартуы Украина мен Ресейдің арасындағы жанжалды реттеуге тиімді ықпал жасай алмайды, деп есептейді. «Француз қоғамдық пікірінде бұған байланысты осындай нақтылы ұстаным бар. Ол, әсіресе, жастары 35-тен асқан адамдар арасына кеңінен тараған», – деп атап көрсетеді IFOP қызметкері Дамьен Филиппо. Оның айтуына қарағанда, сұрау салудың нәтижелері жұрттың мәселенің саяси жағына назар аударуды қойғанын көрсетеді. «Респонденттердің 66 пайызы Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынаста соңғы апталарда атап айтарлықтай ештеңенің өзгермегенін білдіргендеріне қарамастан, мұның өзі өте жақсы нәрсе», – деп тағы бір түйіп өтеді маман. Сұрау салынғандардың 77 пайызы тікұшақ тасымалдаушыларды беруден бас тартушылықтың соңы француздың кеме жасаушы зауыттары (DCNS, STX France) мен жұмысшыларды еңбекпен қамтамасыз етуге орасан зор залалын тигізеді. «Бұған қоса, мұның зардаптары қалай болатынын жұрттың өзі біліп отыр», – деген ой тастайды Дамьен Филиппо. Мұндай бірауызды пікірлер ересектер мен жастардың, ерлер мен әйелдердің ойлары бір жерден шығып жатқанын байқатады. Бұдан бөлек, француздардың 72 пайызы мұндай әрекеттің француздың күллі қорғаныс өнеркәсібіндегі жұмыстарына зиянын тигізіп, коммерциялық келісімдердің орындалуына күмән келтіретінін айтады. Үндістанда Dassault Aviation компаниясы, міне, үш жылдан бері француздардан Rafale сатып алуға әрекет етіп келеді. Бірақ Францияның «Мистральге» байланысты ұстанып отырған саясаты әрбір жолы үнділіктерді тоқтатып қойып жүр. «Үндістанның ресейлік әріптестерінің бәрі бізді сенімсіз кәсіпорын ретінде көрсетеді. Ағылшындардың айтатындары да осы», – деп мәлімдеді таяуда сенаторлармен кездесуі кезінде қорғаныс министрлігі жоғары лауазымды тұлғаларының бірі генерал Лоран Колле-Бийон. Дәл осындай пікірді сұралғандардың 69 пайызы да білдіреді. Респонденттердің 56 пайызы мұның Францияның халықаралық деңгейдегі беделіне де нұқсан келтіретінін айтады.Юаньның оффшорлық орталығы ашылады
Қытай мен Швейцарияның орталық банктері 21 қаңтар күні Цюрихте юаньның оффшорлық орталығын ашу жөніндегі келісімге қол қойды. Орталық әлем нарығына Қытай валютасын кеңінен тартуға және Еуропада юаньмен есеп айырысушылық көлемін арттыруға ықпал ететін болады. Екі ел банк басшыларының түйінді келісімге қол қоюлары ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның Швейцарияға Давоста өтіп жатқан Бүкіләлемдік экономикалық форумға қатысу үшін келген сапары барысында жүзеге асты. «Ли Кэцян өзінің Швейцарияға сапары барысында Цюрихтен юань оффшорлық орталығын ашу жөнінде жоспарлары бар екенін мәлімдеді, – деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі. – Енді қол жеткен келісімдерге сай, Қытай бұл үшін Швейцария тарапына 50 млрд. юань ($8 млрд.) көлемінде квота беретін болады». Аталмыш қадам QFII (Qualified Foreign Institutional Investor) бағдарламасы шеңберінде, континеттік Қытайдағы биржаларда акциялар саудасын жүргізетін шетелдік инвесторлардың оизенциялары бойынша қолға алынып отыр. Мұндай юань оффшорлық орталықтары қазіргі күндері Гонконг пен Лондонда жұмыс істеп тұр. 2014 жылғы шілдеде КХР мен Швейцария банктері екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту үшін 150 млрд. юань ($24 млрд.) көлемінде валюталық своп жасау туралы келісімге қол қойған еді. «Қытай валютасының 2014 жылғы трансшекаралық төлемі ауқымы 9,95 трлн. юаньды ($1,6 трлн.) құрады», – деп жазады Қытай халық банкіне бағынышты Financial News газеті. «Қазіргі таңда әлемде юаньмен сауда жасайтын 14 халықаралық орталық бар», – деп атап өтілген аталмыш басылым мақаласында.Күшті доллар да соққы болып тиеді
Әлемдік валюта бағамының соңғы кездері күрт өсе түсуінен Америка компаниялары мен ритейлерлері айтарлықтай салмақты зардаптар шеге бастады. Бұл туралы Газета.Ru хабарлады. «Ұлттық валютаның күшеюінен шетелдерде сатқан заттарыңнан түсетін қаржының көлемі азаяды, ол өз кезегінде компанияның жалпы таза табысының көлеміне соққы болып тиеді», – деп жазады осы орайда АҚШ-тың The Wall Street Journal газеті. Бұған қоса, жақын келешектерде АҚШ-тағы көптеген клиенттердің шетелдер компанияларына қарай бұрылып кетулеріне апарып соқтырады. Бұдан бірінші кезекте Америка косметология саласының компаниялары зардап шегеді. Айталық, осы кезге дейін өз тауарының 88 пайызын шетелдерде сатып келген Avon Products Inc оның бағасын доллардың бағамымен бірдей үздіксіз көтеріп отыра алмайды. Мұны, әсіресе, жергілікті реалы соңғы үш жылда доллармен салыстырғанда 50 пайызға арзандап қалған, компанияға көп табыс әкеліп тұрған Бразилия нарығында, тіпті, орталық банктің ставканы көтергеніне қарамастан, қолдана алмайсыз. Нәтижесінде Еуропадағы бәсекелестер Бразилиядан да, бірқатар басқа аймақтардан да өзінің үлесін алатындай дәрежеге келіп, баға жағынан айтарлықтай басымдыққа қол жеткізеді. Avon компаниясының бас директоры Шери Маккойдың айтуынша, Бразилия бұлардың сататын тауарларының бестен бір бөлігін алып отырады. Ал қалған танымал нарықтар қатарында Ресей, Аргентина, Польша және Оңтүстік Африка бар. Доллар бағамының өсуіне байланысты компания осы елдерге шығарылатын өнімдерінің бағасын да көтерген. Бірақ 2014 жылдың үшінші тоқсанында сатылған өнімдер жалпы көлемінің 8 пайызға азайғаны байқалған. Мұндай проблемалар АҚШ-тың косметика шығаратын Johnson & Johnson компаниясының да басында бар. Ал мұхиттың арғы жағына туристік сапармен барып қайту Еуропаның орта табысты адамдары үшін тек түске ғана кіретін арманға айналып бара жатыр. Мұндай серуенді енді жұрттың қалтасы көтере бермейді. Дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».