Аймақтар • 02 Тамыз, 2024

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін азамат

180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иә, «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген қазақ атамыздың сөзі бар. Көптеген замандастың көңілінен кетпейтін, көпшілік арасында «алтын қолды дәрігер» атанған арлы да дегдар азаматтың өмірден озғанына 40 күнге таяп қалыпты. Ол – дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, республикамыздың хирургтер қауымдастығының төрағасы Манас Ахметжарұлы Сейсембаев.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін азамат

Манас Ахметжарұлы ту сонау бала кезінен денсаулық сақшысы, ақ желеңді абзал жан, дәрігер болуды армандап, алдына мақсат қойған еді. Мектепті тәмамдап, орта білім аттестаты қолына тиісі­мен еш ойланбастан Семей медицина институтының емдеу факультетіне құжаттарын тапсырып, емтихандардан сәтті өтіп, студент атанды. Уақыттың қадірін білетін ол әр күнін, әр айын, әр жылын тиімді пайдалана біліп, тұла бойына білім жиды. Институтты үздік бітірген оған физиология, топографиялық анатомия немесе патологиялық анатомия кафедраларының бірінде стажер болуды ұсынды. Бірақ ол: «Жоқ, мен хирург болып, шынайы шипагер болып, науқас адамдарды емдегім келеді, білімімді солар­дың денсаулығын сақтауға жұмсағым келеді» деп кесіп айтып, жолдамамен Шығыстағы Үл­кен Нарын аудандық ауруханасына хирург болып орналасып, 50 жылдан аса мезгілге жалғасқан дәрігерлік жауапкершілігі мол қиын да қызықты еңбек жолын бастап кетті.

Жас хирург күн демей, түн демей, уақытпен ешбір санаспай, жұмыс барысында ұйқысыз өткен талай түндерді басынан кешіріп, тер төге жүріп хирургияның қыры мен сырын терең меңгеруге талпынып, тәжірибе жинады. Көп уақыт өтпей-ақ адал еңбегінің арқасында ел арасында «қолы жеңіл хирург», «адамгершілігі мол азамат» атанды, бөлімше меңгерушілігіне тағайындалды. Сөйтіп, қарбалас тірлікпен арпалысып жүргенде сырғып төрт жыл өте шығады. Жас дәрігер болашағына ой жүгіртіп, келешекте хирургиялық шеберлігімді арттырып, білікті­лігімді же­тілдірсем, айтулы хирургтермен иық тіресе қызмет етсем деген арман-мақсатпен еліміз­дің сол жылдардағы астанасы Ал­матыға келеді. Мұнда оны құшақ жая қарсы алатын «көкесі мен жәкесі» жоқ еді. Қалалық орталық ауруханаға кезекші хирург болып орналасып, тынымсыз еңбекке жан-тәнімен араласып кетті.

1980 жылы А.Н.Сызғанов атын­дағы клиникалық және экс­пе­рименталдық хирургия инс­титутына кіші ғылыми қыз­меткер болып қызметке ауысты. Ізденімпаздығы мен еңбекке деген қабілеті арқылы ол академик Мұхтар Әлиевтің қолдауымен 1988 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 1990 жылы бауыр, өт жолдары және ұйқы безі хирургия­сы бөлімшесінің меңгерушісі болып бекітілді. Институттың бір топ қыз­мет­керінің құрамында ол елі­мізде алғашқылардың бірі болып бауыр мен ұйқы безі ағзасын алмас­тыру операциясына қатысып, отандық хирургия көкжиегін кеңейте түсті. 1995 жылы өт жолдарына жаңа, тиімді операция тәсілдерін енгізу тақырыбымен докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Оның енгізген жаңашыл тәсілдерін республика хирургтері өз практикаларына енгізіп, мың­даған науқас тиімді ем қабылдады, ауруларынан құлан-таза айықты.

1999 жылы белгілі хирург, академик М.Әлиевпен және бір топ әріптесімен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Оған еңбек етіп жүрген ұжым үлкен сенім білдіріп, А.Н.Сыз­ғанов атындағы Ұлттық хирургия ғы­лыми орталығына директор етіп сайлап, зейнет жасына жет­кенше, яғни 5 жыл абыроймен беріле еңбек етті. Қолдан келгенше заман талабына сай хи­рургияның жаңа технология­лары мен медицинаның заманауи жетістіктерін практикаға ен­гізіп, еліміздің хирургия саласын биіктерге көтеруге аянбай үлес қосты. Басылымдарда 450-ден аса ғылыми мақала жа­риялап, бірнеше монография шығарды, авторлық куәліктер мен патенттерге ие болды. Шәкірттер даярлауға да елеулі үлес қосты: оның жетекшілігімен 7 докторлық, 15 кандидаттық диссертация қор­ғалды. Олар бүгінде еліміздің әр түк­пірінде, әртүрлі клиникада жемісті қызмет етіп жүр. Ұстаз-тәлімгерлеріне деген шексіз сүйіспеншілігін, ризашылығын әркез білдіріп отырады.

Профессор М.Сейсембаев әріп­тестерінің құрметіне бө­ленді, еліміздің хирургтер қа­уым­дастығының белсенді бас­шысы бола жүріп көптеген ин­но­вациялық жаңалық енгізді. Ол еңбекпен келген атақ пен абы­ройын саудаға салуды, жетіс­тіктерін міндет етіп, елге сіңір­ген еңбегін салмақтауды біл­мей­тін қарапайым, кіші­пейіл, сабырлы мінезімен, іскер­лігі­мен, мамандығына деген сүйіспен­шілігімен көпке үлгі бола білді. Алдына не мәселемен келген адам болмасын оған барынша на­зар ауда­рып, бар ынтасымен қол­ұшын беруге, көмек көрсетуге дайын тұратын біртуар азамат еді.

Өзі таңдаған мамандығына адал ғалым-дәрігер Манас Ах­мет­жарұлының операция жа­саған сәттерін көрдік, оның ба­тылдығын, хи­рургиялық шебер­лігіне талай рет куә болдық. Шаршау, шалдығу дегенді біл­мейтініне таңғалушы едік. Хирургиялық күрделі сәт­терде түн болсын, күн болсын телефонмен байланысып, талай рет ақыл-кеңес алғанымызды да қалай ұмытайық. Қиналған қиын шақтарда көмек сұрасақ, еш қабақ шытпай, ренжімей же­дел санитарлық авиациямен ұшып келіп, бірігіп операция жасаған сәттері әлі де көз алдымызда. Ол «Біз академик, Халық қаһарманы Мұхтар Әлиевтің шекпенінен шыққан хирургтерміз» дегенді жиі мақтанышпен қайталайтын. Өйткені ол ұстазына адал болды, оның халқы алдында, өз ұлты алдында атқарған істеріне құр­метпен қарады.

Өкініштісі, мыңдаған адамның өміріне араша бола жүріп, мың­даған науқасқа шапағаты тиген, бар тәнімен жұмыс-жұмыс деп жүріп, өз денсаулығына сызат түсіріп, кенеттен «келместің кемесіне» отырып кеткені. Алла алдынан жа­рылқасын! Жақсы адамдар есімі, олар­дың халыққа көрсеткен қыз­меті, еліне сіңірген еңбегі жадымыз­да ұзақ жыл сақтала бергей!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының

докторы, профессор

 

Тараз